Экономика екінші планға көшті
Жұма болмаса... Израиль мен Иран болмаса... Қысқасы, осының кесірі тимесе... бәрі жақсы болар еді. Өткен апта Лондонда өткен Америка мен Қытай арасындағы сауда келіссөзінен бастау алған аз-маз жағымды нәрседен басталды. Ғаламат өсу болмаса да, нарыққа қатысушылардың көңіл-күйі біршама жақсарғаны рас. Сондықтан аптаны басы баршаның жігерін арттырды. Америка нарығындағы негізгі бенчмарк – S&P500 индексі алдыңғы аптаны 6000 тармақ деңгейінде аяқтап, өткен аптаның басында бұл табысын баянды етуге кірісті, сөйтіп аптаның ортасына қарай тіпті 6050 тармақ белгісінен асып ақпандағы тарихи максимумына жетуіне қол созым жерде тұрды. Сәрсенбі күнгі сауда-саттық аяқталғаннан кейін шыққан технология секторының алпауыты Oracle Corp.(ORCL) тамаша тоқсандық есептілігі де нарыққа қатысушыларды жігерлендірді. Сайып келгенде, Oracle акциялары осы уақыт ішінде 23%-дан астам өсіп, аптаның қорытындысы бойынша S&P500 индексінің құрамындағы ең жақсы көрсеткішке жетті.
Сонымен, егер апта бейсенбіде аяқталса, барлық индекстер плюсте болар еді. Бірақ... Таяу Шығыстағы соғыс қимылдарының салдарынан жұма күні қандай да бір өсу туралы әңгіме айтудың өзі мүмкін болмай қалды. Осы жағдайда хайп жасағандар болса, бұл энергетика секторы ғана. Бірақ мұнда да бәрі түсінікті – мұнайдың бағасы шарықтап ұшты да, оның ізімен мұнай компанияларының да баға белгіленімдері жоғарылады. Орташа есеппен алғанда ғана өткен аптаның қорытындысы бойынша энергетика компанияларының акциялары +5,67% қосты. Іс жүзінде бұл өсу жұма күні орын алды. Аптаның соңында +0,21% шамасында аздап өскен шикізат саласының компаниялары энергетика секторының «жолын қуғандай» болды. Бірақ компаниялардың негізгі бөлігі тез арада плюс атаулыдан айырылып, аптаның аяғында «қызыл» аймақтан бір-ақ шықты. Осы орайда қаржыгерлер бәрінен де көп зардап шекті – олардың бір аптадағы жалпы шығыны 2 пайыздан асты (-2,28%).
Әлбетте, бұл жағдай барлық жетекші американдық индекстерге әсерін тигізді. Олар жұма күнгі сатылымның салдарынан бір апта бойы жинаған бүкіл табысын жоғалтып, аптаны NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексі бойынша -0,39% бастап Dow Jones (DJIA-30) көгілдір фишкалар индексі бойынша -1,32%-ға жеткен біршама минуспен жапты.
Соңғысының бәрінен деп көп шығынға батуына негізінен бояу өндірісіндегі аса ірі компания Sherwin-Williams Co (SHW) акцияларының құлдырауы себеп болды: аптаның қорытындысы бойынша олар Dow Jones индексіндегі ең нашар акция атанды. Жаппай сауда-саттықтың басталуына Citi Group (C) сарапшыларының осы акцияларға қатысты жағысыз болжамы түрткі болды. «Тұрғын үй құрылысының динамикасы «тұнжыраңқы» болып көрінеді», - деп ескертті Citi талдаушысы Пэт Каннингем StreetInsider.com сайтында жарияланған шағын мақалада. Пайыз мөлшерлемесі жоғары, ал Федералдық резерв жүйесінің бұл мөлшерлемелерді төмендетуі неғайбыл.
Осылайша, қазіргі экономикалық жағдайда Citi мәлімдегендей, оның «2025 жылдың екінші жартысында АҚШ-тың тұрғын үй нарығының айтарлықтай қалпына келетініне сенімі», сондай-ақ Sherwin-Williams акцияларын қазіргі бағамен сатып алу үшін «тәуекел мен пайданың арақатынасы қолайлы» екеніне сенімі шамалы. Көріп отырғанымыздай, инвесторлар Citi сарапшысының ұсыныстарына құлақ асып, компанияның акцияларын жаппай сатуға кірісті. Осының нәтижесінде ол бір аптада шамамен 7 пайыз (-6,99%) құлдырады.
ITS тобының индекстеріне келетін болсақ, олардың жағдайы жұмаға дейін бірдей болды және тіпті айтарлықтай батыл өсті. ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі бір аптаның ішінде тарихи максимумын бірнеше рет қайта жазды, бірақ ақыр аяғында сатушылардың (және бұл американдық қана емес, сондай-ақ еуропалық және азиялық сатушылар) жұма күнгі шабуылына шыдас бере алмай, аптаны -0,87% шығынмен аяқтады.
Оның есесіне ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексі «қайсарлық» танытты – сайып келгенде ол шығынға ұшырамақ түгіл, тіпті бір аптада 1,5 пайызға дерлік қосып (+1,40%) аздап өсті де. ITSS исламдық индексін аман сақтап қалған ең алдымен жұмадағы жаһандық жаппай сатылымнан «мұрты да қисаймаған» мұнай және фармацевтика компанияларының акциялары еді. Сондықтан ең әуелі мұнай саласының алпауыттары Chevron (CVX) және Exxon Mobil (XOM) компанияларына, сондай-ақ Lilly (Eli) & Co. (LLY), Johnson & Johnson (JNJ) және Merck & Co. (MRK) сынды бетке ұстарлары бар «биг фармаға» рақмет айту керек.
