Бізге тоғызыншы толқын да бөгет емес, шатдаун да сақалын сап сілтей алмайды

Өткен апта нәтижелері инвесторларды әлі де қуантып жатыр. Нарықта аз да болса түзету жасауға жеткілікті себептер болғанына қарамастан, қатысушылар бұған назар аудармай, баға белгіленімдерін жаңа тарихи межелерге дейін көтере берді. Нәтижесінде барлық жетекші америкалық индекстер өткен аптада өздерінің ең жоғары көрсеткіштерін жаңартып, айтарлықтай өсім көрсетті – Dow Jones (DJIA-30) және S&P500 индекстері +1,1%, ал жоғары технологиялық компаниялар индексі NASDAQ Composite +1,32% көрсетті.

Алайда өткен аптаның басты жұлдыздары технологиялық алпауыттар емес (NASDAQ көрсеткішіне қарап, солай ойлауға болады), ең алдымен фармацевтикалық компаниялар болды. Бұл жолы тек Eli Lilly (LLY) мен Pfizer (PFE) сияқты ірі ойыншылар ғана емес, тұтас денсаулық сақтау секторы айтарлықтай өсім көрсетті. Медициналық компаниялардың акцияларының орташа өсімі бір аптада 6 пайыздан асты (+6,56%), бұл технологиялық сектор өсімінен (+2,71%) екі есе жоғары. Мұндай сұраныстың негізгі себебі – Pfizer компаниясы мен президент Трамп арасындағы келісім. Келісімге сәйкес, дәрі бағасын төмендету есебінен АҚШ-қа шетелдік өндірістерден әкелінетін Pfizer өнімдеріне тарифтер азаяды. Инвесторлардың болжамынша, бұл тек бастамасы ғана, әрі қарай басқа ірі фармкомпаниялар да осы бағытты ұстануы мүмкін.

Өткен аптада тағы бір маңызды оқиға болды: оны инвесторлар әзірге елемегенімен, оның салдары ұзақ мерзімде теріс әсер беруі ықтимал. 1 қазаннан бастап АҚШ үкіметінің жұмысына қаржыландыру тоқтатылды, яғни «шатдаун» жарияланды. Себебі республикашылдар мен демократтар қаржыландыру туралы заң жобасын бекіту үшін жеткілікті дауыс жинай алмады. Қазірше нарық қатысушылары ештеңе болмағандай сыңай танытқанымен, жұма күні Еңбек министрлігінің қыркүйек айындағы маңызды жұмыспен қамту есебі жарияланбай қалды — шатдаунның жалғасуына байланысты ол кейінге шегерілді. Сондықтан нарық қатысушылары тек тәуелсіз экономикалық деректермен шектелді. Ал жұма күні жарияланған ISM және S&P Global PMI есептері АҚШ-тың қызмет көрсету секторы баяулап келе жатқанын көрсетті.

Ендігі мәселе мынада: деректерге қатты тәуелді Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) осы айдың соңында өтетін FOMC отырысында пайыздық мөлшерлеме бойынша негізделген саяси шешім қабылдайтындай АҚШ экономикасының жағдайы туралы жеткілікті ақпаратқа ие ме?

Өткен аптада медицина және фармацевтика секторлары үздік көрсеткіш көрсетті десе, басты «лузерлер» қатарында мұнай-газ компаниялары болды — олардың акциялары орта есеппен шамамен 3 пайызға арзандады (-2,64%). Бұл құлдырау кездейсоқ емес еді, өйткені мұнай бағасы бір апта ішінде 7 пайыздан астам көрсеткішке төмендеді. Бұған себеп – OPEC+ альянсының мұнай өндіру көлемін қосымша арттыру туралы шешімі. Өсім айтарлықтай үлкен болмаса да, бұл – нарыққа қатысушылардың көбірек мұнай шығаруға дайын екенінің айқын сигналы. Сонымен қатар, OPEC+ ұйымына кірмейтін елдердің (мысалы, АҚШ және басқа да мемлекеттердің) мұнай өндіру көлемі жоғары деңгейде қалып отыр, бұл да нарықтағы ұсынысты арттырып отыр. Бұған қоса, кейбір OPEC+ елдері бұрын енгізілген ерікті өндіріс шектеулерін біртіндеп жеңілдетуде, бұл да әлемдік нарыққа қосымша мұнай қосады. Осы факторлардың барлығын ескере отырып, нарық қатысушылары алдағы тоқсандарда мұнайдың артық көлемі пайда болады деп болжап, оны белсенді түрде сата бастады. Сондықтан мұнай мен мұнай компанияларының акцияларына инвестициялауда аса сақ болу керек — арзандаған қағаздарды асығыс сатып алу қауіпті.

