2025 жылғы 5 ақпандағы сауда-саттықтың қорытындысы

Сәрсенбі күнгі инвесторлар Америка-Қытай сауда қарым-қатынасына орай үрейленген жағдайда өткен ауыр да тұтқыр сауда-саттық, абырой болғанда, дұрыс бағытқа бет алып, біршама өсіммен аяқталды. Ал сауда күнінің басында бәрі де әдеттегідей американдық happy end’-пен аяқталады деп сеніммен айтуға ешкімнің батылы жетпеген еді. Негізгі сауда-саттық сессиясы жағымсыз жағдайдан басталды, бұл негізінен Alphabet (GOOGL.-7,29%) тоқсандық есептілігіне және оның күрделі қаржы шығынына тым көп ақша ($75 млрд.) жұмсамақ болып отырған жоспарына, сондай-ақ Advanced Micro Devices (AMD,-6,27%) компаниясының алған пайдасы 4-ші тоқсанның қорытындысы бойынша жоспарланғаннан аз болып шыққаны туралы есебіне байланысты болды. Көріп отырғанымыздай, бұл күні аталмыш екеуі сәтсіздікке ұшырап, нарықтың қалған бөлігін де күйретпек болды. Бақытымызға орай, мұнысы іске аспады. Нарыққа қатысушылар келеңсіз жағдайға қарсы қоятын нәрсені тапты, осылайша нарықтағы жағдай бірте-бірте жақсарып, индекстер баяу болса да, сенімді түрде жоғарылай берді. Осы орайда өсудің негізгі локомотиві кеше инвесторлардың жоғары сұранысына ие болған NVidia (NVDA,+5,21%) акциялары болды. Бұл акцияларды белсенді түрде сатып алудың себебі, біріншіден, олардың соңғы бірнеше аптада және әсіресе нарықта DeepSeek дауылы күшейген соң ЖИ саласында жұмыс істейтін компаниялардың көпшілігінің акциялары зардап шеккеннен кейін жаппай сатылуы болды. Осы уақыттың ішінде NVDA акцияларының баға белгіленімі 18%-дан астамға төмендеді және сатып алу үшін бағасы айтарлықтай тартымды болды. Бұған қоса, чип өндірушілер сегментінің көшбасшысының акцияларына қызығушылықтың елеулі артуы аталмыш Alphabet (GOOGL), сондай-ақ Microsoft (MSFT,+0,22%) компаниясының серверлер мен деректерді өңдеу орталықтарын қамтитын өзінің техникалық инфрақұрылымына арналған күрделі қаражат шығынын ұлғайту жоспарына да байланысты. Деректерді өңдеу орталықтарында жасанды интеллектінің жұмысын қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын графикалық процессорларды (GPU) негізгі жеткізуші болып табылатын NVidia компаниясы шығынды ұлғайтудан тікелей пайда табуы керек. Осындай жағдайда NVDA акцияларын сатып алмасқа болмайды. Инвесторлар осындай қадам жасады.

Нәтижесінде барлық жетекші американдық индекстер сауда-саттық күнінің ортасына таман оң көрсеткішке шықты және ақтық гонг соғылатын кезге қарай NASDAQ Composite индексі бойынша +0,19% бастап Dow Jones (DJIA-30) индексі бойынша+0,71% дейін өсті. Осы орайда S&P500 кең нарық индексінің қарқыны әдеттегідей орташа болды және бұл күнді +0,39% қосып өсіммен аяқтады.

Оның есесіне ITS тобының индекстері кешегі күннің қорытындысы бойынша американдық әріптестерін басып озып, 1 пайызға жуық өсті. Ең болмағанда, ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексінің бұл белгіге жетуіне болмашы ғана – бір пайыздың жүзден бір бөлігі ғана жетпей қалды, сөйтіп оның өсімі анық +0,99% болды. ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексінің нәтижесі сәл нашарлау болғанымен (+0,93%), ол кеше бір пайыздың төрттен бірі кем шығып жете алмаған тарихи максимумға жақындады.

Кеше индекстің екеуінде де өсудің негізгі драйверлері, әлбетте, жартылай өткізгіштер шығаратын компаниялардың акциялары болды. Бірақ егер исламдық бағалы қағаздар индексінде топ жарған баяғы NVidia (NVDA) болса, ITSW жаһандық нарық индексінде NVDA-ды басып озған «пысықай» табылды. Бұл «сабазымыз» Нидерландының чип өндірушісі NXP Semiconductors NV акциялары болып шықты (NXPI,+5,36%), олар да нарыққа қатысушылардың үлкен сұранысына ие болды және капиталдануын 5 пайыздан астамға арттырды.

Қысқасын айтқанда, геосаясатқа байланысты туындап жатқан үрей атаулыға қарамастан, инвесторлар қазір ең алдымен технология секторында арзандаған акцияларды сатып алу мүмкіндігін белсене іздестіруде және өзіміз көріп отырғанымыздай, оны тауып жатыр. ЖИ күн тәртібінен түспейді және жартылай өткізгіш шығаратын компаниялардың акцияларына сұраныс нарықтарды барған сайын жоғарылап отыр.