Пауэлл оптимизм қосты

     Өткен сәрсенбі ФРЖ ашық нарық комитеттің (FOMC) маусым айындағы соңғы отырысының хаттамалары «минуткалардың» жариялануын күту аясында өтті. Бір жағынан, нарық қатысушылары бұл құжаттардан ешқандай жаңалық күтпеген. Бірақ екінші жағынан, олар Комитет мүшелерінің сөздерінен аз да болса оптимизмнің «ұшқындарын» көруге үміттенді. Нәтижесінде дәл осы ұшқындарды инвесторлар шынымен де байқады. Қысқасы, іздеген – табады!

Маусым айындағы отырыста FOMC мүшелері, АҚШ-тың негізгі сауда әріптестерінен келетін импортқа жоғары тарифтер енгізу бойынша президент Трамптың табандылығын ескере отырып, ФРЖ инфляция мен экономикалық белсенділік перспективаларына қатысты нақтылық күтуде «жақсы мүмкіндіктерге ие» екенін атап өтті.

Santander сарапшысы Стивен Стэнли дәл атап өткендей: «ФРЖ үшін мәселе мынада – олар не істеу керектігін шешіп үлгермейді, өйткені алдымен әсер қалай көрініс береді және қалай сейіледі, әсіресе инфляция жағынан, соны көру керек… Сондықтан ФРЖ әлі де болса күту ойынының ортасында тұр. Егер инфляция мәселесі ұзағырақ созылса, ФРЖ тағы да күте тұрады».

Дегенмен айта кету керек, «минуткалар» осы айдың соңында өтетін келесі отырыстан кейін бірден пайыздық мөлшерлемені төмендетуге деген аздаған ниетті көрсетті. ФРЖ шенеуніктерінің тек «бірнеше» өкілі ғана жылдамырақ жұмсарту шараларын қолдады. Маусымдағы отырыстан кейін ФРЖ Басқарма мүшелері Кристофер Уоллер мен Мишель Боуман шілде айында мөлшерлемені төмендетуді жақтайтындарын ашық мәлімдеді.

Бұл жолы ФРЖ мүшелері экономикалық перспективаларға қатысты біршама оптимистік көзқарас танытты. Олар саясаткерлерге соңғы алты апта ішінде рецессияға байланысты алаңдаушылықтың әлсірегенін хабарлады.

Алайда FOMC мүшелері жалпы экономикаға қатысты біршама оптимистік көзқарас танытқанына қарамастан, кейбір ФРЖ шенеуніктері еңбек нарығына көбірек алаңдай бастағаны белгілі болды. Олар кейбір индикаторлар «әлсіздік белгілерін» көрсете бастағанын атап өтті.

Қалай болғанда да, жалпы алғанда Хаттамалар инвесторлар тарапынан оң қабылданды және олардың жариялануынан кейін нарық асықпай, бірақ жеткілікті сенімді түрде өсе бастады. Сауда күні нарықтың күн ішіндегі максимумдарына жақын деңгейде жабылды. Бұл ретте NASDAQ Composite жоғары технологиялық компаниялар индексі кезекті рет өз тарихи максимумын жаңартты – әрі абсолюттік мән бойынша (20 645 пункт), әрі нарық жабылуындағы көрсеткіш бойынша (20 611 пункт), бір күнде +0,94% қосты. Қалған екі жетекші америкалық индекс – Dow Jones (DJIA-30) және S&P500 – де сенімді өсіммен жабылды: тиісінше +0,49% және +0,61% деңгейінде. Алайда атап өту керек: NASDAQ индексінен айырмашылығы, S&P500 өз тарихи «шыңын» (high) жаңарта алған жоқ – оған небәрі 0,2% жетпей қалды.

