Есептілік маусымы таяп қалды – ал бастаймыз
Өткен аптадан қалған әсерді сипаттау қиын. Бір жағынан, индекстер өздерінің тарихи максимумдарын қайта жазып (Dow Jones индексінен басқа), жаңа рекорд деңгейлеріне көтерілді. Екінші жағынан, тариф соғыстарының жаңа толқыны қайтадан қарқын ала басталды, бұл жағдай инвесторларды барған сайын көбірек алаңдатады. Әлбетте, нарыққа қатысушылар бұдан қорқады, сондықтан нарық ысынып кетті және жаңа «көпіршік үрлене бастады» деген әңгімені көбірек айта бастады. Өз кезегінде, бұл түзетуге дайындалып, қағаз атаулыны сату керек деген сөз емес. Бірақ шынымен де мұны жасау керек пе – қиын сұрақ. Қазір нарық күшті, оның үстіне 15 шілдеде басталатын жаңа корпоративтік есептілік маусымының қарсаңында бизнес көрсеткіштері мықты болып отырған жағдайда ағымдағы бағалар кейбір инвесторларға өте тартымды болып көрінуі мүмкін. Сондықтан нарықтағы сатып алу сәл шамадан асқан болса да, бұған қарап акцияларды сатуға кірісуге себеп жоқ.
Жалпы техникалық тұрғыдан алғанда, нарықтағы жағдай тіпті аздап тынышталды дерлік. Осу қарқыны бәсеңдегенін көріп отырмыз, ал аптаның қорытындысына қарасақ, тіпті түзету басталды деп айтуға да болады (бірақ бұл олай емес!). Дегенмен, президент Трамптың тарифке қатысты жаңа бастамаларының арқасында аздап құлдыраған жетекші американдық индекстердің барлығы да аптаны минимал шығынмен аяқтады. Бәрінен де Dow Jones (DJIA-30) көгілдір фишкалар индексі жоғалтты – оның шығыны 1 пайыздан сәл асты (-1,02%). Америка нарығының негізгі бенчмаркы S&P500 индексінің шығыны өте аз – бір апта ішінде бар болғаны -0,31% жетті. Ал NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексі таза символдық -0,08% жоғалтты.
Осыған ұқсас жағдай ITS тобының индекстерінде де байқалды, онда ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексінің шығыны -0,61% болса, ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексі бір аптаның ішінде бар болғаны -0,14% төмендеген. Қысқасы, көріп отырғанымыздай, сауда-саттық нөл белгісінің төңірегінде жүрді.
Сала бойынша алып қарастырғанда да дәл осындай нөлдік тренд болғанын байқаймыз. Экономиканың 11 секторының 4-і аптаны плюспен және 7-уі минуспен аяқтады. Осы орайда плюс те, минус та 1 пайыздан сәл ғана асты. Орташа есеппен 1,63% өскен мұнай-газ компаниялары акцияларының жағдайы бәрінен жақсы болды. Бұл акцияларға сұраныстың артуына бір аптаның ішінде 3% қымбаттаған қара алтын бағасының өсуі түрткі болды.
Өз секторындағы орташа шығыны -1,77% жеткен циклдік компаниялардың акцияларының жолы болмады. Бұл орташа есеппен ғана алынған шығын, бұл секторда ең қатты құлдыраған Tesla (TSLA) – оның акциялары алдымен Трамп пен Маск арасындағы кезекті жанжалдың әсерімен күрт төмендеді, содан кейін ол бір апта бойы «шұңқырдан өрмелеп шығуға» тырысты, бірақ сәтсіздікке ұшырады. Алайда Тесла акцияларының жағдайында таңғаларлық ештеңе жоқ.
Ал әйгілі Delta Air Lines (DAL) авиакомпаниясы өткен аптада шынымен де инвесторлардың төбесін көкке жеткізді. 2025 жылдың 2-ші тоқсанындағы қызметі туралы тамаша есеп берген алғашқы ірі компаниялардың бірі болған оның акцияларының баға белгіленімі 10%-дан астамға шарықтап кетті. Осындай әдемі есептілікті көрген инвесторлар енді басқа да жетекші авиатасымалдаушылар осындай тамаша нәтиже көрсетеді деп тағатсыздана күтетін болады.
Аптаны қорытындылай келе, президент Трамп инвесторлардың көңіл-күйін бұзуға қанша тырысса да, мұнысынан ештеңе шыққан жоқ деп айтуымызға болады. Нарық аяғынан нық тұрып, сеніммен жоғары қарайды.
