АҚШ Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа

Сәрсенбі ірі технологиялық компаниялардың акциялары үшін тағы бір өсу күні болды – бұл Америкадағы жетекші индекстерді жаңа биіктерге көтерді. S&P 500 кең нарық индексіндегі бүкіл технологиялық сектор 1%-дан астамға (+1,34%) өсті. Бұл өсімге негізінен Apple (AAPL), Nvidia (NVDA) және Tesla (TSLA) акцияларының қымбаттауы себеп болды. Бұл үш компания – соңғы жылдары негізгі индекстерге рекорд орнатуға көмектескен «Керемет жетілік» тобына кіреді.

Айта кету керек, Mag7 («Керемет жетілік») сәуірдегі тарифтік дағдарыстан кейін қалпына келді. Алайда жасанды интеллект үшін бәсекелестіктегі олардың көшбасшылығына қатысты жаңа алаңдаушылықтар соңғы уақытта кейбір инвесторлардың оптимизмін әлсіретті.

Нәтижесінде америкалық нарықтың негізгі индикаторы – S&P500 индексі +0,47% өсіп, 2025 жылы алтыншы рет тарихи максимумды жаңартты. Жоғары технологиялы NASDAQ Composite индексі одан да жоғары – +0,94% өсіп, осы жылы үшінші рекордын орнатты. Ал Dow Jones өнеркәсіптік индексі (DJIA-30) сәл ғана кері шегініп, бір күнде символикалық -0,02% ғана жоғалтты.

Сәрсенбідегі сауда-саттық нәтижелерін сәтті деуге болады, себебі күннің басы күрделі жағдайлармен басталды. Атап айтқанда, АҚШ еңбек нарығы бойынша ADP агенттігінің жариялаған теріс мәліметтері нарықты алаңдатпай қоймады. Маусым айында АҚШ экономикасында жаңа жұмыс орындары -33 мыңды құрап, болжанған +99 мыңнан едәуір төмен болды. Бұдан бөлек, мамыр айының мәліметтері де қайта қаралып, +37 мыңнан -29 мыңға дейін төмендетілді. Яғни соңғы екі айда жаңа жұмыс орындары құрылмаған, керісінше қысқартылған. Бұл экономика үшін теріс сценарий екені сөзсіз.

Соған қарамастан нарық бейтарап деңгейден басталып, кейін өсу жолына түсті. Инвесторларға президент Трамптың Вьетнаммен тарифтер бойынша келісімге келгені туралы ақпараты қолдау көрсетті. Жаңа келісімге сәйкес, бұрынғы 46%-дық тарифтер орнына 20% деңгейі белгіленуі мүмкін. Бұл – бір жағынан тиімді сияқты көрінеді, бірақ оның нақты пайдасы жақын болашақта белгілі болады.

Инвесторларды ITS индекстері де қуантты. Олар да америкалық индекстер секілді тарихи максимумдарын жаңартты. Соңғы уақытта ITS Shariah (ITSS) ислам қағаздары индексі ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексімен салыстырғанда анағұрлым белсенді өсіп, абсолюттік мәнде оған жақындай түсті. Ал кеше ITSS индексі +1,45%, ITSW индексі +0,31% өсім көрсетті.

Ислам қағаздары индексі бойынша инвесторлардың қай компанияларға сенім артатынын анық байқауға болады. Сәрсенбідегі сауда қорытындысы бойынша алдыңғы ондықтағы 10 компанияның 9-ы – тек технологиялық сектордың өкілдері. Бұл қатарға өнеркәсіптік алыптардан тек Caterpillar (CAT) еніп отыр, оның акциялары екі апта бойы өсіп, жалпы 10%-дан астам мөлшерге қымбаттаған.

Алайда кешегі күннің барлық ірі индекстеріндегі ең үздік өсім көрсеткендер – Oracle (ORCL, +5,03%) және Tesla (TSLA, +4,97%) компаниялары болды. Әсіресе Tesla қуантты – ол аптаны президент Трамп пен Илон Маск арасындағы кезекті жанжалға байланысты жаппай сатылыммен бастаған еді. Алайда Tesla акциялары 5% қымбаттап, сейсенбідегі шығындарды толық өтеді. Өсім компанияның екінші тоқсандағы жаһандық сату көлемі бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 13,5% азайғанына қарамастан орын алды. Екінші тоқсан қатарынан өндіріс көлемі жеткізілімнен асып түсті. Бұл жағдай қуанта қоймайды, десек те, кейбір инвесторлар бұдан да нашар нәтижелерді күтті. Осылай Tesla басшылығы сатылымдардың төмендеуіне алаңдаушылықты бәсеңдетіп, компанияның болашақтағы негізгі бағыты ретінде автономды жүргізу бағдарламалары мен гуманоидты Optimus роботына жасалған инвестицияларды атады.

