2025 жылғы 9 маусымдағы сауда-саттықтың қорытындысы
Дүйсенбі күні инвесторлар таңертеңнен бастап Лондонда сауда және тариф мәселесі бойынша Америка-Қытай арасында келіссөз өтеді деген ақпараттың шығуына орай нарық сілкінеді деп алаңдады. Көпшілігі тарифке байланысты ағымдағы жағдайды анық ететін қандай да бір нәтиже бірден шығады деп күткен еді. Алайда дүйсенбі өтті, бірақ аталмыш келіссөздің немен аяқталғаны туралы қосымша ақпарат сол күйі шыққан жоқ. Сөйтіп күні бойы хабар күтумен болған нарыққа қатысушылар не істерін – бағалы қағаздарды сатарын, не сатып аларын білмей, «құралақан» қалды. Нәтижесінде дүйсенбі күнгі сауда-саттық еш қызықсыз, еш шабытсыз өтті. Бұл күннің соңында индекстердің жағдайынан көрініс тапты да. Бір күннің ішінде 0,00% өзгерген Dow Jones (DJI) көгілдір фишкалар индексінің нәтижесі бұл ахуалдан хабар беріп тұр. Нөлдің аты нөл! Америка нарығының негізгі бенчмаркы – S&P500 (SPX) индексі жұмадағы нәтижесіне +0,09% қосып, бұл күнді біршама жақсырақ аяқтады. Ал бір күнде +0,31% өскен NASDAQ Composite (IXIC) жоғары технологиялы компаниялар индексі дүйсенбідегі жағдайды ескергенде өте жақсы көрсеткішке жетті.
Соңғысында өсудің негізгі драйверлері бір күнде капиталдануына 5% дерлік қосқан Advanced Micro Devices (AMD,+4,77%) бастап отырған чип компанияларының акциялары болды.
Негізі, AMD қағаздары жасанды интеллект (ЖИ) чиптері бизнесінде «ұйқыдағы» ең керемет акция болуы мүмкін. Бұл компанияның акциялары бұған дейін өткен жылдағы ең үлкен көрсеткішпен салыстырғанда 50% дерлік құлдырады. Бірақ қазір инвесторлар AMD жасанды интеллект чиптері секторында топ жарып, NVidia (NVDA) акцияларына қарсы келеді деп сеніп отырған сияқты.
Деректерді өңдеу орталықтары саласындағы AMD бизнесі қарқын алып жатыр. Жасанды интеллектіге бағдарланған сегменттегі кіріс бірінші тоқсанда 57% өсіп, $3,7 млрд. жетті, бұл EPYC орталық процессорлары (CPU) мен Instinct графикалық процессорлары (GPU) франшизасының өсуіне байланысты болып отырған жағдай. Осы серпінге қосымша, AMD компаниясы жасанды интеллект дәуірінде жақсырақ жайғастыру үшін портфелін қайта ұйымдастыру бағытында бірқатар қадам жасауға кірісті.
AMD компаниясы жартылай өткізгіштер бизнесінің ауқымын кеңейте отырып, тіреу шешімдерін және өнімділігі жоғары жүйелерді әзірлеу жағынан көмектесу үшін бірінші тоқсанда 4,9 млрд. АҚШ долларына ZT Systems компаниясын сатып алды. Осындай қадам жасаған AMD Sanmina серверлерін өндіру бизнесін 3 миллиард долларға сататынын және одан әрі де өндіріске емес, дизайнға ден қоятынын мәлімдеді. AMD осы орайда «жасанды интеллектіге қатысты тіреу шешімдерін жобалау және клиенттерге қолдау көрсету тәжірибесі» ZT Systems компаниясының еншісінде деп таныды.
Бұл AMD компаниясы жасанды интеллект саласындағы амбициясын ілгерілету үшін жасаған жалғыз мәміле емес. Компания жаңа ғана ЖИ бағдарламалық жасақтамасын әртүрлі аппараттық платформаларда жұмыс істететуге көмектесетін Brium технологиялық компаниясын сатып алғанын жариялады. Бұл қадам да AMD компаниясының Nvidia-мен жақсырақ бәсекелесуіне көмектесуі керек, өйткені жасанды интеллектінің жұмыс жүктемелері әдетте Nvidia компаниясының CUDA бағдарламалау экожүйесіне оңтайландырылған. Өзіміз көріп отырғанымыздай, ЖИ-ге қатысты технологиялар бір орында тұрмай, қарқынмен дамып келеді.
Қазақстандық инвесторлар AMD акцияларын, сондай-ақ көптеген басқа акцияны да ITS алаңынан алуына болатынын айта кетейік.
ITS тобы индекстеріне келетін болсақ, мұнда инвесторларды қуантатын жақсы жаңалық бар. ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі екінші күн қатарынан тарихи максимумын жаңартып жатыр. Егер өткен жұма күні ол нарық жабылғандағы максимумын ғана жаңартқан болса, дүйсенбіде нарық жабылғандағы тарихи максимумы да, оның абсолютті мәні де қайта жазылды. Әрине, оның өсуі көп емес – небары төрттен бір пайыз, бірақ максимумын жаңартуының өзі барлық инвесторды және ең алдымен осы индекс бойынша ETF акцияларын сатып алғандарды қуантуы керек.
ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексі де «әріптесінен» қалып кетпеуге тырысып, бір күнде +0,4% қосты. Бірақ ол тарихи максимумынан әлі алыс, оған жету үшін тағы 3% дерлік қосуы керек. Дегенмен, егер нарықта осындай жақсы көңіл-күй сақталса, ITSS индексінің тез шарықтап өсуі мүмкін екені қуантады. Инвесторлар қазір тәуекелге баруға ынталы екені анық. Мұны, мысалы, табыстылығы жағынан ITSS индексіндегі үздік акциялардың бірінші бестігі – AMD, TSLA, QCOM, TXN және ORCL сияқты жетекші технологиялық компаниялардың акциялары екендігі айғақтайды. Мұның көңілге сенім ұялатыны сөзсіз.
Алайда, қазір біздің көріп отырғанымыз – дауыл алдындағы тыныштық. Дауыл осы аптада, тұтынушылық инфляция бойынша деректер жарияланатын және АҚШ пен Қытай арасындағы келіссөздің нәтижесі туралы ақпарат шыққан кезде басталады. Сондықтан еш босаңсымай, сақадай сай болғанымыз дұрыс.