Shutdown қаупі тура басымызда тұр

Өткен апта аздаған минуспен жабылғанымен, жалпы алғанда инвесторлардың көңіл-күйі аса бұзыла қойған жоқ. Нарық қатысушылары қатты қорыққан қыркүйек ойы да аяқталуға жақын, бірақ болжамдағаннан әлдеқайда жақсы болып шықты. Бақытымызға орай, түзету болған жоқ, ал индекстер бірінен соң бірі жаңа тарихи максимумдарын жаңартып, көтеріле берді.

Дегенмен соңғы 5 күн үш апталық жеңісті серияны тоқтатты: Dow Jones индексі 0,15%, ал жоғары технологиялық компаниялардың NASDAQ Composite индексі 0,65% төмендеді. Осы аралықта АҚШ қор нарығының негізгі көрсеткіші — S&P500 индексі бар болғаны 0,31% азайды.

Нарықтың өсуі неге тоқтап, сәл төмендегенінің басты себебі техникалық факторларда (нарық сәл қызып кеткендей көрінеді), сондай-ақ инвесторлардың ФРЖ-ның пайыздық мөлшерлемені әрі қарай төмендету мүмкіндіктеріне қатысты болжамдарын қайта ой елегінен өткізуінде жатыр. Сондықтан мұндай кідірісті кез келген жағдайда қажет процесс деуге болады: нарық соңғы апталардағы қарқынды өсімнен кейін «бу шығарып», бір сәт тоқтады.

Корпоративтік деңгейде бірнеше қызықты оқиғаны атап өтуге болады.
Біріншіден, Intel (INTC) инвесторларды қуантуды жалғастыруда. Оның акциялары апта қорытындысы бойынша S&P500 индексінде ең үздік болды және тағы да шамамен 17% өсті. Чип өндірушінің акцияларына сұраныстың артуына себеп — компанияның Apple (AAPL) тарапынан инвестиция тартуды жоспарлап жатқаны туралы хабар. Intel қазірдің өзінде мемлекеттен және Nvidia (NVDA) компаниясынан қолдау алған. Егер оларға Apple қосылса, бұл сөзсіз компанияның әрі қарай дамуына үлкен серпін береді.

Өткен аптадағы тағы бір жарқын оқиға — танымал бейнеойын өндіруші Electronic Arts, Inc (EA). Жұма күні компания нарықтан өз акцияларын 50 млрд доллар көлемінде сатып алып, жеке компанияға айналуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Бұл жаңалық EA акцияларының құнын бірден 15% өсірді. Алайда ары қарайғы жағдай әзірге түсініксіз күйінде қалып отыр.

Соңғы күндердің басты «лузерлерінің» бірі – мыс өндіруші Freeport-McMoRan Inc (FCX) компаниясы болды. Оның акциялары Индонезиядағы Грасберг кен орнында форс-мажор жағдай жарияланғаны туралы хабардан кейін екі күнде 20%-дан астам көрсеткішке құлдырады. Сарапшылардың болжауынша, бұл жағдай мыс пен алтын сатылымының төмендеуіне әкеледі.

Дегенмен жалпы алғанда нарықтағы ахуалды әлі де тұрақты деуге болады. Бұны қазіргі деңгейлерде техникалық сауда ретінде қарастырған жөн. Өсімнің тоқтауы кез келген жағдайда орын алуға тиіс еді, және біз оны көріп отырмыз. Бұл жерде қуантарлығы – бұл жай ғана тоқтау, яғни одан да ауқымды түзету емес.

 

Индекс\тикер

Баға белгіленімі

Өзгеріс (%)

DJIA (DJI)

46 247,29

+0,65

S&P500 (SPX)

6 643,71

+0,59

NASDAQ Comp. (IXIC)

22 484,07

+0,44

ITS WORLD (ITSW)

1 481,71

-0,14

ITS Shariah (ITSS)

1 455,66

+0,28

 

29 қыркүйекке нарық болжамдары

Алдағы апта айдың, тоқсанның және тіпті АҚШ мемлекеттік органдары үшін қаржы жылының аяқталуымен ерекшеленеді. Сондықтан 30 қыркүйектен кейін кезекті есепті кезеңнің қорытындыларын шығаруға болады.

