2025 жылғы 21 мамырдағы сауда-саттықтың қорытындысы
Уайым жоқта трежерис уайым болды. Сәрсенбі күнгі сауда-саттықтың нәтижесін осылайша сипаттауға болады. Бюджет заңының жобасын талқылауға және АҚШ-тың ұзақ мерзімді қазынашылық облигацияларының кезекті көлемін орналастыру бойынша алдағы аукционға қатысты аздаған келеңсіздік таңертеңнен бастап байқалды. Бірақ негізгі американдық индекстер бойынша фьючерстер аздап минусқа енгеніне қарамастан, қандай да бір қатты сатылымның еш белгісі жоқ сияқты еді. Соңғы күндері сауда-саттық сессиясының басындағы келеңсіздік бірте-бірте жойылғанын және күннің «биржа бұқаларының» жеңісімен аяқталғанын бірнеше рет көрдік. Сәрсенбі күнгі жағдай да осыған ұқсас еді. Негізгі сауда-саттық сессиясы басты индекстердің тіпті -0,8%-ға жеткен шығынынан басталды (NASDAQ Composite индексі), алайда көп ұзамай жағдай түзеліп, сауда-саттық басталғаннан кейін небары 1,5 сағаттан кейін аталмыш NASDAQ қарқын алып плюске шықты, ал Америка нарығының негізгі бенчмаркы – S&P500 индексі нөл белгісіне жақындап табан тіреді. Тек консервативті Dow Jones индексінің (DJIA-30) жағдайы ғана сәл нашарлау болып көрінді. Оған ең алдымен сақтандыру медицинасының алпауыты UnitedHealth компаниясының (UNH,-5,78%) акциялары жағымсыз әсерін тигізді – тұрақсыздыққа душар болған әлгі компанияның қағаздары бірде плюске шықса, бірде және көбіне-көп қатты минусқа кетеді. Осы жолы да бірнеше күн өскеннен кейін компания тағы да «аюлардың» шабуылына ұшырады.
Дегенмен, жалпы сауда-саттық күні түске дейін біршама тыныш жағдайда өтті. Жаппай сатуға қазынашылық облигациялар аукционы себеп болды – онда 16 млрд. доллар сомасындағы 20 жылдық трежеристерге сұраныс төмен болды, өйткені инвесторлар елдің қаржылық келешегіне көбірек алаңдайтын сияқты. Ұзақ мерзімді қазынашылық облигациялар бойынша табыстылық бірден өсті – 10 жылдық қағаздар бойынша 9,4 базистік тармаққа жоғарыласа 4,59%, екі жылдық облигациялар бойынша 3,8 базистік тармаққа өсіп 4,02%-ға жетті.
Қазір инвесторлардың алаңдаушылығын туғызып отырған нәрсе – ең әуелі Трамптың салық заңының жобасы. Демократтардың пікірінше, ол байларға қолайлы жағдай жасап, сонымен бірге әлеуметтік бағдарламаларды қысқартуды көздейді. Ал ымыраға келмейтін бірқатар республикашыл конгрессмен ол шығынды жеткілікті дәрежеде қысқартпайды деп оған қарсылық танытып отыр. Конгресстің ешбір партияға кірмейтін бюджет басшылығы алдағы он жылда АҚШ-тың 36,2 трлн доллар борышына тағы 3,8 трлн доллар қосылатынын мәлімдеді. Бұл пікірталас Moody's агенттігі пайыз шығынының өсуіне байланысты АҚШ-тың егеменді борышының рейтингін төмендеткеннен кейін бірнеше күн өткен соң басталды.
Нарыққа қатысушылар сәрсенбі күні Америкадағы бөлшек сауда саласы көшбасшыларының бірі – Target компаниясының (TGT,-5,21%) тоқсандық есептілігінің шығуынан біршама үмітті еді. Бірақ үміті ақталған жоқ. Мәселен, Target компаниясының кірісі болжанған шамаға жақын болса (24,11 млрд. доллар, ал болжам бойынша 24,23 млрд.), бір акцияға шаққандағы пайдасы инвесторларды түңілдірерлік және талдаушылардың болжағанынан 20% дерлік аз болды (бір ацияға шаққанда $1,30, ал болжам бойынша $1,60).
Әлбетте, мұндай жағдайда қор нарығының бір орында тұруы мүмкін болмағаны даусыз, сөйтіп осының барлығы жаппай сатуға түрткі болды. Барлық индекстер төменге құлдырап, ақыр аяғында сауда-саттықты күннің минимум деңгейінде аяқтады: NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексінің шығыны -1,41% болса, Dow Jones индексі бойынша тіпті -1,91% жетті. Осы орайда S&P500 кең нарық индексі -1,61% жоғалтты.
Әрине, ITS тобының индекстері де жаппай сатылымнан тыс қалған жоқ. Әлбетте, толығымен американдық компаниялардың акцияларынан тұратын ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексі бәрінен де көп зардап шекті. Мұндағы шығын американдық индекстердің шығынымен бірдей: -1,66%. Ал ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексінің залалы одан екі есе дерлік аз болды – небары -0,88%. Осы жолы да бұл индекс портфелін географиялық жағынан әртараптандыру жақсы жасалуының арқасында аман қалды. Егер ITSS индексінде портфельдің құрамындағы барлық 30 акция күннің қорытындысы бойынша минусқа кірген болса, ITSW индексінде бұл күнді нөлден жоғары белгіде аяқтаған акциялардың болғанын жоққа шығара алмаймыз. Сайып келгенде олар бүкіл портфельдің 20% құрайды екен. Осы орайда Қытайдың Li Auto автомобиль жасау компаниясының (LI,+3,08 %) акциялары үздік нәтиже көрсетті. Сонымен қатар Швейцарияның Novartis AG компаниясы (NVS,+0,45%) мен Жапонияның Takeda Pharmaceutical Co (TAK,+0,35%) компаниясы сияқты фармацевтика алыптарының акцияларына жақсы сұраныс болды.
Осылайша, күнді қорытындылай келе, нарықтағы жағдай жағымсыз, жанға батады деуге болады, бірақ қираған ештеңе жоқ. Нарыққа қатысушылар аздап салқын себезгіге шомылудан қайта ширыға түседі. Ең бастысы, бұл қара нөсердің бастамасы емес, шынымен де шағын себезгі болса игі.