Naryk.kz: ITS алаңындағы сауда 2024 жылы 200 млн долларға жетті
ITS 2024 жылы өзінің сауда инфрақұрылымында 200 млн АҚШ доллары көлеміндегі рекордты сауда көлеміне жетті. Бұл инвесторлар мен айналымдағы бағалы қағаздар санының артуының нәтижесі, деп хабарлайды ITS баспасөз қызметі.
Желтоқсан айындағы сауда көлемі де рекордты 91 млн АҚШ долларына жетіп, өткен айға қарағанда 37% өсті (алдыңғы айда 66,2 млн доллар болған).
Желтоқсандағы ең танымал он бағалы қағазға Tesla (тикер: TSLA), Micron Technology, Inc. (MU), Freedom Holding Corp. (FRHC), Amazon.com, Inc. (AMZN), Alphabet Inc. Class A (GOOGL), Microsoft Corporation (MSFT), NVIDIA Corporation (NVDA), Occidental Petroleum Corporation (OXY), Mobileye Global Inc. Class A (MBLY), MicroStrategy Incorporated Class A (MSTR) акциялары кірді.
«ITS үшін 2024 жыл үлкен жетістікке толы болды – біз басқа сауда платформалары жылдар бойы қажет болатын жолды қысқа мерзімде басып өттік. Біз өзіміздің сауда және есеп айырысу жүйесін құрдық, Орталық Азияда алғашқы ETF саудасын бастадық, ITS-ке қосылған брокерлер санын арттырдық. Бұның бәрі сауда көлемінің өсуіне серпін берді және мен бұл үрдіс жалғаса береді деп сенемін», – деді ITS бас директоры Шыңғыс Қанапьянов.
Сауда көлемінің өсуі ITS-те сауда жасайтын трейдерлер мен инвесторлар санының артуына, сондай-ақ алаңдағы қаржы құралдарының тізімі кеңейген сайын олардың сауда белсенділігінің артуына байланысты. Мұндай үрдіс ITS-тің Қазақстан қаржы нарығын әлемдік экономикаға интеграциялау секілді стратегиялық мақсатына ықпал етеді.
«2025 жылы ITS саудаға қосылатын қаржылық делдалдар санын кеңейтуді жоспарлап отыр, олар тек Қазақстандық брокерлер ғана емес, сонымен қатар басқа елдерден де болады. Сонымен қатар, біз клиенттерге валютамен, туынды құралдармен және акциялар мен ETF-тердің кең ауқымымен сауда жасау мүмкіндігін ұсына отырып, қаржылық өнімдер тізімін кеңейтуге дайынбыз», – деді Шыңғыс Қанапьянов.
2024 жылы ITS-тің болашақтағы жоспарларын жүзеге асыруға мүмкіндік берген негізгі оқиғалар мыналар болды:
Ақпан айында Еуропалық бағалы қағаз нарығын қадағалау органының (ESMA) оң бағасын алу. Сәуір айында Еуразиялық қор биржалары федерациясына (FEAS), желтоқсанда Исламдық қаржыландыру жəне бизнес қауымдастығына (AIFB) қосылу.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) аумағында жасалған жеке сауда және клирингтік инфрақұрылымға көшу. ITS-тің өзінің инфрақұрылымы пост-сауда операцияларының толық циклын қамтамасыз етеді және жаһандық өтімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Жаңа брокерлерді қосу: инвестициялық платформа Paidax тамыз айында өз клиенттеріне ITS-те сауда жасау мүмкіндігін берді, ал қыркүйек айында армяндық Invia Investments брокері қосылды.
Қыркүйек айында саудада қолжетімді бағалы қағаздар саны 2752-ге дейін өсті.
Қыркүйек айында Astana Finance Days аясында алғашқы ITS IDEAS 2024 конференциясы өтті, онда аңызға айналған инвестор Джим Роджерс және саланың басшылары сөйледі, инвестициялық мүмкіндіктер мен нарықтық үрдістер талқыланды.
Қараша айында ETF саудасының басталуы. ITS кең ауқымды инвесторларға өздігінен жасалған ITS World индексінің акцияларымен биржалық мәмілелер жасау мүмкіндігін берді, бұл индекс әлемдік және қазақстандық компаниялардың акцияларының динамикасын көрсетеді.
Желтоқсанда ITS Орталық депозитарийі (CSD) АҚШ салық қызметінен (IRS) квалификацияланған делдал (QI) мәртебесін алды, бұл АҚШ-та тіркелген бағалы қағаздар бойынша табысқа төленетін салық мөлшерлемесін төмендетуге мүмкіндік береді.