2025 жылғы 23 маусымдағы сауда-саттықтың қорытындысы

Тағы да геосаясат. Тағы да Таяу Шығыс. Өкінішке орай, бұдан құтылу мүмкін емес. Бірақ, екінші жағынан, инвесторлар еш нәрсеге қарамастан оптимизмін сақтап, алдағы уақытта қақтығыс тоқтап, шиеленіс бәсеңдейді деп сеніп отыр. Ең болмағанда дүйсенбі күнгі негізгі сауда-саттық барысындағы инвесторлардың мінез-құлқы олардың бұл үмітін анық көрсетті. Нарық ашылғанда баға белгіленімдері нөлге жақын еді және сауда-саттықтың бірінші жартысында плюс пен минустың арасында ауытқумен болды. Алайда, Катардың Иран тарапынан жасалған зымыран шабуылын тойтарғаны және Иранның тіпті осы зымыран шабуылы жайында ескерткені туралы хабар жеткенде, нарыққа қатысушылардың көпшілігі «бейбітшілік иісі сезілді» деген тұжырымға келді. «Бейбітшілік иісінің шыққаны» туралы әңгіме қаншалықты шындыққа жанасатыны әзірге белгісіз, бірақ дәл осы «бейбітшілікті алдын ала сезіну» акциялардың баға белгіленімдерінің шарықтап өсіп, мұнайдың баға белгіленімінің дәл сондай жылдамдықпен гүрс етіп құлауына себеп болды. Нәтижесінде күн көтеріңкі көңіл-күймен аяқталды, Американың барлық жетекші индекстері бір кісідей жұма күнгі сауда-саттық жабылған кездегі көрсеткішіне шамамен 1 пайыз қосты (+0,86% - Dow Jones индексі, +0,96% - S&P500 индексі және +0,94% - NASDAQ Composite индексі).

Салалық деңгейде алғанда нарықта өте рухтандыратын жағдай қалыптасты. 11 сектордың 9-ы 1 пайыздан астам қосып, күнді сенімді плюспен аяқтады. Бірақ көптен бері жолы болмай жүрген фармацевттер әлі де дағдарыстан шыға алмай жатыр, сондықтан Healthcare секторының компаниялары күнді нөл белгісінде (-0,05%) тәмамдады. Мұнай-газ компаниялары ғана орташа есеппен -2,35% шығынға батты, бірақ қара алтынның баға белгіленімі бір күнде шамамен 8% құлдыраған жағдайда бұл жақсы нәтиже деп айтуға негіз бар.

ITS тобы индекстерінің жағдайы да өте жақсы. ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі бір күнде 0,6% қосса, ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексінің өсімі одан да көп: +1,3% болды.

ITSS индексінде оның құрамындағы 30 компанияның 3-інің акциялары ғана күнді шығынмен аяқтағаны инвесторлардың көңіл-күйі жақсы екенін көрсетеді. Бұл мұнай секторының қос алпауыты Chevron (CVX) және Exxon Mobil (XOM) акциялары, сондай-ақ AbbVie (ABBV) фармацевтика компаниясының акциялары болғаны заңдылық.

Оның есесіне ITS тобының индекстерінде де, Американың S&P500 негізгі кең нарық индексінде де «мәңгілік тыныштық бұзушы» Tesla компаниясының (TSLA) акциялары «кешегі күннің суперқаһарманы» атанды. Дүйсенбіде бұл компанияның акциялары инвесторлар арасында үлкен сұранысқа ие болып, баға белгіленімдері 8%-дан астамға (+8,23%) көтерілді. Бұған негізінен жексенбіде Техаста аталмыш электромобиль өндірушінің клиенттерге өзінің роботаксиіне мініп көруін ұсына бастағаны туралы ақпараттың шығуы және әлеуметтік желіде осындай сапар туралы алғашқы өте жағымды пікірлердің тарауы себеп болды.

Тесланың акцияларынан қалыспауға тырысып барын салған Қытайдың автокөлік өндірушісі Li Auto (LI) акциялары дегеніне жеткендей еді. Алайда, күннің қорытындысы бойынша оның акциялары шамамен 8 пайыз (+7,96%) қосып, өсімі сәл азырақ болды. Аталмыш акциялардың екеуі де ITSW индексінің портфеліне кіретіндіктен, бұл жағдай әрине оның өсуіне ықпал етті, ендеше қазір тарихи максимумына жетуі үшін оның небары 2 пайыз еңсеруі керек.

Жалпы алғанда, дүйсенбі күні кешке қарай нарықтағы жағдай анық жақсарды деуге болады. Инвесторлардың рухы көтеріліп, аптаның басы өте жағымды болғаны даусыз. Егер осылай жалғаса берсе, осы аптаның соңына қарай индекстердің биылғы ақпан айының ортасында болған рекорд деңгейлеріне шындап жақындауы әбден мүмкін.