Барлығы хайп жасауда
«Әттеген-ай» демеске лаж жоқ тәрізді. Иә, кеше S&P500 кең нарық индексінде де, NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексінде де ATH (All-time high) жаңаруы мүмкін еді, бірақ олай болмай қалды. Индекстің екеуі де «күш салғанымен», рекордтық белгілеріне жете алмады. Сауда сессиясы басталарда барлық индекстер бір күнде шамамен бір пайыз қосады деп болжағандар жоқтың қасы болғанымен, оның өте сәтті өткенін мойындау керек.
Сауда-саттық тыныш, бейбіт жағдайда ашылды, оның минус емес, плюстен басталғанына шүкір. Өйткені 1-ші тоқсандағы ЖІӨ бойынша шыққан деректер инвесторлардың көңіл-күйін бұзған еді. ЖІӨ бойынша 3-ші рет берілген баға айтарлықтай өзгеріс әкелмей, ешкімді естен тандырмауы керек сияқты еді. Дегенмен, дерек болжанғаннан әлдеқайда нашар шығып, 1-ші тоқсанның қорытындысы бойынша АҚШ ЖІӨ өткен тоқсанда -0,2% орнына -0,5% төмендегенін көрсетті. Абырой болғанда, цифрлар жария етілгенде нарыққа қатысушылар қатты дүрліккен жоқ, бар болғаны Иран-Израиль соғысының аяқталуы серпін берген жалпы орташа оптимизмін сәл бәсеңдетті. Сайып келгенде, нөл белгісінің төңірегіндегі кішігірім плюстен бастаған индекстер батылданып жоғары көтеріле бастады, ал өсудің қызығына түскен және жағымсыз жаңалықтың болмағанына қанаттанған инвесторлар нарықты өсіре берді. Бұған қол созым жердегі мақсат – индекстердің рекордтық деңгейіне жетуге ұмтылыс та ықпал етті. Дегенмен, іс жүзінде негізгі сауда сессиясының аяқталуына шамамен 2 сағат қалғанда бұл деңгейлерге қол жеткізген нарыққа қатысушылар психологиялық кедергі қабырғасына келіп тірелді де, финалдық гонг соғылғанға дейін қиындықты еңсере алмай қойды. Негізінен, бұл жиі болып тұратын жағдай. Нәтижесінде индекстер өсті және өсімі айтарлықтай жақсы болды, бірақ олар рекордтық белгіге жетпей жабылды. Бұл күннің ішінде NASDAQ Composite индексі бәрінен көп қосты: +0,97%, оның рекордқа жетуіне небары 6 тармақ немесе 0,03% қалды. Dow Jones (DJIA-30) көгілдір финкалар индексі бір күнде +0,94% өсті, ал Америка нарығының негізгі бенчмаркы S&P500 индексі күнді +0,80% өсіммен аяқтап, рекорд белгісінен биылғы 18 ақпанда белгіленген 3 тармақ (0,05%) жерде тоқтады.
Нарыққа қатысушылардың позитивті көңіл-күйде екені нарықты сала бойынша қарастырғанда да байқалды. 11 сектордың 9-ы күнді плюспен аяқтады. Consumer Defensive және Real Estate сияқты қорғаныс секторында жұмыс істейтін компаниялардың акциялары ғана сатушылардың кішігірім қысымына ұшырап, тиісінше -0,13% және -0,02% жоғалтты. Бірақ доллар әлсіреп, бұл шикізат бағасына әсерін тигізіп отырған жағдайда күннің қорытындысы бойынша орташа есеппен ғана шамамен 2 пайыз (+1,88%) өскен шикізат компанияларының акциялары ерекше нәтиже көрсетті. Олардың ішінде Freeport-McMoRan (FCX) және Southern Copper (SCCO) сияқты тау-кен компанияларының акциялары үздік атанды – олар тиісінше 6,8% және 7,8% қымбаттады. Әлбетте, қос компанияның акциялары ITS алаңында саудаланады, сондықтан қазақстандық инвесторлар үшін қолжетімді.
ITS тобының индекстері де жағымды жаңалығымен инвесторларды қуантуда. 3-ші күн қатарынан тарихи максимумын жаңартып жатқан ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексінің жетістігін көру бір ғанибет. Бұл жолы индекс 1300 тармақ деңгейіне жақындады: +0,64% қосқан ол 1296,71 тармақ белгісінде тоқтады. Оның «әріптесі» – ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі тіпті одан көбірек өсті: +1,04%, бірақ рекордқа шығуына 3 тармақ жетпей қалды. Сол себептен жалпының бірдей рекордтық белгіні жаңартуы – күн тәртібіндегі бірінші мәселе.