             Жекелеген компаниялар деңгейінде сәрсенбінің басты кейіпкері NVidia (NVDA) компаниясы болды. Оның нарықтық капитализациясы алғаш рет әлем тарихында 4 триллион доллар межесінен асты (дегенмен, нарық жабылған кезде капитализациясы қайтадан осы межеден сәл төмен түсті). Дәл осыдан бір жыл бұрын, өткен жылдың осы кезеңінде NVidia-ның капитализациясы енді ғана 1 триллион долларға жеткен еді. Енді небәрі 12 ай ішінде, бұл көрсеткіш төрт есеге артты. Бұл – бұрын-соңды Apple (AAPL) немесе Microsoft (MSFT) компанияларының бірде-біреуіне бұлай тез қол жеткізу мүмкін болмаған көрсеткіш. NVidia бастапқыда ойынға арналған графикалық процессорларымен танымал болған, кейін криптовалюта майнингі үшін қуат құрылғыларын жасауда көшбасшыға айналды. Ал қазір NVidia өзін жаһандық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытудағы басты драйвер ретінде қайта танытты.

Қазіргі уақытта компания S&P индексінде ең үлкен үлеске ие – 5,3%, бұл Apple мен Microsoft-тан да көп. Жыл басынан бері акциялар 22% өсті, ал сәуір айындағы Трамп дәуірінің тарифтеріне және Қытайдың жасанды интеллектіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты құлдыраудан кейін NVidia баға белгіленімдері тез қалпына келіп, осы минимумдардан 74% артты.

Бұл жедел серпіліс жай ғана дабыра емес. Өсім компанияның тамаша қаржылық көрсеткіштерімен қолдау тапты. Мәселен, бірінші тоқсандағы кіріс 69% өсіп, 44,1 млрд долларға жетті, ал пайда бір акцияға шаққанда 81 центті құрады. Ал екінші тоқсанда NVidia кірісті шамамен 45 миллиард доллар көлемінде күтуде (плюс-минус 2%), бұл туралы компания 27 тамыздағы өз есебінде хабарлайды. Фантастикалық раллиге қарамастан, компания акциялары алдыңғы кезеңдегі пайдаға шаққандағы бағалау көрсеткіші (forward P/E) 32 деңгейінде, бұл соңғы үш жылдағы орташа мәні – 37-ден төмен. Бұл өз кезегінде көптеген инвесторлардың әзірге NVidia акциялары тым қызған деп есептемейтінін білдіреді.

Әлбетте, NVidia акциялары ITS индексі тобының құрамында да жетекші позицияда болды. Бұл индекстер америкалық әріптестері сияқты сенімді өсіммен жабылды және тарихи максимумдарына сәл ғана жетпеді. Дегенмен ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі мен ITS Shariah (ITSS) исламдық құнды қағаздар индексі бойынша алғашқы орындарда басқа компаниялардың акциялары тұрды. Мәселен, ITSW индексінде сәрсенбі күнгі қорытынды бойынша ең жақсы көрсеткіш Израильдің бағдарламалық қамтамасыз ету саласындағы компаниясы – CyberArk Software Ltd (CYBR) акцияларына тиесілі болды, олардың капитализациясы +2,56% артты. Ал ITSS индексінде бірінші орынды фармацевтикалық алпауыт Merck & Company (MRK) компаниясының акциялары иеленді – олар шамамен +2,88% қымбаттады.

Жалпы алғанда нарықтағы жағдай біршама тұрақталды және шағын түзетуден кейін нарық қатысушылары нарықты одан әрі жоғары көруге әрекет етуі әбден мүмкін. Дегенмен белгілі бір шамада «қызу» жағдай әлі де сезіледі.

 

Индекс\тикер

Баға белгіленімі

Өзгеріс (%)

DJIA (DJI)

44 458,3

+0,49

S&P500 (SPX)

6 263,26

+0,61

NASDAQ Comp. (IXIC)

20 611,3

+0,94

ITS WORLD (ITSW)

1 341,85

+0,40

ITS Shariah (ITSS)

1 321,37

+0,78

 

10 шілдеге нарық болжамдары

Инвесторлар жағынан FOMC хаттамаларының оң қабылдануынан кейін бейсенбіде нарықта оптимизм орнауы тиіс еді. Алайда таңертеңнен бастап ондай жағдай аса байқалмайды. Бұған тағы да президент Трамп пен оның біз болжап болмайтын тарифтік саясаты себеп болып отыр.

