Инвесторлардың оптимизмі жойылған жоқ

Өткен апта жазды тең екіге бөлді. Жаздың қызған шағында қаржы нарығы тыныштықта өтуі тиіс сияқты еді. Бірақ олай болған жоқ. Қарбалас қыза түсті, ал сауда айналымдары әлі де жеткілікті жоғары деңгейде сақталып отыр. Ең бастысы – нарық әлі де мықты, ал баға белгіленімдері жаңа биіктерге әлі де көтерілуде.

Америкалық нарықтың басты бенчмаркі – S&P500 индексі осы аптада 0,59% өсіп, сауданы рекордтық деңгейге жақын аяқтады, бұл ең алдымен технологиялық компаниялардың сенімді өсімімен байланысты болды. S&P500 индексі аптаны 6 296,78 деңгейінде аяқтады, бұл өткен бейсенбіде жабылған рекордтық 6 297,36 пункттен сәл төмен. Дегенмен жұма да рекордсыз қалған жоқ – сауда барысында индекс өзінің күн ішіндегі тарихи максимумына жетіп, 6 315,61 пунктке көтерілді. Нәтижесінде индекс шілде айында 1,5%, ал жыл басынан бері 7,1% өсті.

Ал NASDAQ Composite жоғары технологиялық компаниялар индексі күн сайын жаңа рекордтар орнатып, барған сайын жоғары көтерілуін жалғастырып жатыр. Өткен аптада ол тағы 1,51% өсіп, 21 000 пункттік межеге таяп қалды. Жұма күні NASDAQ индексі 20 895,66 деңгейінде жабылды және биылғы жылы 11-ші рет өз тарихи максимумын жаңартты.

Айта кету керек, бұл бүкіл «хайп» мүлде тұрақсыз жағдайда орын алып отыр: бір жағынан, АҚШ-та шілде айында тұтынушылық көңіл-күй соңғы бес айдағы ең жоғары деңгейге көтерілді, ал екінші жағынан, жылдық инфляциялық болжамдар қатарынан екінші ай бойы төмендеуде. Сондай-ақ Мичиган университетінің алдын ала сауалнама нәтижелері көрсеткендей, тұтынушылардың көңіл-күйі 2024 жылғы желтоқсан деңгейінен 16% төмен және өзінің тарихи орташа көрсеткішінен айтарлықтай төмен күйінде қалып отыр.

Америкалық индекстермен бірге ITS индексі тобы да рекордтар жаңартуда. ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі және ITS Shariah (ITSS)исламдық бағалы қағаздар индексі – екеуі де өткен аптада бірдей 1,5 пайызға өсіп, аптаны рекордтық деңгейде аяқтады. Айта кету керек, жыл басынан бері екі ITS индексінің де табыстылығы америкалық нарықтың басты бенчмаркі S&P500 индексінен асып түсті. Егер соңғысы осы кезеңде +7,1% өссе, ITSS индексі +8,35% қосқан, ал ITSW индексінің өсімі екі таңбалы көрсеткішке жетті – +11,08%.

Өткен апта несімен есте қалды дегенде, сөзсіз, жаңа корпоративтік есеп беру маусымының басталуын айта аламыз. Әдеттегідей 2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындылары бойынша алғашқы болып ірі америкалық банктер өз қызметінің нәтижелерімен бөлісті. Кейбір ірі банктер екінші тоқсан бойынша божамнан жақсы нәтижелер туралы хабарлағанымен, келешекке қатысты сақтық танытты. JPMorgan Chase (JPM) екінші тоқсанда болжанғаннан жоғары пайда жариялады, бұған нарықтық көңіл-күйдің жақсаруы аясында инвестициялық-банктік саладағы қалпына келу ықпал етті. JPM банкінің бас атқарушы директоры Джейми Даймон АҚШ экономикасы сауда тарифтерін қоса алғанда, елеулі тәуекелдермен бетпе-бет келуді жалғастырып отырғанын атап өтті.

Тағы бір қаржы алыбы Wells Fargo (WFC) да екінші тоқсан бойынша нарық күткеннен жақсы нәтижелер көрсетті, алайда бір жылға арналған таза пайыздық табыс жөніндегі болжамын төмендетті. Жалпы алғанда банктердің есеп беру нәтижелеріне нарық қатысушыларының реакциясы біржақты болмады және аса жоғары ынта да байқалмады, бұл ең алдымен инвесторлар арасындағы қазіргі белгісіздікті білдіреді.

Айта кету керек, президент Дональд Трамптың агрессивті сауда күн тәртібі 2025 жылдың екінші тоқсанына арналған компаниялар есебінің жедел ағынында негізгі тақырыптардың бірі болды. Дегенмен 2025 жылдың қалған бөлігіне қатысты болжам бұлыңғыр болғанына қарамастан, есеп берген компаниялардың 80%-дан астамының табысы сарапшылар күткен деңгейден асып түсті.

Соған қарамастан басты рөлді әлі де жетекші технологиялық компаниялар атқарып отыр. Егер технологиялық сектордағы компаниялар болмағанда, аптаның қорытындылары мүлде басқаша болар еді. Ең жоғары өсім дәл осы секторда тіркелді — +2,2%. Одан кейін коммуналдық қызметтер саласының акциялары орта есеппен +1,62% өсті. Сондай-ақ циклдік және өнеркәсіптік компаниялардың көрсеткіштері де жаман болмады: тиісінше +1,05% және +0,99% өсім байқалды.