Кешегі күннің қорытындысы бойынша индекстердегі үздік акцияларға көз тастау өте қызықты болды. Егер алдыңғы күндері ең алдымен жетекші технологиялық компаниялардың акциялары үздік болса, қазір олар екінші планға көшті (бірақ ТОП тізімінде бар), ал бірінші орындарға шикізат және өнеркәсіп саласы компанияларының акциялары шықты. Мәселен, ITSS индексіндегі үздіктердің алғашқы үштігінде (өзінің ATH жаңартқан жалғыз индекс) технологиялық компаниялар атымен жоқ, ал бірінші орындарда өнеркәсіп алпауыты Caterpillar (CAT), Uber Technologies (UBER) сервис-өнеркәсіп компаниясы, сондай-ақ медицина жабдығын өндіруші әйгілі Intuitive Surgical Inc (ISRG) компаниясы тұр. Бұл нені білдіреді? Инвесторлар тарапынан акцияларға сұраныс технология секторынаның шегінен асып, бүкіл нарыққа таралды. Әлбетте, бұл үміттендіретін жағдай, демек, қазіргі тамаша «ралли» жалғасын табуы әбден мүмкін.
27 маусымда нарықтан не күтуге болады
Әрине, жұма – жұмыс аптасының соңғы күні, бірақ ол оңай болуы керек деген сөз емес. Қайта аптаның бүгін назар аударылуы тиіс маңызды макроэкономикалық деректердің көптігі сонша, жұмыс бастан асады. Дәл осы деректер жұма күнгі сауда-саттықтың барысын анықтайды.
Алайда, жағдай соншалықты қорқынышты емес. Сауда-саттыққа қатысушылар арасында оптимистік көңіл-күй басым. Бұған қоса, оптимизм аздап артты деуге де болады. Мұның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, Америка мен Қытай арасындағы сауда келіссөзі жағымды ахуалда өтіп жатыр және тараптар шарт жасасуға жақын деген мәлімет шықты. Бұл рас болса, барша инвестор бөркін аспанға атып қуанады!
Екіншіден, Трамп шілде айының басында аяқталады деп жоспарланған жаңа тариф енгізу мерзімін ұзартуға дайын деген қауесет тарады. Бұл жағдай нарыққа қатысушыларды қатты алаңдатады және тариф енгізу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданса, бұл барлық инвесторлардың көңіл-күйін айтарлықтай жақсартуы мүмкін.
Және, үшіншіден, корпоративтік тоқсандық есептілік. Бұл жолы Nike (NKE) компаниясы өткен тоқсандағы қызметінің қорытындысы бойынша тамаша көрсеткішке жетіп, ерекше көзге түсті. Бірақ инвесторларға да, сарапшыларға да ұнаған ең басты нәрсе – компания тарифтің көтерілуіне байланысты тәуекелден құтылу мақсатымен өндірісін Қытайдан АҚШ-қа ішінара көшіретінін мәлім етті. Бұл өте маңызды шешім, өйткені қазіргі уақытта АҚШ-қа импортталатын аяқ киімнің шамамен 16%-ы Қытайда жасалады. Инвесторлар бұл жаңалықты қуана қабыл алды, сөйтіп Nike есептілігі жарияланғаннан кейін оның акциялары «ғарышқа ұмтылып», премаркет басталғанда кешегі нарық жабылған кездегі көрсеткішіне шамамен 10% қосты.
Мұның барлығы жұма күнгі сауда-саттықтың кіріспесі. Бірақ бұдан басқа да маңызды нәрсе бар. Негізгі сауда сессиясының басталуына бір сағат қалғанда тұтынушылардың шығысы – PCE индексі бойынша деректер шығады. Бұл индекс тұтынушылық инфляцияны көрсетеді және ФРЖ мүшелері оның негізгі көрсеткіш деп есептейді. Сарапшылар мамырдағы тұтынушылық инфляция бойынша деректер сәуірдегі деректерге жуық деңгейде болады деп болжайды. Мұны жақсы деп айтуға болмайды, өйткені әзірге инфляция деңгейінің төмендегені байқалмайды. Бірақ жағдай соншалықты жаман да емес, өйткені оның қарқыны артып жатқан жоқ. Қысқасы, бәріміз білетіндей, бір нәрсе жақсы болса, басқасы онша емес. Қазір ең бастысы, инфляцияға қатысты сарапшылардың болжамы іс жүзінде дұрыс болса игі.
Осының бәрін күтіп отырған нарыққа қатысушылар әзірге бәрі де жөнделеді және макродеректер жақсы шығады деген үмітте, сондықтан американдық негізгі индекстер бойынша фьючерс таңертеңнен бастап 0,2 – 0,3 пайыздан қосып, «жасыл аймақта» анық тұр.
Сондықтан егер бүгін бәрі де жоспар бойынша өтсе және ойда жоқта қандай да бір жағымсыз сыртқы жаңалық шықпаса, үстіміздегі аптаның жақсы плюспен жабылуы және тарихи максимумдар жаппай қайта жазылуы әбден мүмкін.