Informburo.kz: Қазақстан Исламдық қаржының даму индексі бойынша әлемде 19-орынды иеленді

Өңірлік алғашқы ислами биржалық қор бір жылда 25,5 пайыз табыстылық деңгейіне жетті. 

2025 жылы Орталық Азия мен Кавказдағы исламдық қаржыға сәйкес келетін алғашқы ITS Shariah ETF қорының табыстылығы 25,5 пайызды құрады. Қызметі шариғат нормаларына сәйкес келетін АҚШ-тың аса ірі компанияларының 30 акциясынан тұратын ITS Shariah индексінің өзі 23,6% өсіп, S&P 500 индексінен (+16,4%) айтарлықтай асып түсті. Бұл туралы бүгін Алматыда ITS басқарушы директоры Александр Диаковский хабарлады.


Исламдық қаржы институттары мен құралдарында орналастырылған қаражаттың жалпы көлемі бес жылдың ішінде 80%-дан астам өсті: 2020 жылы $3,6 трлн болса, 2025 жылы $6,5 трлн-нан жоғары болды. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш $7,5 трлн-нан асады.


Бұл даму мұсылман елдерінің экономикасы мен халқының өсуіне ғана емес, сонымен қатар пайызбен кредит беруге (риба), алып-сатарлыққа (гарар) және алкоголь, темекі, құмар ойын мен қаруға инвестиция салуға тыйым салуға негізделген дәстүрлі исламдық құралдарға мұсылман емес инвесторлардың қызығушылық танытуына да байланысты.


Қазақстан Исламдық қаржының даму индексі бойынша әлемде 19-шы орында тұр және бұл көрсеткіш бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Аймақта исламдық банкинг туралы алғашқы заңның қабылдануы, исламдық сукук облигациялары үшін инфрақұрылымның дамуы және АХҚО құрылуы ITSS сияқты өнімдердің пайда болуына жағдай туғызды.


"Исламдық құралдарды жөн көретін инвесторлар жаһандық нарықтарда айтарлықтай күшке айналып отыр. Бұл сұраныс сукуктан бастап исламдық финтехке дейінгі ауқымда жаңа сегменттердің дамуына серпін берді. Бүгінде әлемде 4500-ден астам шариғаттық индекс бар және ITSS индексінің табысқа жетуі – осы трендтің жаңа өңірлерге келіп жатқанының айқын мысалы", – деді ITSS құруға қатысқан исламдық қаржы жөніндегі халықаралық сарапшы, мүфти Ибраһим Эсса.


Еске салайық, ITSS 2025 жылғы 14 қаңтарда іске қосылды, алғашқы орналастыру сомасы $5 млн. Қор ITS Shariah индексін қадағалайды (2023 жылдың тамызынан бастап есептеледі), оған шариғаттық іріктеуден өткен аса ірі 30 жаһандық компания, соның ішінде AMD, Apple, AstraZeneca, Caterpillar, Chevron, ExxonMobil, Microsoft, Nvidia, Tesla кіреді.
ITSS өзіндік ерекшелігі – кіру шегінің төмендігі. ITSS акцияларын $10-дан сәл асатын бағамен сатып алу жеткілікті, оның үстіне Қазақстанның салық резиденттері үшін инвестициядан түскен табысқа салық салынбайды.

 

"Біз Ислам қоғамдастығының қолдауына ризамыз және шариғаттың ең қатаң стандарттары бойынша құрылған қор жұмысының алғашқы жылында өзінің артықшылықтарын көрсеткеніне қуаныштымыз. ITSS – жай ғана шетелдік акциялар себеті емес. ITSS дегеніміз – күн сайын дүние жүзі бойынша миллиондаған адамға пайда әкелетін нақты өнім өндіретін және қызмет көрсететін ең сапалы жаһандық компаниялар", – деді ITS басқарушы директоры Александр Диаковский.

 

ITS Shariah индексіне кіретін компаниялар көп деңгейлі скринингтен өтеді. Егер эмитент бір кезде шариғат талабына сәйкес келмейтін болса – мысалы, оның қарыз ауыртпалығы шариғат стандарты бойынша белгіленген шекті мәннен асып кетсе немесе бизнесінің бейіні тыйым салынған секторларға қарай ауысса, ол индексті келесі қайта теңгеру кезінде одан шығарылады.
2025 жылдың мамыр айында ITS және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы "Зекет және қайырымдылық" қоры (Зекет қоры) Қазақстан мен Орталық Азияда исламдық қаржы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, ал қыркүйекте ITS алаңы ITSS дивиденд кірісінің бір бөлігін қайырымдылыққа бағыттады.

 

"ITSS – бұл мұсылмандарға табыстылығынан айырылмай, діни наным-сеніміне сәйкес инвестиция салу мүмкіндігі. Табысының бір бөлігін Зекетке аудару міндеттемесі ITS –коммерциялық табысты қоғамға қызмет етумен үйлестіретін әлеуметтік жауапты компания екендігін көрсетеді", – деді Зекет қорының басшысы Мақсатбек Қайырғалиев.

 

(с) Informburo.kz