2025 жылғы 12 ақпандағы сауда-саттықтың қорытындысы
Барлығы жоспар бойынша жүріп жатыр. Бәрі жөн сияқты. Бірақ, өкінішке орай, бұл қандай жоспар екенін ешкім білмейді – гәп осында. Талдаушылар сейсенбі тыныш және берекелі өтеді деп болжады. Бәрі айтқанындай болды. Сәрсенбіде барлығы бағам құбылады, нарық дүрлігеді деп күтті. Бұл жолы да қателескен жоқ. Бірақ мұның себебі күткеннен өзгеше еді. Бәле ойламаған жерден шықты дегендей. Атап айтқанда, бәріне себеп – тұтынушылық инфляция бойынша шығатын макроэкономикалық деректер.
Сарапшылар қаңтар айында инфляция төмендей береді, бір айға шаққанда оның қарқыны 0,4 пайыздан 0,3 пайызға дейін түседі деп болжаған. Бірақ бәрі керісінше болды: инфляция деңгейі төмендемек түгіл, тіпті 0,5%-ға дейін жоғарылады. Осы орайда жылдық инфляция 2,9 пайыздан 3 пайызға дейін өсті. Базалық индексте (Core CPI) одан да үлкен жылдық инфляция қарқыны тіркелді, бұл 3,3%-ға өскен азық-түлік пен энергия бағасын есепке алмағандағы көрсеткіш. Қысқасы, сұмдық жағдай! Нарыққа қатысушылар бұл деректерді осылай қабылдады. Макроэкономикалық деректер шыққанға дейін индекстер нөлге жақын тұрса, олар жарияланғаннан кейін бірден опырылып түсті, сонымен негізгі сауда сессиясы өткен күннің жабылған нәтижесімен салыстырғанда 1%-дан астам шығынмен ашылды. Бұл жағдайда кейбіреулер «БӘРІ БІТТІ дей бер... Бұдан жаман болуы да мүмкін емес! Енді ФРЖ мөлшерлемені төмендетпейтіні анық, оның үстіне Трамп сауда соғыстарының жаңа кезеңін бастап жібереді де инфляцияны жеделдеді, демек, қор нарығында өсім болмайды және бәрінің өсуінен еш жойылмайтын пайдамен қош айтысамыз!» деп ойлауы мүмкін.
Дегенмен, инвесторлар мұндай қамықтыратын ойдың тұңғиығына бата қойған жоқ – сәлден кейін мұны үрейлі түс сияқты ұмытып, қайтадан арзандаған бағалы қағаздарды сатып алумен болды. Нарық еш себепсіз жайымен болса да, сенімді түрде қалпына келе бастады, ал жоғары технологиялық компаниялардың NASDAQ Composite индексі тіпті сауда-саттықтың соңына қарай мардымсыз болса да, плюске (+0,03%) шықты. Оның екі үлкен әріптесі – Dow Jones (DJIA-30) индексі және Америка нарығындағы негізгі бенчмарк S&P500 индексінің жолы болмады, сөйтіп күннің соңына қарай екеуі сәйкесінше -0,50 және -0,27 пайыз жоғалтып, аздаған минуспен жабылды.
Бірақ американдық индекстердің қолынан келмеген нәрсені ITS тобының индекстері жасады. ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексі де, ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексі де тиісінше +0,19% және 0,07% қосып, күнді нөлден жоғары белгіде аяқтады. Осы орайда ITSW индексі, бір күн бұрын жасағандай, өзінің тарихи максимумын – абсолюттісін де, нарық жабылатын кездегісін де жаңартты. Оған ең алдымен акциялары күннің қорытындысы бойынша ITSW индексінің құрамында ең жақсы болып шыққан және 7%-дан астам қымбаттаған қазақстандық алпауыт – Kaspi.kz (KSPI,+7,47%) компаниясының қағаздары көмектесті. Ал KSPI-ден кейінгі орынға сәрсенбі күні бүкіл әлем инвесторларының жоғары сұранысына ие болған және ITSW жаһандық нарық индексін қолдауға елеулі үлес қосқан Қытайдың технологиялық алпауыттарының акциялары шықты.
