2025 жылғы 20 мамырдағы сауда-саттықтың қорытындысы

Сейсенбі күні сауда-саттық басталмай тұрып-ақ көптеген сарапшы инвесторларға үзіліс керек, сондықтан нарықта қандай да бір ерекше оқиға болады деп күтуге еш негіз жоқ деген ортақ пікірде еді. Расында солай болып шықты. Сейсенбінің сауда-саттығы тып-тыныш жағдайда, айтарлықтай құбылмалылық пен эмоциясыз өтті. Таңертең пайда болған орташа дәрежелі келеңсіз ахуал «нарықты тырп еткізбей уысында ұстап отырды», сөйтіп «нарық бұқаларының» сауда сессиясы бойы басын көтеруіне еш мүмкіндігі болмады. Бірақ олар бірдеңе жасауға тырысқан да жоқ. Home Depot (HD, -0,61%) біршама әжептәуір шыққан есептілігінің де жағдайға еш әсері тимеді. Оның есебінде көрсетілген пайда талдаушылардың күткенінен сәл нашарлау болғанымен (бір акцияға шаққанда 3,56 доллар, ал болжам бойынша $3,53), сату көлемі болжанғаннан 600 млн. доллар жоғары шықты. Бірақ «бұқалардың» мұнда да жолы болмады. Home Depot есептілігі шыққаннан кейін оның акцияларының баға белгіленімі шамамен 3% өсті, бірақ сауда-саттықтың соңына таман «нарықтың аюлары» оларды да «сусызықтан» төмен түсірді де, HD акциялары бұл күнді -0,61% шығынмен аяқтады. Сондықтан нарыққа қатысушылардың екінші тоқсанның нәтижесіне орай қатты әрекет жасауы әбден заңды болып көрінеді. Макроэкономикалық жағдай өзгермейінше, Home Depot үшін орташа өсуге көнуден басқа амалы жоқ деуге болады.

Мұндай жағдайда қандай да бір өсу болмайтыны анық еді, сөйтіп американдық индекстер күні бойы флэт қалпында тұрды да, бір пайыздың бірнеше үлесін жоғалтты. Тіпті гонг соғылар алдында «нарық бұқаларының» нар тәуекел деп күш салуы нәтижесіз қалды, сонымен плюске шыға алмаған индекстердің барлығы 0,27% (Dow Jones индексі) – 0,39% (S&P500 индексі) шығынмен жабылды. Осы орайда айта кететіні, сауда-саттық айналымы үлкен болған жоқ, оның шамасы үстіміздегі жылдың ең аз мәніне ғана жетті.

ITS тобының индекстерінде де осыған ұқсас жағдай қалыптасты. Бірақ ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі ешнәрсеге қарамай «алып күш» салып, 1300 тармақ психологиялық белгіні еңсере білді. Сөйтіп ол +0,02% өсті де, символдық болса да плюспен жабылды. Әрине, бұл тарихи максимум емес (оған жетуіне тағы 1,5 пайыздан сәл асырып өсуі керек), бірақ жанға жағымды жағдай екені даусыз. Ал ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексінің шығыны оның американдық «әріптестері» – &P500 және NASDAQ Composite индекстеріне келген залалмен бірдей: -0,38%. Бірақ шынында да, индекстегі үздік акция – Merck & Co (MRK) компаниясының акциясы бір күннің ішінде 1%-ға да жетпейтін шамаға өскен болса, қандай өсу туралы айтуға болады? Айтпақшы, MRK акциялары бір күн бұрын да ең жақсы болғанын атап өту керек. Жалпы, соңғы күндері фармацевтика компанияларының акциялары нарықта жөн сілтеп отыр. Сейсенбі күні ITSS индексіндегі үздік акциялардың алғашқы үштігі толығымен осы акциялардан тұрды (Merck & Co, Johnson & Johnson (JNJ) және Procter and Gamble (PG)).

Ал ITSW индексіне келетін болсақ, мұнда қазір американдық компанияларды жетекші позициядан ығыстырған Еуропа мен Азияның компаниялары көш басында тұр. Сейсенбі күні жаһандық компаниялар индексінде Израильдің Monday.Com Ltd софтвер компаниясының акциялары ең жақсы нәтиже көрсетті (MNDY,+4,13%) – тоқсандық есептілігі тамаша шыққаннан кейін оның бағалы қағаздары міне біп апта бойы өсіп жатыр. Жапонияның электроника өндірушісі Sony Group (SONY,+3,04%) израильдіктерден сәл ғана артта қалды. Sony корпорациясы өзінің тоқсандық есебінде бір акцияға шаққандағы пайдасының мөлшері талдаушылардың болжамынан 30% жоғары екенін (болжам бойынша 17 цент болса, іс жүзінде 22 цент шықты) көрсеткеннен кейін соңғы екі күн бойы оның акциялары да инвесторлардың үлкен сұранысына ие. Көріп отырғанымыздай, қазіргі кезде Америка компаниялары бөгеліп қалса, ITSW индексінің американдық емес компаниялардың акцияларынан жасалған «құтқару белдемшесі» бар. Мұның өзі ITSW индексінің анағұрлым сенімді және тұрақты нәтижеге жетуіне жол ашып отыр. Бұл географиялық әртараптандырудың пайдасы екені даусыз!

Жалпы сейсенбі күнгі сауда-саттықтың қорытындысына қарағанда, нарықта айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Жаңа тарифтердің енгізілуінен туындаған үлкен белгісіздік ешқайда кеткен жоқ, ал АҚШ пен Қытай арасындағы аталмыш тарифтер уақытша төмендетілгеннен кейін өткен аптада орнаған жағымды жағдай біртіндеп мәнін жоғалтты. Өйткені бұл жердегі негізгі сөз - «уақытша». Сондықтан инвесторлар әзірге ары қарай не істеу керектігін шешу үшін асығыстық жасамай, нарықта анағұрлым маңызды және нақты белгінің пайда болуын күтуді жөн көріп отыр.