2025 жылғы 10 наурыздағы сауда-саттықтың қорытындысы
Panic sell-off. Дүрбелең жағдайдағы жаппай сату туралы білгіңіз келгеннің бәрін өткен дүйсенбі, 10 наурызда көрген боларсыз. Нарық міне 3 аптаға жуық уақыт төменге құлдырап барады. Бірақ осы кезге дейін бұл бірқалыпты төмен жылжу еді, құрдымға құлаудың белгісі жоқ болатын. Тіпті кешегі 3 пайызға жуықтаған құлдырауды есепке алсақ, Америка нарығының негізгі бенчмаркы S&P500 индексі 19 ақпанда жеткен тарихи максимумынан 10%-ға жетер-жетпес шамаға төмендеді. Шын мәнінде бұл әлі де құлау емес, қыстан кейін ұйқыдан оянған биржа «аюлары» үшін жеңіл жаттығу ғана десек, келісетін шығарсыз. Бірақ сонда да қорқынышты. Әсіресе, кешегідей дүйсенбіден кейін үрейлі. Және де ең бастысы, нарықтың құлауына қандай да бір нақты себеп болған жоқ. Нарыққа қатысушылар таңертеңнен бастап тәуекел жоғары, ал сауда соғыстары Америка экономикасын рецессияға әкеп соқтыруы мүмкін, сондықтан бәрін сату керек деп шешті. Керек деген соң керек… Сөйтіп бәрі құрдымға құлай бастады. Әлбетте, басты соққы соңғы уақытта ең жоғары өсім көрсеткен компаниялардың акцияларына тиді. Бұл қай компаниялар екенін түсіну үшін көріпкелге барудың түк те қажеті жоқ. Әрине, бұл «Тамаша жетілік» болды. Бұл бір. Бұл бүкіл «бигтех», соның ішінде жасанды интеллект хайпына белгілі бір дәрежеде қатысы бар барлық компаниялар болды. Бұл екі. Бұл бүкіл қаржы компаниялары болды. Бұл үш. Және кешегі күні S&P500 индексінде ең нашар атанған Tesla (TSLA,-15,43%) акцияларын жеке атап өту керек. Бұл төрт. Кешегі күннің қорытындысы бойынша нарық осындай мүшкіл халде.
Кеше қандай да бір сұраныс байқалған бірден-бір секторлар – коммуналдық және энергетикалық сектор. Бір күнде коммуналдық компаниялардың акциялары орташа есеппен +0,45% жоғарылады, ал мұнай-газ компанияларының акциялары орташа есеппен +0,28% өсті.
Мұның бәрі индекстерге ауыр тиді, сондықтан біз, әлбетте, 2025 жылдың ең нашар күнін көрдік. Әрине, ең қиын жағдайға ұшыраған NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексі екені анық, ол әп-сәтте өз құнының 4 пайызын жоғалтты. Насдактың ағалары – Dow Jones (DJIA-30) индексі мен S&P500 кең нарық индексінің шығыны, әрине, азырақ болды, бірақ оның көлемі әйтсе де айтарлықтай үлкен – тиісінше -2,08% және -2,70%.
Дүрбелең жағдайында орын алған жаппай сату толқыны ITS индекстер тобына да әсер еткені сөзсіз. Осы орайда егер өткен аптада Қытай компаниялары акцияларының бағасының өсуі есебінен ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексінің американдық компаниялар акцияларының сатылымына төтеп беруге шамасы келген болса, қазір, өкінішке орай, сатылымға қарсы қоятын ештеңе жоқ. Бұл индекске кіретін 50 компанияның тек 4-інің ғана акциялары күнді плюспен жапты. Бірақ кеше ғана Apple (AAPL,-4,85%) және Nvidia (NVDA,-5,07%) компаниялары жиынтығында капиталдануының 750 млрд. долларынынан айырылған жағдайда оған қарсы не істеуге болады? Сондықтан ITSW индексінің -3,37% төмендеуі заңдылық. Портфелінде тек қана американдық компаниялардың акциялары кіретін ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексі одан да көп (- 4,2%) жоғалтты. Әлбетте, американдық нарықта жаппай сатылым болып жатқан бұл жағдайда әжептәуір нәтижеге болады деп үміттену орынсыз сияқты.
Ендеше, өткен дүйсенбідегі жағдай инвесторлардың жанына (және шоттарына!!!) қатты батты. Бірақ бұған қарап бәрі бітті, бәрін шұғыл сату керек деп дүрлікпеген жөн. Тіпті осы аптада да нарыққа қатысушылар тұтынушылық инфляция мен бөлшек саудадағы сатылым бойынша макромәлімет тарапынан басқа – әлдеқайда жағымды деп үміттенейік – белгі алуы әбден мүмкін. Біз жоғары құбылмалылық кезеңіне кірдік, сондықтан дүйсенбіде көргендей жаппай сатудан құтылып кету мүмкін емес.