Жалтырағанның бәрі алтын емес
Өткен апта қазіргі өсімнің қаншалықты осал әрі сенімсіз екенін айқын көрсетті және көптеген инвесторларды қайтадан әрі қарай не болады деген ойға қалдырды? Жылдың алғашқы айы оның қалған бөлігі үшін бағдар болып саналады, осы тұрғыдан алғанда бәрі жаман емес сияқты. Мәселен, CFRA Research компаниясының бас инвестициялық стратегi Сэм Стоувэлл қаңтар айының барометрі «айтарлықтай жақсы беделге ие» екенін атап өтеді. 1945 жылдан бергі статистика көрсеткендей: егер S&P500 қаңтарда өссе, жылдық кірістілік орта есеппен 16,2% болады, ал әдеттегі орташа өсім – 9,3%.
Алайда өткен қаңтар айы айқын түрде қалыптан тыс болды. Жетекші акциялардың баға белгіленімдері ай бойы күрт құбылып отырды. DXY доллар индексі қысқа уақытқа төрт жылдық минимумға дейін төмендеді. Ал жасанды интеллект саласындағы бірнеше танымал компания жақсы десек те, жеткілікті дәрежеде әсерлі емес кірістеріне қарамастан, акцияларын жаппай сатуға тап болды.
Осылайша, Microsoft (MSFT) акциялары қаңтар айында бір күнде $357 млрд көлеміндегі нарықтық капитализациясының тарихи құлдырауынан кейін 11% төмендеді, ал Apple (AAPL) акциялары қаңтарда 4,6% арзандады. Tesla (TSLA) акцияларының құны 4,3% төмендеді.
Екінші жағынан, Meta Platforms (META) акциялары қаңтарда 8,6% өсті, ал Google-дың бас компаниясы Alphabet (GOOGL) акциялары 8% қымбаттады.
Ақыр соңында, бұл аса құбылмалы қаңтар айы бағалы металдар бағасының күрт төмендеуімен аяқталды, бұл соңғы уақытта алтын мен күмісті белсенді сатып алған мыңдаған инвестордың «шашын ағартқаны» анық. Қаңтарға дейін алтын бағасы жеті ай қатарынан, ал күміс тоғыз ай қатарынан өсіп, тарихтағы ең ұзақ «жеңіс сериясын» көрсетті.
Алайда технология секторындағы күрес пен құзға құлдилаған алтынның гүріліне қарамастан, S&P500 индексі қаңтар айының қорытындысы бойынша 1,4% өсімді тіркей алды, Dow Jones – 1,7%, ал Nasdaq Composite – 1% өсті.
Бұдан бөлек, сол баяғы Сэм Стоувэлл атап өткендей, бұл «қалыптан тыс қаңтар» көп жағынан Дональд Трамп әкімшілігінің қалыптан тыс әрекеттерінің арқасында болды. Ол президенттің Венесуэлаға қатысты қадамдарын, Гренландия мәселесіне байланысты еуропалық одақтастарға қарсы жаңа тарифтер енгізу жөніндегі Ақ үйдің қысқа мерзімді қоқан-лоққысын, сондай-ақ енді «Иранға қатысты әскери дабылдардың күшеюін» мысалға келтіреді.
Дегенмен әзірге қор нарығында салыстырмалы түрде тыныштық сақталуда. Кем дегенде, өткен аптаның қорытындысы бойынша іс жүзінде өзгермеген жетекші индекстердің негізгі көрсеткіштеріне қарап солай айтуға болады. Оның үстіне, АҚШ қор нарығының басты бенчмаркі S&P500 индексі бір сәтке болса да 7000 пункттік маңызды межеден өте алды, енді бұл индекстің рекордтық ең жоғары деңгейі 7002,28 пунктті құрайды.
Айтпақшы, жаһандық компаниялар индексі ITS World (ITSW) де өзінің тарихи максимумын жаңартып, 1593,85 пункт деңгейіне жетті.
Десек те, өткен аптадағы «ауа-райын» айқындаған негізгі оқиғалардың басым бөлігі теріс сипатта болғанына қарамастан, аптаның ішінде индекстер айтарлықтай өзгерген жоқ.
Мәселен, көтерме сауда деңгейіндегі тұтыну инфляциясын көрсететін өндіруші бағалар индексі (PPI) желтоқсан айында 0,5%- өсіп, экономистердің 0,2% деңгейіндегі бағалауынан асып түсті. Бизнес импорттық тарифтерге байланысты өскен шығындарын тұтынушыларға аударып жатқан сияқты, және бұл нарық қатысушылары тарапынан айқын түрде теріс қабылданды.
Бұған қоса, инвесторлар көңілк-үйіндегі бұл негативке Трамптың Федералдық резерв жүйесінің төрағасы Джером Пауэллдің орнына кандидат ретінде Кевин Уоршты таңдағаны туралы хабар да әсер етті, ал Пауэллдің өкілеттік мерзімі мамыр айында аяқталады. Дегенмен, J.P. Morgan Asset Management компаниясының бас жаһандық стратегi Дэвид Келли айтқандай, «ФРЖ төрағасы лауазымына таңдау жағдайды айтарлықтай өзгертпейді». Оның айтуынша, адамдар төрағаның ақша-несие саясатын қалыптастыратын анағұрлым ауқымды комитеттегі қосымша бір ғана дауыс екенін жиі ұмытып кетіп жатады.
