2025 жылғы 14 қаңтардағы сауда нәтижелері
Биылғы жылдың бірінші толық жұмыс аптасы құбылмалы басталып, нарық қатысушыларын әлі де «қыл үстінде» ұстап отыр. Бұл өткен сауда-саттықтың оң нәтиже бергеніне қарамастан орын алып отырған құбылыс. Бірақ бұл оң нәтиже деуіміз салыстырмалы түрде ғана, өйткені кейбір индекстер күнді оң көрсеткішпен аяқтаса, кейбіреулері құлдырады. Мұндай жағдай негізгі америкалық индекстерден де, ITS индексін есептегенде де байқалып отыр. АҚШ-та Dow Jones (+0,52%) және S&P500 (+0,11%) индекстері нөлдік деңгейден жоғары көрсеткішпен жабылса, NASDAQ Composite индексі (-0,23%) күнді теріс аймақта аяқтады.
Қазақстанда болса әлемдік нарықтың ITS World (ITSW) индексі аздап оң нәтижемен жабылды. Ол сауда аяқталар кезде нөлдік деңгейден жоғары көтеріліп, 0,12% қосты. Ал ислам қағаздарының индексі жақсы көрсеткіштерге жете алмай, бір күнде 0,6% жоғалтты.
Айта кетерлігі, жалпы сауда өте мазасыз болды және барлық индекстердің бағалары күні бойы бірнеше рет түсіп, кейіннен қайтадан көтеріліп жатты. Инвесторлардың басты назары макроэкономикалық деректерге, әсіресе инфляцияға бағытталды. Сейсенбі күні негізгі америкалық сессия басталмас бұрын өндірушілердің баға инфляциясы (PPI) бойынша деректер жарияланды және олар күтілгеннен сәл жақсы болды. Бұл, әрине, жақсы жаңалық, бірақ негізгі инфляция көрсеткіштері (CPI индексі) ертең жарияланады. Сондықтан кейбір шолушылардың сөзімен айтқанда, инвесторлар қазір жаңалық күтіп, қыл үстінде отыр. Ертеңгі көрсеткіштерден не күту керектігі әлі белгісіз. Сондықтан нарықтың жағдайына кейбір корпоративтік жаңалықтар әсер етті. Олардың ішінен Eli Lilly (LLY,-6,59%) фармацевтикалық компаниясының акцияларын атап өтуге болады. Өкінішке орай, бұл оқиға да теріс нәтижеге әкелді.
Eli Lilly басшылығы сауда басталар алдында компанияның Mounjaro (қант диабетіне қарсы дәрі) және Zepbound (салмақ тастауға арналған дәрі) сияқты атақты дәрілерден алынатын пайда бұрын күтілгеннен де аз болатынын мәлімдеді. Бұл дәрілер компанияның бүкіл пайдасының үштен бірін құрайды. Алайда олардың сатылым көлемі жылдық салыстыруда 32%-ға артқан. Бұл сұмдық! Спекулянттар сол арала жақсы мүмкіндікті пайдаланып, Eli Lilly акцияларын күрт төмендетіп жіберді, тіпті акциялар 8%-ға дейін құнсызданды.
Әрине, бұл көрсеткіш индекстерде де көрініс тапты. Бірақ егер ITS World индексінде Eli Lilly-дың құлдырауы қытай компаниялары акцияларының қарқынды өсуімен өтелсе (сейсенбіде өсудің алғашқы ондығында 9 қытай компаниясы бар!), онда ITS Shariah ислам қағаздары индексінде мұндай «құтқару» болмады, сондықтан ол индекс шағын теріс нәтижемен жабылды.
Дегенмен, қазір уайымдаудың қажеті жоқ. Негізгі оқиғалар 15 қаңтар, сәрсенбі күні басталады. Өйткені сол кезде тұтынушылық инфляция туралы деректер жарияланып, жаңа корпоративтік есеп беру маусымы басталады.