Маңызды жайттардың бірі – Қытай нарығының ұзақ апталық демалысқа кетуі. Соған байланысты инвесторлар үшін кейбір маңызды бағдарлар уақытша жоғалады.

Бұл – аптаның алғашқы күндеріне қатысты ақпарат. Ал сәрсенбіден бастап қатысушылардың негізгі назары еңбек нарығына қатысты макроэкономикалық деректерге ауады. Дәстүр бойынша алдымен (сәрсенбі күні) ADP агенттігінің жаңа жұмыс орындары бойынша деректері жарияланады, ал жұмада Еңбек статистикасы бюросының (BLS) ресми мәліметтері шығады: жұмыссыздық деңгейі мен АҚШ экономикасында ашылған жаңа жұмыс орындары. Бұл деректер ерекше маңызды, себебі қазіргі кезде нарық қатысушылары АҚШ ФРЖ-ның алдағы ақша-несие саясаты туралы ойлануда, ал еңбек нарығы бойынша көрсеткіштер мөлшерлеме өзгерісін шешуде ФРЖ мүшелері үшін басты индикаторлардың бірі болып табылады.

Сонымен қатар, нарық қатысушыларына ықпал ететін тағы бір фактор – АҚШ үкіметінің жұмысының ықтимал тоқтауы (SHUTDOWN). Бұл жағдайда жұмыспен қамту деректерінің жариялануы кейінге қалуы мүмкін.

Қазір Конгресс заң шығарушылары АҚШ Үкіметін қаржыландыру мерзімінің аяқталуына байланысты қиындықтарға тап болып отыр. Олар сейсенбіде аяқталатын қаржы жылы басталғанға дейін жаңа қаржыландыру туралы заң жобасын қабылдауға тиіс. Әйтпесе федералдық үкімет 1981 жылдан бері 15-ші рет жұмысының бір бөлігін тоқтатуға мәжбүр болады.

Дүйсенбі күні Конгресстегі екі партияның көшбасшылары президент Дональд Трамппен Ақ үйде кездесіп, осы мәселені талқылауы тиіс. Демалыс күндері Reuters агенттігіне берген сұхбатында Трамп демократтар жаңа қаржыландыру туралы келісімге келгісі келуі мүмкін деген «әсер алғанын» айтты.

Корпоративтік есеп беру маусымы әзірге кідірісте, оның басталуына әлі екі аптадан аса уақыт бар. Дегенмен осы аптада да бірқатар қызықты есептіліктер күтіледі. Дүйсенбі күні, яғни бүгін, сауда басталғанға дейін әлемдегі жетекші круиздік операторлардың бірі Carnival Corp (CCL) өз есебін жариялайды. Көптеген тұтынушылар жалпы экономикалық белгісіздіктен сақтанып, құрлықтағы демалысқа қарағанда круиздерге ақша жұмсауды жөн көргендіктен, компанияның табыстылығы 2025 жылдың 2-ші тоқсанының қорытындысы бойынша соңғы 20 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Сондықтан нарық жақсы нәтижелер күтуде.

Ал сейсенбі күні сауда жабылғаннан кейін Nike (NKE) компаниясының есебі үлкен қызығушылық тудырады. Бұл есеп бүкіл бөлшек сауда сегментінің жағдайына баға беруге бағдар болады.

Дүйсенбі таңындағы нарықтық жалпы жағдайды оптимистік деуге болады. Қытай мен Гонконг нарықтары демалыста болғанымен, қалған әлемдік нарықтар негізінен «жасыл түске» боялған. Дегенмен өсім жарты пайыздан аспай, көбірек «салат түсті» деуге келеді. Бұл жағдай Еуропаға да, АҚШ-тың негізгі индекстерінің фьючерстеріне де тән. Қалай дегенмен аз болса да өсім – жақсы белгі. Бірақ инвесторлардың көңіл күйін алдымен АҚШ Үкіметін қаржыландыру заңын қабылдау (немесе қабылдамау), содан кейін сәрсенбіден бастап еңбек нарығы бойынша макродеректер анықтайды.