Қайткен күнде де жеңіске жету керек

Жеңіс. Өткен сейсенбіні жеңіс күні деп жариялауға барлық негіз бар. Израиль жеңіске жеткенін жариялады. Иран жеңіске жеткенін жариялады. Президент Трамп тамаша жеңіске жеткенін жариялады. Әлбетте, қор нарығындағы инвесторлардың да сейсенбінің қорытындысы бойынша жеңіске жеткенін жариялауына болады. Бірақ бұл шынайы жеңіс екендігіне кейбір күмән бар. Бірақ біздің әлемде бәрі де салыстырмалы! Сол себепті, қалай болғанда да, бұл жеңістің қор нарығына тигізген әсерін өз көзімізбен көріп отырған жайымыз бар.

Кешегі күн нарыққа қатысушылардың батыл оптимизмі жағдайында басталды, сауда-саттық барысында қандай да бір олқылық, түзету және пайданы тиянақтап алу болған жоқ. Негізгі сауда сессиясының соңғы минуттарында ғана бағаның аздап төмендегенін байқадық, бұл күн алыпсатарларының позициядан шығуымен түсіндіріледі.

Нәтижесінде барлық жетекші американдық индекстер S&P500 кең нарық индексі бойынша +1,11% бастап, NASDAQ COMPOSITE индексі бойынша +1,43% дейін қосып, сенімді плюспен жабылды. Бұл орайда соңғысының «інісі» – NASDAQ 100 индексі тіпті үстіміздегі жылдың 19 ақпанында жасалған тарихи максимумын сәтімен қайта жазды. Бірақ осындай жетістікке жеткен NASDAQ 100 индексі ғана емес. Кешегі күннің қорытындысы бойынша 1283,28 тармақ белгісінде жабылған ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексі де өзінің ATH (all time high) көрсеткішін жаңартты.

Кеше салалар деңгейінде орын алған көрініс те нарықта жаппай оптимистік көңіл-күй орнағанын айғақтайды. 11 сектордың 9-ы күнді плюспен аяқтады. Мұнай-газ секторының акциялары ғана залал шекті – ондағы орташа шығын 1 пайыздан асты (-1,08%). Бірақ мұнда таңғаларлық ештеңе жоқ, өйткені қара алтынның баға белгіленімі қарыштап құлдырап жатыр – кеше ол 5 пайыздан астамға құлады.

Сауда-саттық күнінің қорытындысы бойынша үздік болып орташа есеппен 2 пайыз қосқан (+2,00%) технология секторының акциялары атанды. Бірақ мұнда да күтпеген жағдай болды. Нарықта оптимизм артып келе жатқан тұста технологиялық компаниялардың акциялары әрқашан жалпы нарық өсуінің негізгі драйверлері болады. Ендеше, кешегі күннің қорытындысы бойынша ITSS индексінде табыстылық көрсеткіштері бойынша үздіктердің бірінші ондығына технология секторы компанияларының бақандай 8 акциясы кірді. Айта кететіні, бұл Advanced Micro Devices (AMD), Oracle (ORCL) немесе Broadcom (AVGO) сынды американдық компаниялар ғана емес, олардың қатарында Азия мен Еуропадағы технология көшбасшыларының да (Taiwan Semiconductor Manufacturing (TSM) и Sap SE (SAP)) акциялары бар.

Кеше жағдайы әжептәуір болған және күн қорытындысы бойынша +0,86% қосқан ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексінде американдық бигтех компанияармен қатар жетекші қытай компаниялары жөн сілтеді. Трамптың жеңісінен Азия да хайп жасап жатыр, сөйтіп азиялық индекстер жапырылыса биікке шарықтап барады. Гонконгтың Hang Seng индексі тіпті 3 ай бұрын болған жергілікті максимумына жақындады. Бұл индексте, сондай-ақ ITSW индексінде де Қытайдың Alibaba (BABA), Baidu (BIDU), JD.com (JD), NetEase (NTES) сияқты ең әйгілі компаниялары және тағы да көптеген басқасы жөн сілтеп отырды.

Көріп отырғанымыздай, барлық нарықта толығымен оптимизм орнады. Төбесі көкке жеткен инвесторлар іс жүзінде барлық нарықта – Еуропа, Азия және АҚШ-та да акцияларды қуана-қуана сатып алуда. Болжам жасалғандай, кейбір жаһандық индекстер өздерінің тарихи максимумы деңгейіне жетті, ал кейбіреулері тіпті одан асып кетті де. Дегенмен, «Бұл өсім қаншалықты нық болады?» деген сұрақтың жауабы әзірге белгісіз. Бұл жеңіліске бара-бар Пирр патшаның жеңісі болып шықпай ма? Кеше АҚШ Конгресінде жарты жылдың есебін беріп сөз сөйлеген АҚШ ФРЖ Төрағасы Джером Пауэллдің көптеген нарыққа қатысушыдан айырмашылығы, оның рухы көтеріңкі емес еді – ол ФРЖ мөлшерлемені төмендетуге асықпайтынын және тарифтің көтерілу қаупі бар, бұл өз кезегінде инфляция өсуінің жаңа толқынын тудыруы мүмкін екенін тағы да атап өтті. Сондықтан қазір нарықтың өсіп жатқанына қуанып, одан ақша табуға тырысайық, бірақ ақыл мен парасатқа жүгінейік. 

