2025 жылғы 23 қаңтардағы сауда қорытындысы
3 күндік инаугурациялық өсу кезеңінен кейін көптеген сарапшылар нарыққа кішігірім демалыс қажет деп есептеді. Сондықтан бейсенбінің бірінші жартысы тыныш өтті. Сәрсенбі күні S&P 500 индексі өзінің тарихи максимумын жаңартқан болатын, сондықтан бейсенбі күні біз шағын өзгеріс көруіміз әбден мүмкін еді. Сол себепті болар негізгі сауда сессиясының аздаған минуспен ашылуы ешкімді таңғалдырмады, тіпті алғашқы сағатта бұл негатив аздап күшейгендей көрінді.
Алайда нарық қатысушыларының оптимизмі жеңді. Бұған сауда басталар алдында бүкіл нарық үшін маңызды болып саналатын компаниялар – бұрынғы General Electric, қазіргі GE Aerospace (GE, +6,60%) және жетекші американдық теміржол тасымалдаушысы Union Pacific (UNP, +5,20%) жариялаған тоқсандық есептер ықпал етті.
Сонымен қатар жалпы нарықтағы жағымды жағдайды алғаш рет медицина саласындағы компаниялардың акциялары қолдады. Инвесторлар кенеттен бұл компанияларға назар аударып, олардың биыл әлі өспегенін және артта қалғанын түсінді. Ал артта қалғандарға не істеу керек? Дұрыс, оларды алға шыққандармен теңестіру қажет. Нәтижесінде, кеше денсаулық сақтау секторындағы компаниялардың акциялары күннің үздіктері болды және орташа есеппен 1,24%-ға өсті.
Жалпы, нарық уакыт өткен сайын қарқын алып, сауда күнінің соңына қарай жағдай айтарлықтай жақсарды. Барлық индекстер сенімді түрде «плюске» шықты, ал соңғы 15 минутта финалдық гонгқа дейін шағын серпіліс жасап, S&P 500 индексі өзінің тарихи максимумын жаңартты – әрі абсолютті түрде, әрі сауда сессиясы жабылған кездегі деңгей бойынша. Тіпті күні бойы минуста болған NASDAQ Composite индексі осы фиништік серпілістің арқасында пайдаға шығып, 0,22%-ға өсті.
ITS индекстері бұл процестен шет қалмай, күнді жақсы көрсеткіштермен аяқтады: ITS World (ITSW) ғаламдық нарық индексі – 0,47%, ал ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексі – 0,45% өсім көрсетті. Бір қызығы, бұл индекстерге кешегі негізгі өсім драйверлері болған GE мен UNP акциялары кірмейді, алайда бұл оларға американдық индекстермен салыстырмалы түрде жақсы нәтиже көрсетуге еш кедергі болмады. Жақсы диверсификацияның арқасында ITSW индексінің құрамында американдық нарыққа тәуелді емес өзінің өсу драйверлері табылды. Мысалы, кешегі күні ITSW ғаламдық нарық индексінде көшбасшы болған – жапондық Sony Group компаниясының акциялары (SONY, +2,15%), олар медицина саласының өкілдері United Health (UNH, +1,93%) пен Novartis (NVS, +1,89%) акцияларынан озып түсті.
Айта кету керек, ITS индексінің екеуі де, американдық әріптестері сияқты, өздерінің тарихи максимумдарына жақындап қалды. Егер нарықтағы өсу жалғасын тапса (бұл болуы мүмкін), біз осы деңгейлердің жаңаруын жақын күндері-ақ көре аламыз.