АҚШ – Қытай: олар бір-бірінсіз өмір сүре алмайды

Өткен аптаның басталуын күткен көптеген сарапшы мен инвестор абыржулы, алаңдаулы көңілін жасырмады. Мамыр айында 6 пайыз өскеннен кейін техникалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да маңызды кедергіге жақындаған индекстердің оны еңсеруге шамасы келетін-келмейтіні мүлдем белгісіз болды. Шынында да, аптаның басым бөлігінде индекстер орнынан тапжылмай тұрып алды және тіпті кейбір әлсіздік белгілерін байқатты деуге болады. Мұның өзі инвесторлардың үрейін күшейте түсті. Мамыр айының қорытындысы бойынша жаңа жұмыс орындарының күрт төмендеуінен хабар берген ADP агенттігінің еңбек нарығы бойынша сәрсенбілік деректері ахуалды одан әрі нашарлатты. Бұған президент Трамп пен Илон Масктың көпшілік алдында ұрысқаны келіп қосылды да, ақыр аяғында Tesla (TSLA) акцияларының бұрын-соңды болмағандай жаппай сатылымына әкеп соқтырды. Қысқасы, өткен аптадағы сауда-саттықта жағдай тыныш және тамаша болды деп айтуға болмайды.

Алайда, бұл апта нағыз американдық үлгіде хэппи эндпен аяқталды. Жұма күні Еңбек департаментінің еңбек нарығы бойынша ресми деректері шықты. ADP есебінен кейін нарыққа қатысушылардың кейбірі ойлағандай, жағдай соншалық жаман емес екені анық болды. Сайып келгенде, жұмыспен қамту жөніндегі мамыр айындағы есеп нарыққа оң серпін берді, өйткені ол АҚШ-тың ауылшаруашылық емес секторындағы жұмыс орындарының саны 139 000-ға өскенін көрсетті, бұл жұмыс орындарының саны 126 000-ға өседі деп болжанған шамадан жоғары. Болжамнан жақсы шыққан мамыр айындағы цифрлар инвесторлардың көңілін президент Дональд Трамп Илон Масктың Тесласымен ашықтан-ашық жанжалдасып жатқан Ақ үйдегі соңғы сілкіністен басқа жаққа бұруына көмектесті. Бұл деректер мәлім болғаннан кейін нарықта қуаныш орнап, акциялардың құны шарықтай жөнелді, сөйтіп апта көтеріңкі көңіл-күймен аяқталды. Көп жағынан жұма күнгі сауда-саттықтың оң нәтижемен жабылуының арқасында барлық жетекші американдық индекстер Dow Jones (DJIA-30) көгілдір фишкалар индексі бойынша +1,17% бастап, NASDAQ Composite (IXIC) жоғары технологиялы компаниялар индексі бойынша +2,18% дейін өсіп, аптаны анық плюспен аяқтады. Америка қор нарығының негізгі бенчмаркы S&P500 (SPX) индексі өткен аптаның ішінде +1,50% қосты да, тамаша нәтиже – 6000 тармақ деңгейінде жабылды. Осы орайда SPX индексі өзінің тарихи максимумына шығу үшін 2 пайызға да жетпейтін шаманы еңсеруі керек.

Салалар деңгейінде алып қарағанда да, жағдайдың жақсарып келе жатқанының барлық нышаны бар. Егер алдыңғы апталарда, мәселен, Consumer Defensive сияқты қорғаныс секторларының акциялары басты рөл атқарған болса, қазір инвесторлар көбірек тәуекелге баруға дайын екені анық. Өйткені олар тұтыну секторының бағалы қағаздарын бас тартып, анағұрлым серпінді және табыстылық әлеуеті зор акцияларға, ең алдымен жетекші технологиялық және коммуникациялық компаниялардың акцияларына қаражат сала бастады. Айталық, технология секторында жұмыс істейтін компаниялардың акциялары орташа есеппен ғана 3,24% қымбаттады. Олардың ішінде ең жақсылары – ON Semiconductor (ON) жартылай өткізгіштер шығаратын компанияның акциялары – бір аптаның ішінде 17%-дан астам «самғап ұшты»!

ITS тобы индекстерінің көрсеткіштері инвесторлардың көңілінен шықты. Өткен аптада ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексінің жағдайы ерекше жақсы болды, ол NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексінің өсуімен (+2,02%) бірдей дерлік нәтиже көрсетумен қатар, сауда-саттық жабылғанда 1324,83 тармақ деңгейіне көтеріліп өзінің тарихи максимумын жаңартты. Соңғы рет ITSW индексі бұл деңгейде 20 ақпанда, яғни осыдан 3,5 ай бұрын болған еді.

ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексі де өткен аптада шамамен 1 пайыз (+0,97%) өсіп, жұманы анық плюспен аяқтады. ITSS индексінің одан жоғары нәтижеге жетуіне Трамп пен Масктың жанжалдасып қалуы кесірінен бір апта ішінде құнының алтыдан бір бөлігін жоғалтқан (-16,98%) Tesla (TSLA) акциялары кедергі болды. Атап өтетіні, Tesla акциялары қос индекстің портфелінде – ITSW индексінде де, ITSS индексінде де бар. Бірақ біріншісінің портфелінде Tesla акцияларының үлесі небары 1,3%, ал ITSS портфелінде оның үлесі 7,2% тең. Сондықтан Tesla акцияларының ITSW индексінен гөрі ITSS индексіне әсері әлдеқайда көп. Бірақ өзіміз көріп отырғанымыздай, портфельдегі акциялардың бірінің тіпті 17% құлдырауы да ақыр аяғында екі индекстің де өсуін тежей алған жоқ.

