2025 жылғы 28 ақпандағы сауда-саттықтың қорытындысы
Боранды ақпан айы да аяқталды, бірақ бұдан жағдай жақсара қояды ма? Өткен аптаның жұмасы ақпанның долы дауылының соңғы аккордындай болды. Абырой болғанда, бұл соңғы аккорд көңілге үміт ұялатады.
Бәрі де дағдылы жолмен басталған еді. Бірнеше күнге жалғасқан сатылымнан кейін оның тоқтайтын кезі де жақындап қалған болатын, сондықтан нарыққа қатысушылардың көбі бұған моралды түрде дайын еді. Бұл үшін кішкене ғана ерекшелік – бір шымшым тұз – баға белгіленімдерінің өсуіне серпін беретін кішігірім позитив қана жетпей тұрды. Міне осындай шағын ғана позитив (қандай да бір үлкен позитив емес, шағын ғана позитив) жұма күні макродеректер тарапынан келді. Сауда-саттық басталмай тұрып-ақ PCE тұтынушылық инфляция индексі бойынша деректер шықты, бұл индексті АҚШ ФРЖ мүшелері мөлшерлемені не ол, не бұл бағытта өзгерту туралы шешім қабылдаған кезде негізге алатынын ескере кеткен жөн. Қаңтар айындағы бұл индекс деректері сарапшылар болжаған деңгейде болып шықты, бұл инвесторларды қуантқан жайт. Сондықтан жұма күнгі сауда-саттық біршама көтеріңкі көңіл-күйде басталды, ал индекстер негізгі сауда-саттықтың басынан бастап плюсте тұрды, мұның өзі өткен аптаға жалғасқан жаппай сатылым аясында айтарлықтай жетістік болды. Дегенмен, бұл шамалы ғана өсім еді және Трамптың жұма күні түстен кейін Ақ үйдің Овал кабинетінде ұйымдастырған ақылға қонбайтын шоуы болмағанда, ол соңғы гонг соғылғанға дейін сол деңгейде қала берер еді. Аталмыш шоуға қатысты пікір білдірмейміз, бірақ қор нарығына қатысушыларға оның ұнағаны анық және ең бастысы, оның әсерімен жаңа сатып алу толқыны туып, индекстерді биікке шарықтатып жіберді. Нәтижесінде күннің соңына қарай барлық жетекші американдық индекстер бір пайыздың ондық үлесіне емес, айтарлықтай 1,5 пайызға немесе одан да көп өскенін көрдік. Бірақ бұл өсудің нарықта қалыптасқан жағдайды толығымен түзете алмағаны және S&P500 бен NASDAQ Composite кең нарық индексінің тиісінше 0,97% және 3,47% 0,97% 3,47% төмендеп, аптаны шығынмен аяқтағаны рас.
Индекстер шығынының айтарлықтай айырмашылығына қарап (айтпақшы, Dow Jones индексі 0,95% қосып, аптаны плюспен аяқтады), өткен аптада негізінен қай акциялардың сәтсіздікке ұшырағанын анық айтуға болады. Әлбетте, бұл бигтех компаниялар және олардың үзеңгілес жолдастары – бәсекелестері болды. Жұма күнгі айтарлықтай көтерілгеніне қарамастан, ЖИ-мен тығыз байланысты 3 негізгі технологиялық сектордың жалпы шығыны өте елеулі болғанын мойындау керек. Ең көп зардап шеккен технологиялық секторға кіретін компаниялардың барлық акциялары бойынша орташа құлдырау көрсеткіші 4,26%-ға келіп жығылды. Consumer Cyclical (-2,56%) және Communication Services (-2,38%) секторларының шығыны сәл азырақ.
Ал қарама-қарсы полюсте қорғаныс активтері үшін орынды түрде жылжымайтын мүлікті басқару секторында (Real Estate - +2,44%), қаржы секторында жұмыс істейтін компаниялардың - +2,33%, сондай-ақ алдымен қажетті тауарларды өндірумен айналысатын компаниялардың (Consumer Defensive - +1,48%) акциялары болды. Демек, бұл мағынада толығымен классикалық жағдай қалыптасқанын көріп отырмыз – инвесторлар тәуекелі көп активтерден бас тартып, қорғаныс активтеріне қаражат сала бастады. Осы орайда, көріп отырғанымыздай, олар әзірге қор нарығынан кетіп жатқан жоқ, тәуекелді азайтуға ғана тырысып жатыр.
Осыған ұқсас көріністі ITS индекстерінде де байқауға болады. Мұнда да, Америка нарығында да орнаған елеулі сатылым жағдайында инвесторлар ең алдымен тәуекелі жоғары бағалы қағаздардан құтылуға тырысқанын көріп отырмыз. Ал қазіргі уақытта негізгі тәуекел Америка нарығымен байланысты болғандықтан, портфелі тек қана американдық компаниялардың бағалы қағаздарынан тұратын ITS Shariah исламдық бағалы қағаздар индексі ең көп дәрежеде зардап шекті. Бұл индекс бір аптаның ішінде құнының 2,44%-ын жоғалтты. Ал географиялық жағынан өте жақсы әртараптандырылған және портфелінде американдық компаниялардың бағалы қағаздарынан басқа Азия мен Еуропа эмитенттерінің акциялары бар ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексі айтарлықтай аз шығынға ұшырады – бар болғаны 1,42%. Осы орайда жұма күнін қоспағанда, іс жүзінде бір апта бойы өсудің негізгі драйверлері, ең алдымен, Қытай технологиялық компанияларының акциялары болды. Жұма күні ғана олар американдық технологиялық компаниялармен орын алмасты: американдық техтер жоғарыласа, қытай техтері төмен түсті. Портфельді географиялық жағынан әртараптандырудың тамаша нәтижесі осындай.
Солай болғанымен, жұманың айтарлықтай жақсы және жағымды нәтижемен жабылғанына қарамастан, жағдай түбегейлі өзгерді және инвесторлардың көңіл-күйі толығымен минустен плюске ауысты деп айтуға болмайды. Қазір бір-ақ нәрсе анық: нарық Трамптың дегенімен жүр және инвесторлар қазіргі ахуалдың ешбір экономикалық аспектісіне мүлдем назар аударғысы келіп тұрған жоқ. Бірақ бұған назар аудару керек, нарыққа қатысушылар ерте ме, кеш пе мұны істеуге мәжбүр болады және ол кезде ешқандай Трамп көмектесе алмайды. Сондықтан Трамп президенттігі басталысымен нарыққа келген белгісіздіктің барған сайын белгісіз болып бара жатқаны өте өкінішті. Мұның салдары өте, өте жағымсыз болуы мүмкін. Бұған дайындалу керек, және, әрине, осыған орай инвесторлардың өз портфельдерін стреске төзімділік және күтпеген сыртқы (көріп отырғанымыздай, ең әуелі геосаяси) тәуекелдерден қорғалуы жағынан тексергені жөн.