2025 жылғы 28 сәуір – 02 мамыр аралығындағы сауда-саттықтың қорытындысы
Инвесторлар өткен аптаның басталуын әрі тағатсыздана, әрі үрейлене отырып күтті. Индекстер бірден «ғарышқа» ұшқан және сайып келгенде соңғы бір жарым жылдағы ең ауыз толтырып айтарлық апталардың бірі болған алдыңғы аптадан кейін, бұл жағдай тағы да қайталанады деп күту, әрине, ақымақтық болар еді. Олай болады деп ешкім күткен де жоқ, бірақ көпшілік қауым қалпына келуге бет бұрған баға белгіленімдері бұл қарқынын сақтайды және соңғы айлардағы жағымсыз үрдістің беті қайтарылады деген үмітте еді. Олардың үміті шынымен де ақталды. Әрине, алдыңғы аптада NASDAQ Composite индексінің 6% өсімінен асатын қандай да бір жоғарылау туралы әңгіме айту орынсыз болатын. Бірақ жетекші американдық индекстердің барлығы сенімді түрде 3 пайыз өсті. Тек S&P500 кең нарық индексі ғана бір аптада «небары» 2,92% жоғарылап, «аздап ұятқа қалдырғанын» мойындауымыз керек. Бірақ бұған Apple (APPL) компаниясының кінәлі екені айдай анық – «Керемет жетілікке» кіретін компаниялардың ішінде оның есептілігі ғана инвесторлардың жағымсыз бағасын алып, жұма күні есептілігі шыққаннан кейін акциялары 3%-дан астамға құлдырады. Дегенмен, бұл бірыңғай жағдай сияқты. Технология секторының қалған барлық акцияларының жағдайы өте жақсы болды дерлік – олар аптаның ішінде орташа есеппен 4,29% өсті. Капиталдануына орташа есеппен ғана +4,17% қосқан өнеркәсіп компаниялары акцияларының жағдайы да айтарлықтай жақсы болды. Бұған жаңа тариф енгізуге байланысты бәрінің үрейін ұшырған мәселенің біршама басылғаны әсер етті, сондықтан «Бәрі қолайлы болып тынатын шығар!?» деп ойлаған көптеген инвестордың арқа-басы кеңіді. Алайда әзірше босаңсуға болмайтыны сөзсіз.
Ал өткен аптада жолы болмаған «бейбақтар» мұнайдың бағасы (апта ішінде -8% дерлік) мен алтынның бағасы (апта ішінде (-2,6%) төмендеп жатқан жағдайда сатушылардың қысымына ұшырағаны анық болған шикізат және энергетика компаниялары болды. Бірақ шикізат компаниялары сонда да біршама плюс жағдайын сақтап қалса, мұнай-газ секторы аптаны белгісі теріс аумақта аяқтаған 11 сектордың ішінде орташа шығыны -0,38% жеткен бірден-бір сала болды.
Өткен аптада ITS тобы индекстерінің де жағдайы әжептәуір болды. Иә, олардың американдық «әріптестерінен» біршама қалып кеткенін жоққа шығара алмаймыз, бірақ бұл болмашы шама – бір пайыздың оннан бірнеше үлесі ғана. ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі бір аптаның ішінде 2,98% қосса, ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексі +2,64% өсті.
Осы орайда кейбір индекстердің өсу жағынан баяулауының, ең алдымен, ITSW индексінің артта қалуының себебі – Қытай нарығы 1 мамыр мерекесін (Еңбек күнін) тойлаумен болды, сондықтан ол аптаның соңындағы бүкіл жағымды нәрседен құр қалды. Ендеше, үстіміздегі аптаның басында Қытай нарығының қарқынмен өсуін көруіміз әбден мүмкін. Бұл жағдай ITSW жаһандық компаниялар индексіне оң әсерін тигізуі керек.
Жалпы алғанда, өткен аптаның қорытындысын өте жағымды деп есептеуге болады. Демек, инвесторлардың жүрегі орнына түскендей болды. Көптеген компанияның тоқсандық есептілігі сарапшылардың да, инвесторлардың да күткенінен жақсырақ шықты. Рецессия болуы мүмкін деген әңгіме азайды, бұның да нарыққа қатысушыларды тыныштандыратын әсері бар. Сондықтан осы жағдайдың барлығына қарап, нарықтағы жағдай біршама тұрақтанды деп айтуға және жақын арада индекстердің үәтіміздегі жылғы ақпан айының басындағы тарихи максимумына дейін қалпына келуі мүмкін деп болжауға болады.