Жалпы алғанда, өткен аптаның оң нәтижемен аяқталуы біршама жігерлендіріп, алдағы уақытта нарық өсуін жалғастырады деген сенім ұялатады. Тіпті нарықтың өсуі қиын болып жатқанына қарамастан, жақында индекстер (ең әуелі S&P500 индексі) тарихи максимумын қайтадан жаңартады деп үміттенуімізге болады.

 

   Индекс\тикер

Баға белгіленімі

Өзгеріс, %

DJIA (DJI)

42 762,9

+1,05

S&P500 (SPX)

6 000,36

+1,03

NASDAQ Comp. (IXIC)

19 530,0

+1,20

ITS WORLD (ITSW)

1 324,83

+1,04

ITS Shariah (ITSS)

1 238,06

+1,26

 

09 маусымда нарықтан не күтуге болады

Үстіміздегі апта жақсы жаңалықпен басталмақ – алдағы күндері Лондонда АҚШ пен Қытай арасында сауда келіссөзі өтеді. Келіссөзге қатысушылардың құрамы тараптардың мәселені шындап шешуге ниетті екенін көрсетеді. Вашингтонға қаржы министрі Скотт Бессент, АҚШ сауда өкілі Джеймисон Грир және сауда министрі Говард Лютник өкілдік ететін болса, Қытай жағынан вице-премьер Хэ Лифэн қатысады.

Бұл жаңалық нарықтарды сергіту керек сияқты. Дегенмен, инвесторлардың қуанышы әзірге Гонконг сауда-саттығынан ғана көрінеді – мұнда жергілікті Hang Seng индексі 1,5 пайыз дерлік өсті. Ал негізгі американдық индекстер бойынша фьючерстерге келер болсақ, мұнда біршама жағымсыз жағдай қалыптасып отыр деуге болады, яғни қуанып жатқан ешкім көрінбейді. Барлық фьючтің баға белгіленімдері нөлге жақын, сондай-ақ олардың төмендеу үрдісі де байқалады. Дегенмен, келіссөз нәтижелі өтсе, оның нарықтағы жалпы жағдайға өте жақсы әсер ететіні түсінікті. Бұл Америка нарығына ғана емес, жалпы әлемдік нарыққа да қатысты.

Бірақ үстіміздегі аптаның басты оқиғалары бұл келіссөзбен ғана шектелмейді. Қайта бұдан да маңызды нәрсе бар сияқты. Кейінгі жағдайға сәрсенбі және бейсенбі күндері жарияланатын мамыр айындағы тұтынушылық инфляция бойынша деректердің маңызы бәрінен де зор болмақ. CPI және PPI индекстері жаңа тариф енгізбек болған президент Трамптың барлық бастамасынан кейін АҚШ экономикасының нақты жағдайын көрсетеді. Әлбетте, нарыққа қатысушылардың әрекеті соған байланысты болатыны анық. Егер бірдеңе дұрыс шықпаса, мұның ұзақ мерзімді салдарға соқтыруы ықтимал, ал нарықтың жауап реакциясы өте жағымсыз болады деп болжау орынды.

Корпоративтік салаға келетін болсақ, мұндағы дүрбелең біртіндеп басылып жатыр. Корпоративтік есептілік мезгілі іс жүзінде аяқталды, тек жекелеген компаниялардың есептілігі ғана инвесторларды елең еткізуі мүмкін. Осы аптада технология секторының екі алпауыты – есептілігі сәрсенбіде сауда-саттық аяқталғаннан кейін шығатын Oracle Corp (ORCL) компаниясының және инвесторлар бейсенбі күні таныса алатын Adobe Inc. (ADBE) компаниясының есептілігі осындай «энергетик» қызметін атқаруы мүмкін. Сарапшылар да, инвесторлар да бұл компаниялардан тек өте жақсы нәтиже күтеді және жағдайдың осылай болуы әбден мүмкін.

Ал биржаның алыпсатарларына «аптаның ерекше тағамы» дайын тұр. Бұл ең танымал мем акциялардың (meme-shares) бірі – Gamestop Corporation (GME) корпорациясының есептілігі, ол сейсенбі күні сауда-саттық аяқталғаннан кейін шығады. Бұл компанияның акцияларын басқасына қоса ITS алаңында да алуға болатынын естеріңізге сала кетейік. Ендеше шиеленіскен сауда-саттық барысын көріп, бұл акциялар құнының он пайыз шарықтап өсуіне қатысқысы келетіндерді бағын сынап көруге шақырамыз. Бірақ Gamestop баға белгіленімдері көтеріле ме, әлде төмендей ме? Мұны түсіну керек.

Осы айтылғанның бәріне сүйене отырып, алдағы апта өте қызықты және тартысты өтеді деп болжам жасауға болады. Әзірге нарықтағы жағымды ахуал сақталып отыр, демек жаңа оқиғалар мен жаңалықтар легі инвесторлардың көңіл-күйін бұзбайды деген үміттеміз. Алайда, сақтықта қорлық жоқ. Сыртқы факторлар (саяси және экономикалық) нарыққа қатысушылардың жоспарына түзету енгізетіні жиілеп кетті. Бірақ та түрлі жғдайлар сәтімен тоқайласса, аптаның соңына қарай нарық өзінің тарихи максимумына етене жақындайды деп үміттенуге болады.