2025 жылғы 22 мамырдағы сауда-саттықтың қорытындысы

Сәрсенбі күні күтпеген жерден басталып кеткен жаппай сатылым, абырой болғанда, бейсенбіде жалғасын таппады. Бірақ сауда-саттық күні нарықтағы жағдайдың шиеленіскені анық байқалды. Дегенмен жекелеген жақсы жаңалықтар нарыққа қатысушылардың көңіл-күйін біршама жақсартты, сөйтіп финалдық гонг соғылатын уақыт жақындағанда индекстер тіпті жақсы қарқынмен өсе бастады. Өкінішке орай, «нарық бұқаларының» сәл-пәл орнықты «ралли» ұйымдастыруға мұршасы келмеді, сондықтан негізгі сауда-саттық сессиясының соңғы отыз минутында нарықты пайда тиянақтаудың айтарлықтай күшті толқыны басты, осының салдарынан NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексінен басқа, барлық индекстер бұл күнді нөл белгісінде аяқтады.

Жағымды жаңалықтарға келетін болсақ, бұл президент Дональд Трамп ұсынған салық заңы жобасының небары 215 дауыс ҚОЛДАҒАННАН және 214 ҚАРСЫ дауыс берілгеннен кейін АҚШ Өкілдер палатасы мақұлдаған соң Сенаттың қарауына жіберілгені даусыз. Заң жобасында "салықты жаппай азайту, шайпұлға салық салмау, үстеме жұмыс салығын жою, (және) Америкада жасалған автомобиль сатып алғанда салық шегерімін жасау көзделген", - деп жазған еді Трамп әлеуметтік желідегі хабарламасында.

Бірақ қор нарығының аспаны, әдетке айналғандай, бұлтсыз ашық болған жоқ – Ұлттық риэлторлар қауымдастығы жариялаған деректер бойынша үйдің бағасы бір айда рекордтық көрсеткішке жеткендіктен, сәуір айында кенет құлдырап кеткен АҚШ-тағы екінші реттік үйлердің сатылуы бойынша нашар деректер (4,0 млн., ал болжам бойынша 4,15 млн.) ешқайда кеткен жоқ. Бұл деректер инвесторлардың құлағына қауіп дабылы сияқты естіледі – шындығында жағдай кейбіреулер ойлағандай мүлде жақсы емес.

Осылайша, қарама-қайшы деректер ақыр аяғында нарықтың нөл белгісінде жабылуына әкеп соқтырғанын көріп отырмыз.

Бейсенбі күні ITS тобы индекстерінің нәтижесі де осындай болды. Дегенмен, ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі болмашы ғана +0,03% қосып, шынында да күнді нөлмен аяқтаған болса, ITS Shariah исламдық қағаздар индексінің жағдайы одан сәл жақсырақ болды – бір күнде ол +0,40% өсті. Осы орайда бейсенбі күні ITSS индексінде өсудің негізгі драйверлері жетекші технологиялық компаниялардың акциялары болды. Жиынтығында бейсенбіде ITSS индексінде 30 компанияның 15-сінің акциялары өсті. Міне, осы 15 компанияның 11-і – аталмыш технологиялық компаниялардың акциялары. Бейсенбінің қорытындысы бойынша 2%-ға жуық қосқан Tesla (TSLA,+1.92%) акциялары үздік нәтиже көрсетті. Сонымен қатар, фармацевтика саласының алпауыты Merck & Co (MRC,+1,12%) компаниясы инвесторларды қуантып жатыр: мамыр айының бірінші жартысында айтарлықтай сатылымға ұшыраған оның акцияларының баға белгіленімі соңғы апта бойы жоғарылап жатыр және бұл уақыттың ішіндегі оның өсімі 5%-дан асты.

Кешегі күнгі көшбасшылардың арасында Intuit (INTU,+0,92%) компаниясының акцияларын да атап өткен жөн, себебі сауда-саттық аяқталғаннан кейін шығуға тиіс болған оның тоқсандық есептілігін күтіп отырған инвесторлар тарапынан оның қағаздарына сұраныс үлкен болды. Бұл ретте нарыққа қатысушыладың үміті толығымен ақталғанын айта кету керек. Салық декларациясын дайындауға арналған TurboTax қолданбасы, шағын бизнеске арналған QuickBooks бухгалтерлік бағдарламасы, Credit Karma кредит мониторингі және дербес есеп жүргізу сервисі және электрондық пошта арқылы маркетинг жасауға арналған Mailchimp платформасы сияқты өнімдерімен қаржылық бағдарламалық жасақтамаға маманданған американдық трансұлттық компаниясының есептілігі тамаша шығып, инвесторларға қатты әсер етті. Оның есептілігі жарияланған бойда акцияларының баға белгіленімі 8%-дан астамға жоғары шарықтап көтерілді де, тарихи максимумына жетті.

Күннің жалпы қорытындысына келетін болсақ, бір ғана жақсы нәрсе – сәрсенбі күнгі жаппай сатылымның жалғасын таппағаны қуантады. Ендеше қазір нарық біраз тынышталғаннан кейін қағаздарды сатып алу қайтадан басталады және акциялар жоғарылайды деп үміттенуге болады. Сондай-ақ, жоғары технологиялы компаниялардың акцияларына деген сұраныстың жалпы сақталып отырғаны қуанышты, өйткені инвесторлардың әзірше тәуекелге бел бууға бейім екенін білдіреді.