2025 жылғы 14 ақпандағы сауда-саттықтың қорытындысы

Әр күндегі сауда-саттық қорытындысын жеке-жеке қарастырсаңыз, өзгеріс тым мардымсыз, нарықта айтарлықтай ештеңе болып жатпағандай болып көрінуі мүмкін. Оның үстіне, шамамен қаңтар айының ортасынан бастап Америка нарығы шынымен де тоқырап, орнынан тапжылмай тұрып қалды. Дегенмен өткен апта күштер жайғасымына түзету енгізді. Нарыққа қатысушылардың өз әрекеттерін қайта қарауына инфляция бойынша деректер себеп болды, өйткені олар күтілгеннен нашар, бірақ шындығында одан тәуір болып шықты. Қысқасын айтқанда, инвесторлардың басын қатырған сарапшылар тұтынушылық инфляция бойынша нашар деректер шындығында жақсы нәрсе екенін және қайта жағдайдың одан да нашарламағанына қуану керек екенін түсінікті тілмен жеткізді. Одан кейін жасанды интеллектіге байланысты жаңа хайп толқыны келіп жағаға соғылғанда бәрінің күпті көңілі сейілді. Барлығы да акция сатып алуға кірісті. Құлшынғаны сонша, бұл индекстерді тарихи максимумдарына жеткізді. Бірақ шынын айту керек, американдықтар оларды қайта жаза алмады. Америка нарығының негізгі эталоны S&P500 индексінің жұма күні (нарық жабылған кезде) қалаулы көрсеткішке жетуіне 4 тармақ аздық етті және абсолютті тарихи максимумын жаңартуына 1 тармақ жетпей қалды.

Бірақ жалпы алғанда апта өте нәтижелі болды және негізгі американдық индекстің 3-і де 5 сауда-саттық күнінде Dow Jones (DJIA-30) индексі бойынша 0,55% бастап NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексі бойынша айтарлықтай қомақты 2,58% дейін қосып, оны сенімді өсумен аяқтады. Осы орайда S&P500 индексі 1,5 пайызға дерлік өсті (+1,47%).

Бірақ S&P500 индексі жасай алмаған нәрсе (тарихи шыңдарын жаңарту) ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексінің қолынан келді. Мұны жай ғана жасап қоймай, өте сенімді және әдемі істеді. Өткен апта ITSW индексінің аптасы болды деп айтуға барлық негіз бар сияқты. Бұл индекс апта бойы өсіп, күн сайын өзінің тарихи максимумын – абсолюттісін де, нарық жабылатын кездегісін де жаңартып отырды. Нәтижесінде осы кезеңде ол 3,58% қосты. Мұндай өсу ең алдымен осы индекстің күшті жақтарына, атап айтқанда, оның өте жақсы географиялық әртараптандырылуына байланысты болды. Өткен аптада Американ нарығы да, Азия нарығы да және ең алдымен Қытайдың бетке ұстар технологиялық компаниялардың акциялары жақсы өсті. Айталық, Қытайдың Alibaba (BABA) сияқты өте әйгілі компанияның акциялары өткен аптада күн сайын шарықтаған алшақтықпен ашылып, нәтижесінде 20 пайыздан астам қымбаттады. Alibaba-дан басқа Baidu (BIDU), NetEase (NTES) және басқа да бірқатар компанияның акциялары болды. Жетекші американдық және қытайлық технологиялық компаниялар акцияларының өсуінің үйлесімі ITSW индексінің жаңа рекордтық шыңға жетуіне жол ашты.

Осындай жағдайда бұл индекс бойынша ETF акцияларының да жақсы өскені түсінікті, олар сауда-саттық барысында психологиялық тұрғыда маңызды 11 доллар белгісін еңсеріп, осылайша осыдан 3 ай бұрын орналастырылған кезден бері табыстылығын 10%-дан асырды.

ITS тобындағы екінші индекс – ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексі де «ағасынан» қалыспауға тырысып, бір аптаның ішінде айтуға тұрарлық +1,74% қосты. Мұнда өсудің негізгі драйвері американдық индекстердегі сияқты АҚШ-тың жетекші технологиялық компанияларының акциялары болды. Осы орайда «Керемет жетіліктің» (NVidia (NVDA) қоспағанда) акцияларының орнына Adobe (ADBE), Cisco Systems (CSCO), Oracle (ORCL) және т.с. сияқты «екінші құрамдағы» технологиялық компаниялардың акциялары көшбасшы болуға ұмтылып жатыр.

Жалпы, осыдан бір апта бұрын нарықта байқалған мазасыздық біршама бәсеңдегенін айта кеткен жөн. Онда белгілі бір оң үрдістің пайда болуы индекстердің жақсы өсуіне және рекордтық деңгейге шығуына мүмкіндік берді. Дегенмен, соңғы күндері инвесторлардың оң заряд алғанына қарамастан, қазір баға өте қатты өседі деп күтпеген жөн. Егер нарықта қандай да бір айқын жағымсыз жайт пайда болмаса, акциялардың өсу үдерісі шұбаланып кететін сияқты.