14 шілдеде нарықтан не күтуге болады
Жаздың ортасы да болды, бірақ нарыққа қатысушылар демалыс дегенді білмейді. Үстіміздегі апта өте қызу және қауырт болады деп күтілуде. Бұл маңызды макроэкономикалық деректердің шығуына да, корпоративтік жаңалықтарға да байланысты. Сайып келгенде, бұған ең маңызды және болжап болмайтын геосаясат, атап айтқанда, президент Трамптың (онсыз ештеңе болмайды!) тарифке қатысты жаңа да ескі бастамалары әсер етуі мүмкін.
Сонымен, осы аптада бізді не күтіп тұр? Біріншіден, жаңа макроэкономикалық деректер шығады. Сейсенбіден тұтынушылық инфляция туралы деректер пайда бола бастайды. Сейсенбіде – CPI индексі, сәрсенбіде – PPI индексі және ақырында, бейсенбі күні бөлшек сауда бойынша деректер шығады. Бұл инвесторлардың көңіл-күйін жақсартуы да, күрт нашарлатуы да мүмкін аса маңызды дүние. Бірақ та соңғысы болмайды деп үміттенейік.
Екіншіден, бірақ бұл біріншіден (!!!) де болуы мүмкін, осы аптада ресми түрде жаңа есептілік маусымы басталады. Әдет бойынша аса ірі банктер «кенші» рөлін атқарады. Сейсенбі және сәрсенбі күндері барлық ірі банктер – JPM мен WFC банктерінен бастап бастап, С, BAC, GS, MS дейін және басқа да бірқатар шағын банктер есептілігін шығарады. Ал бұған әлемдегі ең ірі басқарушы компания BlackRock (BLK) және ең ірі американдық брокер Charles Schwab Corp (SCHW) есептілігін қоссақ, үстіміздегі аптаның соңына қарай қаржы нарығындағы бизнес ахуалының толық көрінісі айқындалатыны түсінікті.
Бірақ нарық мұнымен шектелмейді, өйткені, өзінен-өзі қызықты, бірақ қазіргі экономикалық жағдайда шешуші рөл атқармайтын қаржы бизнесінен басқа, банктердің есептілігінен кем түспейтін, тіпті мүмкін, одан да үлкен қызығушылық туғызатын басқа да компаниялар бар. Бұл санатқа, әрине, инвесторлар басты назар аударатын аса ірі компания – Netflix (NFLX) есептілігін жатқызу керек. Оның есептілігі бейсенбіде, сауда-саттық аяқталғаннан кейін шығады және әлемнің жетекші технологиялық компанияларының есептілігінің жариялануын күтіп отырған нарыққа қатысушылардың көңіл-күйін анықтайды.
Сондықтан осы аптада шығатын есептіліктің маңыздылығы өте зор, демек, оқиғаларды осы тұрғыдан өте мұқият бақылап отыру керек екені анық.
Ал Трамп туралы айтпай-ақ қойса да болады. Ол инвесторларды даурықтыруын қоятын емес – мәселен, дүйсенбі күні таңертеңнен бастап АҚШ президенті Дональд Трамптың демалыс күндері Мексика мен Еуропалық одақтан әкелінетін импортқа 30 пайыз баж салығын енгізетінін жариялаған мәлімдемесінен кейін жаһандық сауда қайтадан басты назарда болды. Бұл өткен аптада Жапония, Оңтүстік Корея, Канада және Бразилияға қатысты осындай тариф енгізілетіні, сондай-ақ бүкіл мыс импортына 50% баж салу көзделіп отырғаны туралы жаңалық шыққаннан кейін болған жағдай.
Трамптың тарифтері 1 тамыздан бастап күшіне енеді, оның шекті мерзімі 9 шілдеден кейінге ысырылғаннан кейін оның нысанасына айналған елдердің Вашингтонмен сауда келісімін жасасуына үш аптаға жетер-жетпес уақыты бар.
Әлбетте, мұның барлығы нарықтағы жағдайды шиеленістіріп, инвесторлардың жүйкесін қатты жұқартады. Дегенмен, өзіміз көріп отырғанымыздай, бұл олардың қағаздарды сатып алуына және индекстерді шарықтата беруіне еш кедергі келтірмейді. Демек, нарықтағы оптимизм заряды ешнәрсеге қарамастан жоғары, сондықтан қазір ең бастысы, бизнестің есептілігі инвесторлардың көпшілігінің оң үмітіне сәйкес келсе игі болар еді.