2025 жылғы 21 ақпандағы сауда-саттықтың қорытындысы

Апта сондай жақсы басталған еді. Аптаның өзі қысқа, нарықта жағымды көңіл-күй орнады, индекстер рекордын жаңартып жатыр, корпоративтік есептілік жалпы алғанда соңғы 3 жылдағы ең жақсы саналады. Бұл туралы тек армандайтын едік қой?! Осы орайда инвесторлар жағымсыз нәрсені мүлдем елемей, оған ешқандай мән бермей қойды. Әңгіме инфляция бойынша түсініксіздеу макро деректер, Трамп тарифке қатысты орнатқан бейберекеттік және АҚШ-тың Президент әкімшілігінің мемлекеттік шығынды және мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту жоспарының анықсыздығы туралы болып отыр. Бірақ нарыққа қатысушылардың айтарлықтай белгісіздікті елемеуі әрқашан бір нәрсемен, атап айтқанда, күрт төмендеумен аяқталатыны анық. Ақыр аяғында жағдай осылай болды. Нарық өткен бейсенбі мен жұмадағы жаппай сатылыммен шектеле ме – белгісіз, бұл алдағы аптада анықталады, бірақ өткен жұма биылғы жылдың ең нашар сауда-саттық күні болғаны даусыз.

Жаппай сатудың жергілікті себебі, біріншіден, ритейлинг алпауыты Walmart компаниясы (WMT,-2,50%) есептілігінің нашар шығуы болды, бейсенбіде есептілігі шыққаннан кейін ол бүкіл капиталдандыруының 7% жуығын жоғалтты, ал жұма күні бұған қоса -2,5% құлдырады. Екіншіден, жұма күні жарияланған деректер АҚШ-тың іскерлік белсенділігі 17 айдағы минимумға дейін төмендегенін көрсетті, бұл кәсіпорындар мен тұтынушылардың Трамп әкімшілігінің саясатына барған сайын қатты алаңдайтынын айғақтайды. Мәселен, S&P Global Services PMI индексі ойламаған жерден аса маңызды 50 тармақ белгісінен төмендеді (49,7), ал қайталама нарықтағы үйлерді сату бойыша деректер болжамнан да нашар шықты (болжанған 4,13 млн. орнына 4,08 млн.).

Бірақ айта кететіні, егер инвесторлардың «аздап пайда табуға» (бірақ аздап па?) ұмтылысын анық көрсеткен көңіл-күй болмағанда, мұның барлығын нарыққа қатысушылар осыншама жақтырмай қабылдамас еді. Нәтижесінде болар іс болды. Бейсенбі күнгі кішігірім төмендеу жұма күні айтарлықтай құлдырауға ұласты және бұл үрдіс осы сатылым қамтыған экономика секторлары мен бағалы қағаздардың ауқымы барған сайын кеңейді. Сайып келгенде сатылым алдымен қажетті тауар (Consumer Defensive) өндіретін компаниялардың акцияларынан басқа барлық секторларға әсер етті. Бірақ соңғыларының қорғаныс сегменті деп саналатыны бекер емес, сондықтан соңғы болып құлдырайды.

Екі күндік жаппай сатылым аптаның қорытындысына да әсер етті. Сала деңгейінде Health Care секторы ғана +0,2% қосып аман қалды. Коммуналдық компаниялардың акциялары да нөл белгісінен жоғары ұстанымын сақтап қалды, бірақ +0,01% өсуді өсім деп айтуға болмас. Ал қалған 9 сектор минусқа кетті. Осы орайда кейбір секторлар айтарлықтай құлдырады – коммуникация қызметі (Communication Services) және циклдік тауарлар мен қызметтер (Consumer Cyclical) саласында жұмыс істейтін компаниялардың акциялары бір аптада орташа есеппен 3 пайыздан астам (тиісінше 3,16% және 3,08%) жоғалтты. Өнеркәсіп және шикізат компанияларына келсек, олардың акцияларының орташа шығыны 2,5 пайыздан асты (тиісінше -2,64% және -2,62%).

Әлбетте, аптаның басында ғана тарихи максимумына жеткен индекстер де зардап шекті. 2,51% құлдыраған Dow Jones (DJIA-30) және NASDAQ Composite индекстері ең көп шығынға ұшырады. Америка нарығының негізгі бенчмаркы саналатын S&P500 индексінің шығыны азырақ болғанымен, бәрібір айтарлықтай -1,66% жетті. Атап өтетіні, S&P500 индексі өзінің 200 күндік жылжымалы орташа мәнінде орнығып алды, мұның өзі оған жақсы техникалық қолдау болады және ол жағымсыз үрдіске шыдас беріп, нарықтың одан да төмендеуін болырмайтын шығар.

ITS тобының индекстерінің де орын алған сатылымды айналып өтуі мүмкін емес еді. Бірақ оларға оның апатқа апаратын салдарының әсері американдық әріптестеріне қарағанда азырақ тиді. Шынын айту керек, бұл жерде «апатқа апаратын салдар» деген сөз әзірге асыра көрсетуден басқа ештеңе емес. Дегенмен, ITS World жаһандық нарық индексі бір аптаның ішінде 0,44%, ал ITS Shariah исламдық бағалы қағаздар индексі -1,02% төмендеді.

Өткен аптаның қорытындысы бойынша, 0,44% мөлшеріндегі шамалы төмендеуге қарамастан, ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексін ерекше атап өту керек, себебі өзінің ATH (All time high) көрсеткішін бірнеше рет қайта жазған оның үздік болғаны анық. Жаппай сату орын алған бұл аптаны ол шағын минуспен аяқтады. Бұл индекстің осындай сенімді нәтиже көрсетуіне мүмкіндік берген негізгі фактор – Қытай нарығының және ең алдымен Baidu (BIDU), NetEase (NTES), JD.com (JD) сияқты алдыңғы қатарлы қытай технологиялық компаниялары акцияларының өсуі болды. Бейсенбіде тоқсандық есептілігін жариялаған соң бүкіл әлем инвесторларының жоғары сұранысына ие болған Қытайдың алпауыт компаниясы Alibaba (BABA) акцияларын жеке атап өтуге тұрарлық. Алайда 4 жылдан астам уақыт бұрын құрдымға құлағандай болған аталмыш компанияның акциялары қаңтар айының соңында көтеріле бастады да, содан бері шамамен 80% өсті. Сондықтан өткен аптада компания акцияларының баға белгіленімінің өсуі шегіне жетті және онда түзету жасалатын кез келген шығар. Оның үстіне, ITS-ideas.kz жетекші сарапшыларының консенсус болжамы бойынша осы акциялардың әлеуетті өсуі қазір небары +9,37% құрайды.

Жалпы, өткен апта көп жағынан инвесторларға сергітетін суық судай әсер етті. Аптаның басында көпшілікке жағдай жақсы болып көрінгенімен, назар аударарлық мәселе бар екені анықталды. Сондықтан қазір инвестордың көпшілігі оған көңіл бөлуі және ең болмағанда қырағы болуы керек. Нарықта үлкен белгісіздік орнады және жақын арада «негізгі соққының» бағыты, атап айтқанда – орта мерзімді келешектегі нарықтың беталысы анықталуы әбден мүмкін.