Уорштың ұсынылғаны туралы хабарландырудан кейін мөлшерлемелерді төмендету траекториясына қатысты нарықтық болжамдар аса өзгерген жоқ: CME компаниясының FedWatch құралына сәйкес, мөлшерлемені төмендету ықтималдығы маусым айындағы FOMC отырысына дейін 50%-дан асып отыр.
Өмір қайнап тұр. Тек нарықтың ары қарай қай жолмен сырғитыны әзірге түсініксіз. Сондықтан қаңтар айының қорытындысы бойынша бір ғана тұжырым жасауға болады: инвесторларға белдігін берік тағып, алдағы дауылға дайындалу керек. «Қаңтар барометрі» бізге тыныш өмір болады деп уәде беріп отырған жоқ.
2 ақпандағы нарық болжамдары
Ақпан айы негативпен басталуда. Бұған, әрине, бағалы металдар нарығындағы жұма күнгі сауданың сәтсіз жабылуы себеп болды. Өкінішке қарай, өткен демалыс күндері құтқару шеңбері бола алмады: бағалы металдар баға белгіленімдерінің құлдырауы жалғасуда. Әрине, бұл өзімен бірге барлық басқа нарықтарды да төменге тартып отыр.
Дүйсенбі күннің бірінші жартысының қорытындысы бойынша бүкіл әлемдік қор нарығы ашық қызыл түске боялды. Орта есеппен 2%-дан асатын ең үлкен құлдырау Азияда байқалады. Азия нарықтары жұма күнгі жаппай сатылымға қатысып үлгермеді және басқалардың барлығын енді ғана қуып жетуде. Еуропада және АҚШ-тың негізгі индекстеріне арналған фьючерстер саудасында да айтарлықтай минус бар – кей жерлерде құлдырау 1%-дан асады. Сондықтан әзірге аптаның бұқалар мен аюлардың қатаң шайқасымен басталғанын атап өтуге болады. Бұл қарсыласудың біз тек бастамасын ғана көріп отыруымыз әбден мүмкін.
Апта онсыз да өте күрделі, жүйкені тоздырарлық болмақ. Мұны қазіргі есептілік маусымының ең қарқынды әрі ең шиеленісті кезеңі болатынынан бастау керек. Негізгі «соққы берушілер», әрине, «Керемет жетіліктің» екі алыбы – Alphabet (GOOGL) пен Amazon (AMZN) болады. Біріншісінің есептілігі сәрсенбі күні сауда жабылғаннан кейін жарияланады, ал екіншісінікі – бір тәулікке кешірек. Осы екі компаниядан бөлек, инвесторлардың назар аударатын нысандары әлі де жеткілікті. Eli Lilly (LLY), Novo Nordisk (NVO), Merck (MRK), Amgen (AMGN), Biogen (BIIB), AbbVie (ABBV) және, әрине, Pfizer (PFE) мен Bristol-Myers Squibb (BMY) сияқты фармацевтика саласының алпауыттарының есептілігі аса қызықты болмақ. Технологиялық сектор екі супержұлдызбен ұсынылады – Advanced Micro Devices (AMD) және 2024 жылдың ең үздік акциясы Palantir Technologies (PLTR), соңғы уақытта оған да оңа болып жатқан жоқ. Көріп отырғанымыздай, есептілікті сүйетіндердің көздері жайнауы үшін осы компаниялардың өзі-ақ жеткілікті. Осы аптада есеп беретін компаниялардың саны ондағанмен емес, бірнеше жүзбен өлшенеді. Сондықтан бізді көптеген (үміттенейік) жағымды тосынсыйлар күтіп тұр.
Макроэкономика майданында аптаның басты оқиғасы, сөзсіз, еңбек нарығы бойынша деректердің жариялануы болады. Сәрсенбі күні, әдеттегідей, ADP агенттігінің жаңа жұмыс орындары жөніндегі деректері шығады, ал жұма күні – BLS статистика бюросы ұсынатын жұмыссыздық деңгейі мен жаңа жұмыс орындары туралы мәліметтер жарияланады. Соңғылары ерекше қызығушылық тудырады, себебі енді BLS-ті Трамптың адамы басқарады – бұл ұйымның деректері қаншалықты тәуелсіз болатыны әлі де белгісіз күйінде қалып отыр.
Міне, осы аптаға арналған күштер арақатынасы осындай. Әрине, қызықты жайттар көп болады. Алайда қызықтың бәрі жаппай инвестор үшін жағымды бола бермеуі мүмкін. Сондықтан осы қарбалас күндері ең алдымен сабыр сақтап, салқынқандылық пен байыпты сананы жоғалтпау қажет. Әрі мына бір нәрсені есте ұстаған жөн: инвестицияның барлығы денсаулыққа пайдалы бола бермейді!