Кеше кешке нарық жабылғаннан кейін, президент Трамптың Бразилиядан келетін барлық импортқа 50 пайыздық тариф енгізуді жоспарлап отырғаны жөнінде ақпарат пайда болды. 1 тамыздан бастап күшіне енуі тиіс бұл алымдар Трамптың Оңтүстік Америкадағы өзінің саяси одақтасы – Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонаруға қатысты болжамды қатыгез қарым-қатынасқа байланысты ашуының ішінара жауабы ретінде қабылданды.

50 пайыздық тарифтік алымдар – бұл аптада Трамп жіберген көптеген хаттардың ішіндегі ең жоғары мөлшерлеме болмақ. Бұл хаттар оның өз тактикалық «өзара» тарифтерін жүзеге асырудың соңғы мерзімін 1 тамызға шегеру туралы шешімінен кейін таратылған болатын. Бұған дейін олар 9 шілде – яғни кеше күшіне енуі тиіс еді.

Бұдан бөлек сарапшылар бұл қадам сауда дауларына қарағанда, саяси мәні басым әрекет болуы мүмкін деп болжап отыр. Өйткені Бразилия – АҚШ-тың көлемі бойынша 15-ші сауда серіктесі және американдық тауарлардың сирек нетто-импорттаушыларының бірі.

Әрине, бұл шешім нарық қатысушыларының көңіл күйіне әсер етті және бүгін таңертең негізгі америкалық индекстердің фьючерстік саудасы «қызыл аймақта» өтуде. Шығын әзірге аса үлкен емес, бірнеше ондық пайыздармен шектелуде, бірақ айтқандай, әлі де кеш емес.

Ал бүгінгі күннің басты оқиғасы – жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға жаңадан және қайталай жүгінгендердің саны жөніндегі апталық деректердің жариялануы. Кеше шыққан Хаттамалардан кейін, онда ФРЖ мүшелерінің еңбек нарығының қазіргі жай-күйіне алаңдап отырғаны белгілі болған соң, бұл көрсеткішке нарық қатысушылары тарапынан ерекше назар аударылады. Абырой болғанда, әзірге бұл бағытта аса күрделі өзгерістер байқалмайды. Сондықтан егер мәліметтер болжамға сәйкес келсе, бұл инвесторларды біршама сабасына түсіріп, саудаға оң импульс беруі мүмкін.

Бүгін назар аударуға тұрарлық тағы бір жайт – Delta Air Lines (DAL) ірі әуе компаниясының тоқсандық есептемесінің жариялануы. Ол негізгі сауда сессиясы басталғанға дейін белгілі болады. Бұл есеп жаңа корпоративтік есеп беру маусымындағы алғашқы есептердің бірі болмақ – ол келесі аптада ресми түрде басталады.

Бұдан бөлек бүгін инвесторлардың көңіл-күйіне оң әсер етуі мүмкін тағы бір жаңалық бар, ол таңертеңнен бастап нарықта белсенді талқыланып жатыр. Wall Street Journal басылымы кеше кешке Ferrero отбасылық италиялық кондитерлік топ атақты астық үлпегін өндіруші WK Kellogg Co (KLG) компаниясын шамамен 3 миллиард долларға сатып алу мәмілесіне жақындап қалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта Kellogg компаниясының капитализациясы небәрі 1,5 миллиард долларды құрайтындықтан, оның акциялары күрт көтеріліп, сауда басталар сәтте шамамен 50% өсім көрсетті. Айта кетейік, Kellogg акциялары ITS алаңында да саудаланады және олар барлық қазақстандық инвесторлар үшін қолжетімді.

Осы жаңалықтармен бейсенбі күнгі негізгі сауда сессиясының ашылуына келіп отырмыз және бұл позитив басымдық беріп, біз америкалық индекстер мен ITS индексі тобы бойынша жаңа тарихи максимумдардың жаңаруын қайта көре аламыз деген үміттеміз.