2025 жылғы 19-23 мамырдағы сауда-саттықтың қорытындысы

Нарыққа қатысушылардың көпшілігі өткен апта бәрінен түңілдірді, сондықтан оны тезірек ұмыту керек деген ойға келуі мүмкін. Бірақ жағдай керісінше сияқты. Өткен апта баршамызға қалтқысыз инвестициялық бақыт жоқ екенін, сондықтан ахуалдың күрт және қолайсыз болуы мүмкін екеніне әрқашан дайын болу керектігін көрсетті.

Өткен апта жап-жақсы басталған еді. 4 жетіге жалғасқан батыл өсуден кейін, өткен дүйсенбіде акцияларға сұраныс тағы да жақсы болды, ендеше бәрінің көңілін көншітерлік «көктемгі ралли» жалғасатын сияқты көрінді. Бірақ бәріміз қателесіппіз! Аптаның қалған бөлігі «нарық аюларының» шабуылымен өтті – олар «бұқалардың алдыңғы шептегі әскерін» оп-оңай талқандап, нарықты «қиратып жіберді». Осы орайда жаппай сатылымның себебі әр күні әр түрлі болды, баға белгіленімдерінің құлауының қандай да бір ортақ себебі мүлдем жоқ еді. Сондықтан ОСЫЛАЙ БОЛУЫ КЕРЕК ЕДІ деген тұжырымға келеміз. Инвесторлар, шамасы, 4 аптаға жалғасқан өсу тым артықшылық ететініне, сондықтан енді тоқтау керек екеніне психологиялық тұрғыдан дайын болған сияқты. Сөйтіп бәрі де тоқтап қалды!

Сәрсенбінің сауда-саттық күнінің ортасында күтпеген жерден пайда болған жоғары қарқынды жаппай сатылым ерекше қынжылтады. Мемлекеттік борышты басқару проблемасы жаңалық емес екені түсінікті, бірақ бұл оның сандықтан шыққан сайтанша кенет күн тәртібінде пайда болып, бәрінің зәресін ұшырып, бағалы қағаздардың жаппай сатылымын туғызуы керек деген сөз емес қой. Бірақ сәрсенбідегі сауда-саттық ахуалы осындай еді.

Аптаның соңында Американың жаңа бюджетіне қатысты барлық нашар сезім ұмытылып, инвесторлардың жүрегі орнына түскендей болғанда, президент Трамп қайтадан «сахнаға шығып» тарифтерге қатысты тағы да жағымсыз жаңалық ұсынды. Трамптың Apple (AAPL) компаниясына және жалпы Еуропаға тиісуі күтпеген жағдай болғаны соншалық, көпшілігі аңтарылып қалды да, нарық одан да төмен құлдырап кетті.

Нәтижесінде өткен аптада нарық күйремесе де, жағдай баршаға қиын болды. Барлық негізгі жетекші американдық индекстер жапырылыса алға ұмтылып, бір аптаның ішінде 2,5 пайыз шығынға батты. NASDAQ Composite индексі тіпті одан сәл көбірек -2,61% жоғалтты. Бұл дегеніңіз, жаппай сатылым бүкіл бағалы қағаздарды және экономиканың барлық секторларын қамтыды. Аптаның қорытындысына қарағанда, Шикізат секторы (Basic Materials) ғана плюсте (+0,38%) қалды және де бұл көп жағынан алтынға жақсы сұраныс болғанына байланысты. Соңғысының бағасы бұл уақыттың ішінде шамамен 5% жоғарылап, көптеген инвестор әлі күнге алтынды қауіпсіз актив деп қарастыратынын тағы да растады. Айтпақшы, S&P500 индексінің құрамындағы үздік акция атанған Newmont Corporation (NEM) әйгілі алтын өндіру компаниясының акциялары да осыны айғақтайды – ол өткен 5 сауда күнінің ішінде 10%-дан астамға қымбаттады.

Американдық индекстердің бір аптадағы шығыны айтарлықтай көп болса, нарықтағы жалпы келеңсіздік ITS тобы индекстеріне әсер еткенімен, олардың жағдайы жақсырақ еді. Айталық, Америка нарығымен байланысы аздау және географиялық тұрғыда жақсы әртараптандырылған ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі бұл уақыттың ішінде небары 0,5% жоғалтты. ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексінің шығыны 1,7% болса да, бұл жетекші американдық индекстердің жоғалтқанынан айтарлықтай аз.

Жалпы, нарықтағы жағдай қайтадан нашарлай бастағанын айтуымыз керек. АҚШ мемлекеттік борышын басқаруға және тариф мәселесін шешуге қатысты проблема ешқайда кеткен жоқ, ол нарыққа Дамокл семсеріндей қауіп төндіріп тұр. Сол себептен ендігі жағдайдың қандай болатынына қатысты белгісіздік туып, кейбір инвесторлар бағалы қағаздар нарығынан шықпақ ойға келіп отыр. Бақытымызға орай, әзірге мұндай ниет білдірушілер аса көп емес. Сондықтан баға белгіленімдерінің төмендеуі әзірге бір пайызға жеткен жоқ. Бірақ ахуалдың шиеленісуі байқалады, демек тіпті алдағы уақытта оқиғалардың қалай өрбитінін болжау мүмкін болмай отыр.