2025 жылғы 2 маусымдағы сауда-саттықтың қорытындысы

Нарықтың қазіргі беталысы қандай болатынын ешкім білдмейді. Күн сайын түрлі жаңа жұмбақ, ребус пен квест пайда болады, ал оның бәрін инвесторлар көбіне-көп сауда-саттық барысында шешіп жатады. Үстіміздегі аптаның дүйсенбі күнінің бірінші жартысының қорытындысы бойынша жақсылық нышаны байқалмаған сияқты еді. Демалыс күндері ерекше жаман ештеңе орын алмаса да, инвесторлардың көңіл-күйі жабырқау болды. Жалпы нарықтағы жағдай көңіл қуанарлық емес еді, негізгі сауда-саттық сессиясының кішігірім минуспен ашылғаны да содан болса керек. ISM институтының өнеркәсіптік индекс бойынша деректері де жабырқата түсті: сауда-саттық басталғаннан кейін жарты сағаттан соң шыққан бұл деректер осынау ең қызықты көрсеткіштің болжамды 49 тармаққа тоқтамай, 48,5 тармаққа дейін төмендегенін көрсетті.

Әлбетте, осындай ахуалда нарықтың одан әрі құлдырағаны заңдылық. Жұма күнгі сауда-саттық жабыларда индекстердің шығыны әп-сәтте тіпті 1%-ға жақындап қалды. Бір кезде кейбіреулерге нарықтағы ауа-райы мүлдем бұзылғандай болып көрінуі мүмкін еді. Бірақ бұл қате пікір екен. Түстен кейін Президент Трамп пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин жақын арада (осы аптаның аяғына дейін) келіссөз жүргізуі мүмкін деген хабар жетті. Бұл жаңалық нарыққа қатысушыларды жігерлендірген допинг сияқты болды – олар қиындық атаулыны ұмытып, нарықтағы қағаздарды жайлап, бірақ тапжылмай сатып алуға кірісті. Нәтижесінде күннің соңына қарай барлық негізгі американдық индекстер сенімді түрде плюске шықты: Dow Jones (DJIA-30) көгілдір фишкалар индексі бойынша +0,08% қосудан бастап, NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексі бойынша өсімді +0,67% жеткізіп, күнді кішігірім өсіммен аяқтады. Америка нарығының негізгі бенчмаркы саналатын S&P500 индексінің көрсеткіші бір күнде +0,41% қосып, әдеттегідей, осы цифрлардың ортасындағы орынды иеленді. Жақсылық жер мен көктің арасында деп инвесторлардың арқа-басы кеңіді.

ITS тобының индекстері де американдық «әріптестерінен» қалыспауға тырысып, күнді бірдей +0,6% өсіммен аяқтады. Осы орайда ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі баяу да болса, өзінің тарихи максимумына өте жақындап қалды – оған жетуіне 1%-ға жетер-жетпес өсу керек. Ендеше, жағдай қолайлы қалыптасса, осы аптада ATH (all time high) индексінің жаңаруын көруіміз әбден мүмкін.

Осы орайда дүйсенбі күні ITSW индексінде өсудің негізгі драйвері баршамыз білетін қазақстандық компания Kaspi.kz акциялары болды (KSPI,+3,80%), олар Meta Platforms (META,+3,62%) акцияларынан да, Израильдің екі алыбы – CyberArk Software Ltd (CYBR,+2,89%) софтвер компаниясы мен аса әйгілі фармацевтика компаниясы Teva Pharmaceutical Industries Ltd. (TEVA,+2,86%) акцияларынан да басып озды. Қазақстан, алға! Бәрекелді!

Нарықтың және бұл ретте ITSW индексінің ғана емес, сонымен қатар барлық басқа индекстердің өсуіне Alphabet (GOOGL,-1,58%) компаниясының акциялары кедергі болды, дұйсенбі күні олар компания өзінің ең табысты бөлімшесі – Google Chrome іздеу жүйесін сатып жіберуі мүмкін деген қорқыныштан сатушылардың қысымына ұшырады. Жүйенің 4 млрд. пайдаланушысы бар және компания пайдасының 35% оның еншісінде.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың тамызында Google компаниясы АҚШ Әділет министрлігіне қарсы өте маңызды монополияға қарсы сот процесінде жеңілді. Судья Mehta (Мехта) технологиялық алпауытты іздеу жүйелері нарығын, атап айтқанда, іздеу нәтижелері бетінің жоғарғы жағында пайда болатын «жалпы іздеу» және «жалпы іздеу мәтіні» жарнамалары нарықтарына монополия орнатуға кінәлі деп таныды. Өткен аптаның жұмасында Google және Әділет министрлігі істің қорғау кезеңінде қорытынды аргумент келтіруді аяқтады. Әділет министрлігі судья Mehta Google компаниясын Chrome веб-браузерінен бас тартуға және іздеу деректерін бәсекелестерімен бөлісуге, сондай-ақ мобильді құрылғылар мен браузерлерде әдепкі бойынша Google іздеу жүйесін қамтамасыз ететін өзінің эксклюзивтілік келісімдеріне тыйым салуға мәжбүрлеуі керек деп есептейді.

Сарапшылардың пікірінше, егер іс осылай шешілсе, Alphabet компаниясының акциялары әп-сәтте 15-25 пайыз арзандауы мүмкін, бұл компания үшін жойқан апатпен бірдей болады. Әзірге мұның ықтималдығы аса жоғары емес, бірақ инвесторлар істің нәтижесі осылай болуы мүмкін деп қорқа бастағанын өзіміз көріп отырмыз.

Жалпы, дүйсенбі күнгі сауда-саттық қандай да бір оқыс оқиғасыз, қалыптасқан жағдай шеңберінде өткенін атап өту керек. Нарықта әлі де белгісіздік көп, сондықтан инвесторлар арасында күйгелену және тартыншақтық белгілері қатты байқалады. Осындай жағдайда нарықтың еншәрсеге қарамастан, «аяғын қыбырлап басып» ақырындап жоғарылап жатқаны ғана қуантады. Өз кезегінде бұл нарыққа қатысушыларда өшпес оптимизм бар екенін айғақтайды.