Naryk.kz: Нарыққа апталық шолу: инвесторларда таңдау көбейді

Өткен апта қорытындысы бойынша S&P 500 индексіндегі ТОП-10 акцияны қарастырғанда, бірден көзге түсетіні — алғашқы ондықтағы компаниялардың түрлі экономикалық секторлар мен сегменттерді қамтуы. Тек екі компания ғана бір салада жұмыс істейді — олар технологиялық сектор өкілдері. Қалғандары мүлде әртүрлі бизнес салаларында жұмыс істейді, сондықтан оларды не біріктіргені тіпті қызық. Бірақ бұл алуандық — қазіргі өсімнің тар секторлармен шектелмей, бүкіл нарықты қамтып отырғанының дәлелі. Дегенмен, бұл — бүкіл нарық емес, бірақ соған жақын, деп жазады ITS биржасы мамандары нарыққа апталық шолуында.

Күтпеген көшбасшы

Апта қорытындысы бойынша, бірінші орынды күтпеген жерден Invesco Ltd (IVZ) инвестициялық компаниясының акциясы иеленді. Бұл компания әртүрлі бағыттағы көптеген инвестициялық қорлармен (ETF) жұмыс істейді. Оның ішіндегі ең танымалы — NASDAQ 100 индексін қайталайтын QQQ қоры. Апта соңында Invesco компаниясы осы қордың ұйымдастырушылық құрылымын өзгертуді жоспарлап жатқанын хабарлағаннан кейін, оның акциясы 15%-дан астамға өсті.

Компания жұма күні акционерлерден QQQ құрылымын 1999 жылдан бері қолданылып келген бірлескен инвестициялық траст форматынан қазіргі заманғы ашық үлгідегі ETF құрылымына ауыстыруға келісім сұрайтынын айтты. Бұл өзгеріс Invesco-ға тек маркетингтік шығындарды өтеуден бөлек, қордың кірісінен де пайда алуға мүмкіндік береді. Bloomberg дерегі бойынша, басқарудағы активтер көлемі шамамен 355 млрд долларды құрайды және 0,2% шығын коэффицентімен қор жылына 700 млн доллардан астам табыс әкелуі мүмкін. Егер акционерлер жаңа құрылымды мақұлдаса, бұл Invesco үшін елеулі табыс көзіне айналмақ.

«Суперменнің» нарыққа көмегі

Сондай-ақ Warner Bros. Discovery Inc (WBD) компаниясы да инвесторларын қуантты. Оған себеп — Джеймс Ганн түсірген жаңа «Супермен» фильмінің жарыққа шығуы. DC Studios үшін жаңа дәуірдің бастауы болған бұл фильм АҚШ пен Канадада демалыс күндері ішінде 122 млн доллар табыс әкелді.

Marvel Studios (DIS) және Warner Bros. (WBD) бұл жобадан үлкен үміт күткен еді, себебі DC соңғы кездері бірқатар сәтсіз жобаларды бастан кешірген болатын («Джокер: Folie à Deux», «Флэш», «Шазам! Құдайлар қаһары»). Олар үшін бұл — соңғы мүмкіндік еді. Егер «Супермен» әлемдік прокатта 700 млн доллар табыс әкелсе, онда бұл DC фильмдеріне деген сенімді қайта қалпына келтіре алады. Ал керісінше жағдайда, бұл WBD-нің контент стратегиясына қатысты терең сұрақтар туындатып, инвесторлардың шыдамын тағы да сынауы мүмкін.

Әзірге жағдай жағымды сценариймен өрбіп жатыр: «Суперменнің» алғашқы жетістігінен кейін Warner Bros. Discovery акциялары көтеріліп, өткен жылдың соңындағы жергілікті максимумға жетті. Егер осылай жалғаса берсе, бұдан да жоғары көтерілуі ықтимал. Бірақ 2021 жылдың наурызында акция құны 78 доллар болғанын ескерсек, қазіргі бағасы одан 6 есе төмен — толық қалпына келтіру үшін әлі ұзақ жол бар.

Ең табысты компания

Өткен аптада назар аударуға тұрарлық тағы бір компания — Palantir Technologies Inc (PLTR). Бұл компания 2024 жылы S&P500 индексіндегі ең табысты компания болған және қазір жаңа биіктерге ұмтылуда. Акцияға деген сұраныстың артуына Knightscope (KSCP) күзет компаниясының Palantir-мен екі жылдық келісімшартқа отыруы себеп болды. Бұл келісім FedStart бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, Palantir-ге АҚШ-тың федералды агенттіктеріне, әскери нысандарға, шекара қауіпсіздігі мен қоймаларға қызмет көрсету саласында жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, белгілі инвестициялық зерттеу компаниясы Mizuho Palantir акциясының инвестициялық рейтингін «қанағаттанарлықсыз» деген деңгейден «бейтарап» деңгейге көтерді. Бұл да инвесторлардың қызығушылығын оятты. Нәтижесінде PLTR акциясы тарихи максимумға жетіп, жыл басынан бері табыстылық бойынша S&P500 индексінде бірінші орында тұр — +100%!

Қорытындылай келе, аптаның ТОП-10 компанияларының құрамы өте қызықты және инвесторлардың жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді іздеп, сатып алу аясын кеңейтіп жатқанының белгісі. Инвесторлардың қаражаты бар, олар сатып алуға дайын. Бұл өз кезегінде нарықтың өсуін жалғастыруы мүмкін екенін көрсетеді.

 

(c) Naryk.kz https://naryk.kz/news/naryqqa-aptalyq-sholu-investorlarda-tangdau-kobeidi