Жалпы алғанда, қазір, нарыққа қатысушылар экономиканы шетке ысырып, бүкіл назарын Таяу Шығыстағы соғыс қимылдарына байланысты жағдайға тігіп отырғанын көріп отырмыз. Сондықтан дәл қазір қандай да бір нәрсені болжау өте қиын. Әлбетте, инвесторлар алдағы күндері тәуекелден аулақ болып, мүмкіндігінше қауіп-қатерден сақтануға тырысады. Демек, жұма күнгі жаппай сатылымның жалғасуы әбден мүмкін.
16 маусымда нарықтан не күтуге болады
Қор нарығының ақпары барған сайын соғыс қимылдары туралы деректерге айналып бара жатқаны өте өкінішті. Осы аптада да экономиканың жаңалықтары мен акция баға белгіленімдерінің өзгеруі туралы емес, қираған тұрғын үйлер және ресми тілмен айтқанда, басқа да инфрақұрылым нысандары туралы ақпарат легі толастар емес.
Сондықтан үстіміздегі аптада қандай да бір ерекше жаңалық болады деп күтудің керегі жоқ. Бірақ оның дағдылы апта болмайтыны да анық. Алдағы бірнеше күнде болатын басты оқиға – әлбетте, пайыз мөлшерлемесін өзгерту немесе сақтау туралы шешім қабылдайтын АҚШ ФРЖ Ашық нарықтардағы жұмыс жөніндегі комитетінің (FOMC) кезекті отырысы. Бұл шешім әдеттегідей сәрсенбі күні Астана уақытымен сағат 23:00-де жарияланады және қазіргі уақытта нарыққа қатысушылардың көпшілігінің пікірінше (CME-де саудаланатын фьючерс деректері бойынша оның ықтималдығы 97%), Комитет мөлшерлемені қазіргі деңгейде, яғни 4,25 – 4,50 пайыз дәлізінде сақтайды. Нарыққа қатысушылар бұған дайын және мөлшерлеме туралы қабылданған шешім құбылмалылықтың айтарлықтай артуына әкеп соқтыратыны екіталай.
Инвесторларды шынымен де алаңдатуы мүмкін нәрсе – мамыр айындағы бөлшек сауда бойынша деректер. Олар сейсенбі күні шығады. Бұл деректер тұтынушылық инфляция бойынша деректерді жақсы толықтырады және негізінен тұтынушылардың ақша жұмсауға дайын екенін және ертеңгі күні не күтіп тұрғанынан қорықпайтынын растауға тиіс.
Осы аптадағы барлық маңызды экономикалық жаңалықтар осымен аяқталатын шығар. Бұл орайда естеріңізге сала кететіні, үстіміздегі аптаның бейсенбісі демалыс күні болады, өйткені АҚШ-та Жастар Күні атап өтіледі.
Корпоративтік есептілік бойынша жаңалықтар да тоқтайды. Қазір есептілік мезгілі аяқталды, ал келесі кезеңнің басталуына әлі бір аптаға жуық уақыт бар. Осы аптаның соңында нарыққа әсер етуі мүмкін деген тұрғыдан назар аударуға тұрарлық бірнеше компанияның қызықты есепттілігі ғана шығады. Бұл ең алдымен тамақ өнімдерін шығаратын Kroger Co (KR) сияқты компаниялар және Darden Restaurants, Inc (DRI) мейрамханалар желісі.
Өткен демалыс күндерінен кейін нарықта қалыптасып отырған қазіргі жағдайға келсек, бақытымыға орай, әлемдік инвестициялық қоғамдастық біраз тынышталды және дүйсенбі күнінің бірінші жартысындағы сауда-саттық оң ахуалда өтіп жатыр деп айтуымызға болады. Азия, Еуропа, АҚШ-тағы фьючерстер болсын, іс жүзінде барлық нарықта 0,5 - 1,0 пайыз шегінде біршама өсу бар. Ең жоғары өсу Жапонияда екенін көріп отырмыз – онда жергілікті Nikkei 225 бүгін +1,26% қосты. Шамасы, барлық инвесторлар Иран мен Израиль жанжалын реттеуге болады деп сенеді. Оның үстіне, осы аптада Канадада өтетін жоғары деңгейлі G-7 кездесуінде осынау шиеленісті жағдайға көп көңіл бөлінеді. Бұл шынымен солай болады ма, белгісіз, бірақ расында да мәселе оңынан шешіледі деп сенгіміз келеді. Әлемдік нарықтарда баға белгіленімдерінің өсуі де осыны растап отыр.
Жалпы, егер әскери жанжал маңызын жойса, баға белгіленімдері жұма күнгі жаппай сатылым орын алғанға дейін болған өткен аптадағы деңгейге қайтып келеді деп күтуге болады. Инвесторлар әлі де болса жақсы ойлап, жақсылыққа сенеді, демек, аталмыш S&P500 индексі алдағы уақытта 6000 тармақтан жоғары деңгейге қайтып оралады деген үміттеміз.