2025 жылғы 12 мамырдағы сауда-саттықтың қорытындысы

Өткен аптаның нәтижесі ауыз толтырып айтуға болмайтын сауда-саттығынан кейін, қазіргісі тамаша басталды деп айтуға болады. Демалыс күндері тариф мәселесіне қатысты Швейцарияда өткен АҚШ пен Қытай арасындағы келіссөздің нәтижелі аяқталғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін инвесторлар рецессия қаупі артта қалады деп үміттеніп, акцияларды саудасы қызған базардағы ыстық бәліш сияқты сатып алуға кірісті. Айта кететіні, кейбір бағалы қағаздарды қоспағанда ғана барлық саланың акцияларына сұраныс болды. Бұл санатқа кірмегендерге бір күнде орташа есеппен -0,92% жоғалтқан коммуналдық компаниялардың «қорғаныш» қағаздары және бір күндегі шығыны болмашы ғана -0,06% жеткен Consumer Defensive саласында жұмыс істейтін компаниялардың акциялары жатады. Экономиканың қалған барлық секторлары күнді сенімді өсумен аяқтады. Ал кейбірі тіпті керемет сенімді өсімін баянды етті. Әлбетте, бұларға жетекші технологиялық және циклдік компаниялардың акциялары жататыны түсінікті. Мұнда орташа өсімнің өзі ғана сәйкесінше +4,64% және +5,35% жетті.

Жалпы алғанда, жетекші американдық индекстер өсті: жоғарылау көрсеткіштері Dow Jones (DJIA-30) индексі бойынша +2,81% басталып, NASDAQ Composite индексі бойынша +4,35% дейін жетті. Америка қор нарығының негізгі бенчмаркы S&P500 индексі +3,26% қосты. Бұған қоса атап өтетіні, күшті өсімге қарамастан, дүйсенбі күнгі сауда-саттық ерекше құбылмалылық жарқылы болмай, бірқалыпты өтті де, сенімді түрде күннің максимум деңгейінде аяқталды. Мұның өзі инвесторлардың акцияларды одан әрі сатып ала бергісі келетінін көрсететін шығар.

ITS тобының индекстері де тамаша нәтиже көрсетті: ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі +2,75% қосқан болса, ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексі 4 пайызға жуық (+3,88%) өсіп одан да жақсы көрсеткішке жетті – бұл тұрғыда ол NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексінен сәл ғана артта қалды. Осы орайда ITSS индексінің құрамындағы 30 компанияның ішіндегі 3-інің акциялары ғана күнді «белгісі теріс аумақта» аяқтады. Оның есесіне кейбір акциялардың өсуі таңғаларлық болды. Мәселен, кеше 6 пайыздан астам (+6,18%) қосқан Apple (AAPL) акциялары тіпті күннің TOP-5 үздік акциялары қатарына да кіре алмады. Бұл факт дәлелдеуді керек етпейді.

ITSS индексінің құрамындағы үздік акцияларға келсек, бұл – индекстің құрамына жақында ғана кіргізілген және кеше бір күннің ішінде ғана капиталдануына 9% жуық (+8,71%) қосқан Texas Instruments (TXN) технологиялық компаниясының акциялары.

Апта енді ғана басталды, демек, алдағы күндері көп маңызды оқиға орын алады. Бірақ қалай болғанда да, президент Трамптың экономикалық саясатының болжап болмайтын сипатына қарамастан, тараптар мен елдердің даулы нәрселерді шешуге тырысып жатқаны және бұл міндетті азды-көпті нәтижемен атқарып жатқаны көңіл көншітеді. Өз кезегінде, бұл инвесторлардың болашаққа зор үмітпен қарауына негіз береді.