Жалпы алғанда, нарықтағы жағдай қарама-қайшы болғанымен, әзірге салыстырмалы түрде тыныш. Инвесторлар нарықты жоғары итермелеуді жалғастыруға дайын, және белгілі бір уақытқа дейін өсу үрдісі (up-trend) сақталуы мүмкін. Дегенмен ұмытпау керек: біз қазір тым биікке көтерілдік, ал неғұрлым биікке шыққан сайын құлау да соғұрлым ауыр болады.

 

Индекс\тикер

Баға белгіленімі

Өзгеріс (%)

DJIA (DJI)

46 758,28

+0,51

S&P500 (SPX)

6 715,78

+0,01

NASDAQ Comp. (IXIC)

22 780,51

-0,28

ITS WORLD (ITSW)

1 520,37

+0,14

ITS Shariah (ITSS)

1 489,85

+0,18

 

6 қазанға нарық болжамдары

Осы апта – «ресми емес, бірақ дәстүрлі» жаңа есеп беру маусымының басталуына дейінгі соңғы апта. Бұл маусым, әдеттегідей, 14 қазан, сейсенбі күні ең ірі америкалық банктердің есептерін жариялаудан басталады. Нарық қатысушылары дәл осы күнге дайындалып жатыр. Ал осы аптада, ерекше жаңалықтар болмағандықтан, олар негізінен өз ішкі динамикасында қозғалады.

Алдағы күндердің басты оқиғасы сәрсенбіге жоспарланған – FOMC (ФРЖ-ның Ашық нарықтар жөніндегі комитеті) соңғы қыркүйектегі отырысының хаттамалары («минуттары») жариялануы болмақ. Бұл құжат әрдайым нарық қатысушыларының ерекше қызығушылығын тудырады, сондықтан оның жариялануынан кейін құбылмалылық (волатильділік) бірден артады деп күмән жоқ. Дегенмен, бұл жолы да «тағдыршешті» шешімдер немесе күтпеген жаңалықтар болады деу артық – әдеттегідей, спекулянттардың қысқа мерзімді ойындарын ғана байқаймыз.

Ресми есеп беру маусымы 14 қазанда басталатын болғанымен, осы аптада да назар аударуға тұрарлық бірнеше есеп жарияланады. Олардың ішінде ең маңыздысы – АҚШ-тың жетекші әуе тасымалдаушысы Delta Air Lines (DAL) компаниясының есебі және 2025 жылдың үшінші тоқсанындағы қызмет нәтижелері бойынша әлемдік сусын индустриясының алыбы PepsiCo Inc. (PEP) ұсынатын деректер.

Алдағы күндерге аз да болса интрига қосатын тағы бір фактор – Қытай нарығы. Мұнда ұзақ мерекелік демалыстан кейін сауда қайта жанданады, және қытайлық инвесторлардың ұзақ үзілістен кейінгі әрекеттері нарық үшін қызықты болмақ.

Дегенмен, осы аптада айтарлықтай «қызу» оқиғаларды күтуге себеп жоқ. Керісінше, инвесторлар жаңа есеп маусымының басталуын күтумен тыныштық кезеңін таңдайды және көбіне бақылаушы позицияда болады. Сондықтан нарықтағы қозғалыстар минималды болуы ықтимал, ешкім асықпайды. Әрине, күтпеген жаңалықтар болмаса.