Жекелеген компаниялар деңгейінде Palantir Technologies Inc (PLTR) компаниясын ерекше атап өткен жөн. Өткен аптада оның акциялары +8,03% өсті, бұл S&P500 индексіне кіретін компаниялар арасындағы ең жоғары өсімдердің бірі болды. Бұл акцияларға сұраныстың артуына Knightscope (KSCP) компаниясының Palantir-мен екі жылдық келісімшартқа қол қоюы себеп болды. Аталған келісім Palantir-дің FedStart бағдарламасы аясында жүзеге асады және АҚШ-тың федералды агенттіктеріне сатылымды арттыруға бағытталған. Бұған қоса белгілі сараптау компаниясы Mizuho Palantir акциялары бойынша инвестициялық рейтингін «қанағаттанарлықсыз» деңгейден «бейтарапқа» дейін көтерді, бұл да кейбір инвесторларды аталмыш компания акцияларын сатып алуға ынталандырды.

Аптаның қорытындысы бойынша айтар болсақ, нарықтағы белгісіздік жоғары деңгейде сақталып отырғанына қарамастан, оптимизм де жойылған жоқ. Ол ең алдымен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға және бұл саладағы қызметтер мен бұлтты технологиялар негізіндегі сервистердің табысты дамуына негізделіп отыр. Соның нәтижесінде, қор индекстері жаңа биіктерді бағындыруын жалғастыруда және нарықтағы ралли тоқтаған жоқ.

 

Индекс\тикер

Баға белгіленімі

Өзгеріс (%)

DJIA (DJI)

44 342,19

-0,32

S&P500 (SPX)

6 296,78

-0,01

NASDAQ Comp. (IXIC)

20 895,66

+0,55

ITS WORLD (ITSW)

1 354,65

+0,15

ITS Shariah (ITSS)

1 339,87

-0,26

 

21 шілдедегі нарық болжамдары

Алдағы апта көптеген қызықты және интригалық оқиғалармен ерекшеленбек. Бұл, ең алдымен, өткен аптада басталған жаңа корпоративтік есеп беру маусымымен байланысты.

Биыл біз есептерін жариялайтын компаниялар қатарынан телекоммуникация (VZ, T, TMUS), қорғаныс-өнеркәсіптік кешен (RTX, LMT, NOC), әуе (AAL) және теміржол тасымалдары (UNP), сондай-ақ технологиялық сектор өкілдерін көреміз. Соңғысына ерекше назар аударылмақ: әсіресе GOOGL, IBM және INTC компанияларының есептері айрықша қызығушылық тудырады. Ал сәрсенбі күні сауда жабылғаннан кейін Tesla (TSLA) компаниясының есебі жарияланатынын ескерсек, инвесторлар назарын не мазалайтыны айқын бола түседі.

Нарық қатысушылары мен сарапшылар, сондай-ақ, сейсенбі күні таңертең (Вашингтон уақытымен) өтетін банк конференциясының ашылуында АҚШ Федералдық резерв жүйесінің төрағасы Джером Пауэллдің сөз сөйлеуін үлкен қызығушылықпен күтуде. Президент Трамптың Пауэллге қарсы сыни мәлімдемесінен және қызметтен кетуі туралы қауесеттерден кейін, бұл оқиға ерекше назарда болмақ.

Макроэкономикалық деректер тұрғысынан алғанда, жаңа және екінші деңгейлі тұрғын үйлерді сату бойынша жарияланатын көрсеткіштер ең қызықты ақпараттардың бірі болады. Бұл көрсеткіштер экономиканың даму қарқынын алдын ала болжайтын индикаторлар ретінде маңызды болып саналады және сарапшылар назарынан тыс қалмайды. Алайда олардың нарық қатысушыларының жалпы көңіл-күйіне айтарлықтай әсер етуі екіталай

Аптаның басындағы күштер теңгерімі туралы айтсақ, демалыс күндері ешқандай жағымсыз жаңалық тіркелмегені және әлемдік қор нарықтарындағы жалпы көңіл-күй көтеріңкі екені қуантады. Барлық негізгі нарықтар жасыл аймақта, тек Жапонияның Nikkei 225 индексі 0,2% төмендеді, бұл сол елде осы аптада өтетін парламент сайлауына қатысты инвесторлар алаңдаушылығымен байланысты. Алайда бұл тек Жапонияға тән жағдай, басқа елдерге әсер етпейді. Сондықтан, «бәрі жақсы, құрметті маркиза» демекпіз.

Дүйсенбінің алғашқы жартысы бойынша фьючерстер негізгі америкалық индекстерге төрттен бір пайызға өсті және негізгі сауда сессиясы да оң кілтте өтетіндей мүмкіндік бар. Бұл дегеніміз, бізде индекстердің өздерінің тарихи максимумдарын қайта жаңартуын көру мүмкіндігі тағы да бар. Егер инвесторлардың көңіл-күйін ешнәрсе бұзбаса, онда апта ортасына қарай біз ақыры қазіргі ралли барысында тарихи максимумына әлі жетпеген жалғыз индекс – Dow Jones (DJIA-30) бойынша жаңа рекордты көруіміз әбден мүмкін.

Бұдан бөлек бүгін назар аударуға тұрарлық компания – бұл танымал қаржы-технологиялық компания Block Inc (XYZ), оның баға белгіленімдері жұма күні сауда жабылғаннан кейін шамамен 10% көтерілді. Бұған себеп – осы қызықты компанияның акциялары сәрсенбі күнгі сауда ашылғанға дейін S&P500 индексіне қосылып, жақында Chevron (CVX) мұнай алпауыты сатып алған Hess компаниясының орнын басатыны туралы хабарламаның таралуы.

Көріп отырғанымыздай, биылғы жаз инвесторларды қуантуда, және мұндай көрініс біраз уақытқа дейін сақталады деп үміттенеміз.