Naryk.kz: Нарыққа апталық шолу: үздіктер қатарында бірде-бір технологиялық компания жоқ

Өткен апта бірқатар ерекше нәтижемен есте қалды. Биыл алғаш рет S&P 500 индексіндегі үздік он компания қатарына бірде-бір технологиялық компания кірген жоқ. Мұндай жағдай нарықтағы белгілі бір өзгерістердің белгісі саналады, деп жазады нарыққа апталық шолуында ITS биржасы сарапшылары.

Апта көшбасшысы болып ауыл шаруашылығы саласындағы Bunge Global SA (BG) компаниясы танылды. Оның акциялары жыл басынан бері 25% өссе, соның 20%-ы тек соңғы аптада тіркелді. Дегенмен, Bunge акцияларының өсуі кездейсоқ емес. Бұған бірнеше фактор ықпал етті. Біріншіден, компания Viterra компаниясымен бірігу нәтижесінде жаңартылған қаржылық болжамын ұсынды. Инвесторлар күткендей, пайда көрсеткіші айтарлықтай төмендеген жоқ. Болжам бойынша бірігудің әсері шамамен 4% көлемінде ғана болады, бұл 65 млн жаңа акция шығарылғанына қарамастан өте аз көрсеткіш саналады.

Үшінші тоқсаннан бастап Bunge өз қызметін төрт сегмент бойынша ұсынатын болады: сояны өңдеу және тазарту, жұмсақ тұқымдарды өңдеу және тазарту, басқа да майлы дақылдарды өңдеу және тазарту, астық саудасы және ұнтақтау.

Сондай-ақ, 2025 жылға арналған түзетілген акцияға шаққандағы пайда бойынша болжам 7,30–7,60 доллар аралығында қайта қаралды. Бұл көрсеткіш бұған дейінгі сарапшылар болжамына (7,75 доллар) шамалас, бірақ ол кезде Viterra-мен бірігу ескерілмеген еді (мәміле 2 шілдеде аяқталған).

Акциялардың көтерілуіне әсер еткен тағы бір фактор — Дональд Трамптың мәлімдемесі. Ол Truth Social платформасында Қытайдан пайдаланылған өсімдік майын экспорттауға тыйым салу туралы жазба жариялағаннан кейін, ауыл шаруашылығы компанияларының акциялары күрт өсті. Себебі бұл май жаңартылатын отын өндірісінде маңызды шикізат саналады.

Апта қорытындысында ерекше назар аудартқан тағы бір компания — Keurig Dr Pepper Inc (KDP). Оның басты өнімі — әлемге әйгілі Dr Pepper сусыны.

Keurig Dr Pepper 2018 жылы кофеге арналған инновациялық компания Keurig Green Mountain мен газдалған сусын өндірушісі Dr Pepper Snapple Group бірігуінен пайда болған. Қазіргі таңда компанияның 125-тен астам жеке және серіктес брендтері бар, олардың қатарында 7UP, Snapple, Mott’s, Canada Dry, Green Mountain Coffee және басқалары бар.

Алайда биыл бұл компания инвесторлардың назарына басқа себеппен түсті. 25 тамызда Keurig Dr Pepper нидерландтық JDE Peet’s компаниясын 18,4 млрд долларға сатып алатынын және екі бөлек жария компанияға бөлінетінін хабарлаған соң, оның акциялары күрт арзандады.

Бөліну нәтижесінде екі компания пайда болады: Global Coffee Co. — кофеге қатысты бизнес бағыттарын біріктіреді, Beverage Co. — Dr Pepper және Snapple сияқты газдалған сусын брендтерін қамтиды. Кейбір инвесторлар Keurig Dr Pepper компаниясы JDE Peet’s үшін 33% үстеме ақы төлеп, шамадан тыс қаржылық қысымға түсуі мүмкін деп алаңдады.

Дегенмен, кейін жағдай өзгерді. Starboard Value атты белсенді инвестициялық қор компанияның үлесін сатып алғаны белгілі болған соң, инвесторлар KDP акцияларын қайта сатып ала бастады. 27 қазанда компания үшінші тоқсан бойынша есеп бермек, сонда нақты нәтижелер айқын болады.

Апта соңында назар аударған тағы бір компания — Starbucks Corp (SBUX). Бұрын «мейрамхана бизнесінің Apple-і» атанған бұл желі кейінгі жылдары инвесторларын қуанта алмай келеді. Соңғы бес жылда оның акцияларының бағасы төмендеген. Алайда жуырда Starbucks жаңа технологияларды енгізу жоспарын жариялады. Компания AI-бариста жүйесін сынақтан өткізіп, оны тапсырыс жылдамдығын арттыру және қызмет сапасын жақсарту үшін пайдаланбақ. Сондай-ақ, брендті қайта жаңғырту жоспары қабылданбақ.

Компанияның бас директоры Брайан Никкол жасанды интеллект баристаларға жабдықтарды жөндеу, сусын дайындау және тапсырыстарды жедел өңдеуге көмектесетінін айтты. Осы мәлімдемеден кейін Starbucks акцияларының бағасы өсті.

 

© Naryk.kz