 

   Индекс\тикер

Баға белгіленімі

Өзгеріс, %

DJIA (DJI)

43 089,0

+1,19

S&P500 (SPX)

6 092,18

+1,11

NASDAQ Comp. (IXIC)

19 912,5

+1,43

ITS WORLD (ITSW)

1 317,92

+0,86

ITS Shariah (ITSS)

1 283,28

+0,81

 

25 маусымда нарықтан не күтуге болады

Кеше нарық жақсы өскеннен кейін сәрсенбі күні барлығының алып ұшқан көңілі су сепкендей басылды. Таяу Шығыстағы жанжалдың аяқталуына байланысты (әлде тараптардың бітімге келуіне ме?) хайп ұзаққа созылмайтыны кеше де белгілі болған. Проблема ешқайда кеткен жоқ, жауаптан гөрі сұрақтың көбірек екені де рас. Инвесторлардың мұның бәрін жақсы түсінетіні анық. Сондықтан сәрсенбі күні нарыққа қатысушылар алдыңғы күндегідей жігерлі емес. Бүгін айқын оптимизм Азия сауда-саттығында ғана байқалады, негізінен бұл американдық нарықтың кешегі өсуінің буымен болып отырған жағдай. Сол себепті Азия толығымен «жасыл түске боялған», ал ең сәтті сауда-саттық құрлықтық Қытай мен Гонконг биржаларында өтіп жатыр, онда индекстер күн қорытындысы бойынша 1 пайыздан астам өсті (Shanghai Composite индексі +1,04% және Гонконгтың Hang Seng индексі +1,23% қосты).

Ал Еуропадағы жағдай әлдеқайда тыныш, кешегі бір жарым пайызға өскен еуропалық индекстер бүгін «жасыл түске боялғанымен», нөл белгісіне жақын тұр. Ең үлкен өсу Италияда орын алды, онда Милан биржасының индексі 0,2% өсті! Қысқасы, нөл дегеніміз нөл.

Негізгі американдық индекстер бойынша фьючерс сауда-саттығы да осындай жолмен жүріп жатыр, ондағы баға белгіленімдері нөл белгісінен болмашы ғана 0,1%-дан аспайды.

Нарықта тыныштық орнағанына қарап, сауда-саттыққа қатысушылар бүгін ФРЖ Төрағасы Джером Пауэллдің сөзін күтеді деп болжауға болады. Кеше Конгресте есеп берген ол бүгін АҚШ Сенатында сөзін жалғастырады. Бірақ кеше Пауэлл мырза жаңа ештеңе айтқан жоқ, сондықтан елдің бас қаржыгері бүгін де маңызды нәрсе айта қоймас. Ендеше, егер жұртты елең еткізетін қандай да бір жағдай болмаса, сауда-саттық айтарлықтай тыныш жағдайда өтеді және индекстер кешегі деңгейден тым алыстап кетпейді.

Бірақ сауда-саттықтан кейін жалпы нарықты аяғынан тік тұрғызуы мүмкін өте қызықты оқиға болады. Финалдық гонг соғылғаннан кейін жартылай өткізгіштер өнеркәсібінің сөзсіз көшбасшыларының бірі – жетекші микрочип өндіруші Micron Technology (MU) компаниясының тоқсандық есептілігі шығады. Micron есептілігінің зор үміт күттіретінін мойындау керек. Компания қарқынды жұмыс істеп жатыр және соңғы уақытта тамаша нәтижеге жетті, бұл оптимистік болжаммен қатар оның акцияларының баға белгіленімінің жоғары шарықтауына ықпал етіп отыр. Сәуір айының басында Micron акциялары 64 доллар тұрған болса, қазір бағасы 128 долларға жуықтады. Үш айда 100% – өте тамаша нәтиже екендігіне келісу керек. Бұған қоса, қазіргі уақытта көптеген талдаушы осы компания бойынша өздерінің target price көрсеткішін қайта қарап, бір акция үшін 145 – 150 доллар деңгейіне көтеріп жатыр. Сондықтан компанияның есептілігі компания акцияларының қазіргі өсуі қаншалықты негізді екендігін және олардан жақын арада не күтуге болатынын көрсетеді. Кез келген жағдайда сарапшылар Micron компаниясының есептілігі шыққаннан кейін оның акциялары қатты қозғалыс тудырады деп күтуде, опциондар нарығының баға белгіленімі бойынша ол ағымдағы баға деңгейінен +\- 10 пайыз болуы керек. Ендігі кезекте бағаның беталысы қандай болатынын түсіну ғана керек.

Нарықтың аздап дамылдап алуы керек екені баршаға түсінікті. Бірақ одан кейін не болады? Индекстер өздерінің тарихи максимумына жақын тұрғандықтан (ең алдымен ATH жету үшін бар болғаны 0,7% көтерілуі керек S&P500 индексі), нарыққа қатысушылар бұл жолмен болмаса, екінші жолмен индексті оған жеткізуге күш салады деп болжауға болады. Мұны (егер бұл шынымен де болса), алдағы уақытта күтуге болады. Сондықтан жуырда жаңа рекорд көреміз деген үміттеміз.