Бұл күні ITSW индексінде акциялары құлдыраған мұнай-газ секторы компанияларының жолы болмады. Бұл сектор S&P500 индексінің құрамындағы ең нашар болып шықты, оның шығыны орташа есеппен алғанның өзінде 2,1% жетті. Ал ITSW индексінің құрамында мұнай секторының алыбы Exxon Mobil компаниясының акциялары (XOM,-3,87%) ең нашар атанды, кеше инвесторлардың жаңа сауда соғыстары басталады және мұнайға сұраныс азаюы ықтимал деп үрейге салынуынан олардың құны 4% дерлік арзандады.
ITSS исламдық бағалы қағаздар индексіне келетін болсақ, мұнда Tesla (TSLA,+2,44%) және AstraZeneca (AZN,+2,34%) акциялары көш бастады. Кешегі күніқатты құлдыраған біріншісінің акциялары қайта көтерілді (6%-дан астам), бірақ бұл өсім жалғасатын-жалғаспайтыны әзірше мүлдем белгісіз.
Оның есесіне, Британияның фармацевтика алпауыты AstraZeneca (AZN) компаниясының акциялары енді өсе бастаған сияқты. Компанияның өткен аптада жарияланған тоқсандық есептілігіне инвесторлар таң-тамаша болды деуге болады. Атап өтетіні, AstraZeneca компаниясының бір тоқсандағы қызметінің нәтижесі талдаушылардың бағалауынан айтарлықтай ерекшеленді. Орташа есеппен Компанияның қызметін бақылаған сарапшылар оның кірісін әлдеқайда төмен бағалаған (14,15 миллиард доллар) және түзетілген таза пайдасын бір акцияға шаққанда 1,06 доллар болады деп болжаған.
Жалпы атап өтетіні, AZN өзіне тән ерекшелігі, AstraZeneca пайдасының басым бөлігі оның түржинағы кең ауқымды өзінің дәрілерін сатудан келетін түсімнен құралады. Есепті кезеңде компания онкология, респираторлық аурулар және иммунология саласында ерекше табысқа қол жеткізді, бір жыл ауқымында есептегенде тиісті дәрілік препараттар сатылымы сәйкесінше 24% және 25% өсті. Жүрек-тамыр, бүйрек және зат алмасу жүйесінің (CVRM) ауруларын емтейтін препараттарын сату көрсеткіші 20% өсті.
AZN компаниясының акциялары дәрі-дәрмектің көптеген санатында тұрақты өсімімен, сондай-ақ тиімділік көрсеткіштерінің жоғары болуымен ерекшеленіп отыр. Сондықтан көптеген сарапшының осы компанияның алдағы даму келешегіне нық сеніммен қарайтыны түсінікті.
Сәрсенбідегі сауда-саттықты қорытындылай келе, атап өтетіні, әзірше инвесторлардың жағымсыз жағдайды байқағысы келмейтіні және позицияларын сақтап, жаңа акцияларды сатып ала беруге дайын екені анық. Нарық тефлон қабаты бар нәрсеге айналғандай. Оған ештеңе жабыспайды. Бұл бір жағынан жақсы, екінші жағынан жаман. Жақсы жері – әзірше ешбір алаңдаушылық белгілері немесе бәрін жаппай сату ниеті байқалмайды. Бірақ, екінші жағынан, бұл жаман, өйткені егер жағымсыз жағдайдың нарыққа байқаусыз әсері жалғаса берсе, «бөгет бұзылатын» және нарық қирап, жолындағының бәрін жайпап жоқ қылатын күн де келуі мүмкін. Бетін аулақ қылсын.