Жалпы алғанда күннің қорытындылары оптимистік сипатта. Индекстер жаңа биіктерді бағындырды, ал нарық қатысушылары АҚШ-тың Тәуелсіздік күнін өсіммен қарсы алуға дайын екендерін көрсетті.

 

Индекс\тикер

Баға белгіленімі

Өзгеріс (%)

DJIA (DJI)

44 484,4

-0,02

S&P500 (SPX)

6 227,42

+0,47

NASDAQ Comp. (IXIC)

20 393,1

+0,94

ITS WORLD (ITSW)

1 339,01

+0,31

ITS Shariah (ITSS)

1 311,88

+1,45

 

2025 жылғы 3 шілдеге нарық болжамдары  

Аптаның соңғы жұмыс күні. Бұл бүгін бейсенбі екенін ескерсек, сәл оғаш естіледі. Алайда ертең АҚШ-та үлкен мереке – Тәуелсіздік күні, сол себепті барлық нарықтар жабық болады. Сондықтан осы аптаның қорытындысы дәл бүгін шығарылады.

Бүгінгі күн шынымен де оңай болмайтыны анық. Осы бейсенбінің басты оқиғасы – еңбек нарығы бойынша макроэкономикалық деректердің жариялануы болмақ. Бұл мәліметтер айтпаса да маңызды, ал кеше ADP агенттігінің есептерінен кейін олардың маңызы одан сайын артты. Сарапшылардың болжамынша, Еңбек статистикасы бюросының (BLS) маусым айына арналған есебі ауыл шаруашылығына жатпайтын секторда АҚШ экономикасы 111 мың жаңа жұмыс орнын құрғанын көрсетеді (мамыр айындағы 139 мыңға қарағанда), ал жұмыссыздық деңгейі 4,2%-дан 4,3%-ға сәл жоғарылайды. Бірақ та көріп отырғанымыздай, ADP агенттігінің ұлттық еңбек есебі сәрсенбі күні жарияланған деректерде жаңа тарифтердің енгізілуіне байланысты экономикалық белгісіздік жағдайында компаниялар жұмысшыларды аз жалдай бастағанын, ал жұмысшылар тұрақты жұмыс орындарын тастап, жаңасына көшуге онша ықылас танытпайтынын көрсетті. Бұл ретте тек бір ғана жайт көңілге медеу – ADP мен BLS көрсеткіштері арасында тығыз корреляция жоқ.

Дегенмен кез келген жағдайда жұмыспен қамтудың ең жоғары деңгейіне мүдделі Федералды резерв жүйесінің мүшелері еңбек нарығы бойынша келіп түсетін мәліметтерге мұқият назар аударатыны анық. Әсіресе Трамптың тарифтік бағдарламасының экономикаға теріс әсері әлі де алаңдататынын ескерсек. Өткен аптада ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл болашақта пайыздық мөлшерлемелер бойынша шешім қабылдауда сақтықты ұстану керек екенін мәлімдеген еді. Алайда осы аптада ол қалған төрт отырыста да пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге мүмкіндік бар екенін де жоққа шығармады.

Сондықтан бүгінгі сауданың бағыты мен инвесторлардың көңіл-күйі әдеттегідей негізгі сессия басталардан бір сағат бұрын жарияланатын еңбек нарығы деректерінен кейін ғана айқындалмақ.

Бейсенбі таңындағы қор нарығындағы жалпы жағдайды «сақтықпен қадағалау» деп сипаттауға болады. Нақты бір теріс көрініс жоқ – бұл жақсы. Бірақ қуанта қоятын жағымды жаңалықтар да аз. Инвесторларды қуантатын жалғыз жайт – кеше қор индекстерінің жаңа тарихи максимумдарға жетуі. Дегенмен қазірдің өзінде көптеген сарапшылар «Бұл өсім қаншалықты негізделген?» немесе «Нарықта жаңа бір көпіршік пайда болып жатқан жоқ па?» деген сұрақтар қоя бастады. Осы себепті инвесторлар сақтық танытып, сатып алуға асықпай отыр.

Бейсенбі күні таңертең әлемдік индекстердің бәрі жасыл түске боялғанымен, өсім көзге көрінбестей ғана – кей жағдайда бірнеше ондық пайызбен ғана шектелуде. Дәл осындай жағдай АҚШ-тың жетекші индекстеріне арналған фьючерстер саудасында да байқалуда: мысалы, NASDAQ 100 индексінің фьючерстері барынша жоғары өсім көрсетіп отыр, бірақ ол да бар болғаны +0,1% шамасында ғана.

Сондықтан егер еңбек нарығы бойынша деректер инвесторлардың көңілін бұзып жібермесе, бүгінгі сауда-саттықтың тыныш, бейтарап жағдайда өтуі әбден мүмкін. Бұған өоса бүгінгі күн – үш күндік демалыс алдындағы соңғы сауда күні екенін және сауда уақыты үш сағатқа қысқаратынын ескерсек, сенімділік арта түседі. Сауда Астана уақытымен 22:00-де аяқталады.