2025 жылғы 19 мамырдағы сауда-саттықтың қорытындысы

Осы аптаның дүйсенбісі Moody’s рейтинг агенттігінің АҚШ егемендік рейтингін төмендету туралы шешімінен туындаған келеңсіздіктен басталды. Әлбетте, бұл жайт нарыққа қатысушыларды қатты қынжылтты, сөйтіп күннің бірінші жартысында орын алған жаппай сатылымның нәтижесінде барлық американдық индекстер бойынша фьючерстер тіпті 1,5 пайызға дейін шығынға батты. Негізгі сауда-сатттық сессиясы дәл осындай көңіл-күймен ашылғанда өткен апта бойы болған мини-ралли осымен аяқталды деген ой туды. Алайда биржа «бұқаларының» сенімі нық болды. Жақсылықтан үмітті олар сауда сессиясы барысында индекстерді бірте-бірте жоғарырақ деңгейге шығарып, ақыр аяғында финалдық гонг соғылар кезде индекстерді «пәледен құтқарды». Әрине, индекстер болмашы ғана плюске шықты, бірақ жасыл түске боялған индекстер қызыл түске боялғанға қарағанда әлдеқайда жақсы болып көрінеді. Сайып келгенде жетекші фармацевтік компаниялар акцияларының әжептәуір өсуінің арқасында +0,32% қосқан Dow Jones (DJIA-30) индексі бұл күнді бәрінен де жақсы нәтижемен аяқтады. Ал оның «кіші әріптестері» - S&P500 және NASDAQ Composite индекстері ең аз өсіммен шектеліп, тиісінше +0,09 және +0,02 пайыз жоғарылады. Бірақ қалай болғанда да, аталмыш S&P500 индексі осымен қатарынан 6-шы сауда сессиясын плюспен жапты. Бұл кішігірім де болса, жанға жағымды жетістік.

Оның есесіне дүйсенбі күні ITS тобы индекстерінің жағдайды әлдеқайда жақсы болды. Қос индекс – ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі де, ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексі де батыл өсіп, күн аяқталғанда жұма күнгі көрсеткішіне шамамен 1 пайыз қосты (сәйкесінше +0,91% және +0,98%). Осы орайда атап өтетіні, екі индексте де өсудің негізгі драйверлері әр алуан компаниялар болды. Оларға ортақ жалғыз нәрсе – ITSW индексінде де, ITSS индексінде де бірінші орындар медицина компанияларының акцияларына тиесілі. ITSW индексінде бұл сақтандыру медицинасының алпауыты саналатын UnitedHealth (UHN) компаниясының акциялары болды: бір айдан астам уақытқа жалғасқан құлдыраудан кейін ол бір күнде 8 пайыздан астамға (+8,21%) өсіп енді ғана қалпына келе бастады. Ал ITSS индексінде бір күнде бір жарым пайыз (+1,54%) қымбаттаған фармацевтика мейджоры Merck & Co. (MRK) компаниясының акциялары үздік атанды.

Жалпы ITSW индексі бұл жолы да портфелінің географиялық тұрғыдан жақсы әртараптандырылуының барлық жақсы жағын толық көрсетті. Мәселен, дүйсенбінің қорытындысы бойынша үздік акциялардың алғашқы ондығына американдық эмитенттердің ішінен UnitedHealth акцияларынан басқа Microsoft (MSFT,+1,01%) акциялары ғана кірді – оның қағаздары TOP-10 сапындағы соңғы 10-шы орынға орналасты. Бірақ UNH акцияларынан кейін Қазақстанның технологиялық көшбасшысы Kaspi.kz компаниясының (KSPI,+2,51%) акциялары тұрғанын көреміз – бір күннің ішінде ол 2,5 пайыздан астамға қымбаттады. Бұл ондыққа сонымен бірге British American Tobacco Plc ADR (BTI,+2.20), UBS Group AG (UBS,+2,15%) және Еуропа мен Азияның т.б. бірқатар компаниясының акциялары кірді.

ITSS исламдық қағаздар индексіне келер болсақ, мұнда күннің үздік TOP-10 акциясы деген атақ Американың медициналық және технологиялық компанияларының акцияларына теңдей тиесілі. Үздіктер құрамында екеуінің тарапынан 4-ден кірді. Алайда мұнда қатты өсім болған жоқ, негізінен барлық акциялардың жоғарылауы 1%-дан аспады.

Жалпы алғанда, дүйсенбіде американдық индекстер бойынша нәтиженің іс жүзінде нөл деңгейінде болғанына қарамастан, бұл күн жағымды өтті деп мойындауға болады. Инвесторлар рухының беріктігін танытты және өзіміз көріп отырғанымыздай, пайданы сол деңгейде тиянақтау әзірге олардың ойында да жоқ. Нарық біршама мықты болып отыр, демек алдағы уақытта оның одан әрі өсуін көруіміз ықтимал.