2025 жылғы 24 ақпандағы сауда-саттықтың қорытындысы

Нарықтағы белгісіздік және инвесторлардың тариф, инфляция және ЖИ саласына арналған шығынның көп болуына алаңдаушылығы барған сайын күшейіп барады. Бұны өткен дүйсенбінің нәтижесі де айтарлықтай дәрежеде айғақтап отыр. Нарыққа қатысушылар бейсенбіде және әсіресе жұмада бастап жіберген сатылымнан кейін көпшілік қауым ең болмағанда қандай да бір кідіріс жасау керек, сондықтан дүйсенбіде үзіліс болады деп ойлады. Ал кейбір сарапшылар тіпті соңғы он жылда өте сәтті іске асқан Buy the dip (Сәтсіздікті сатып ал) стратегиясын еске түсіре бастады да, дүйсенбі күнінің бірінші жартысы сатылымнан кейін болуы ықтимал деп саналатын аздаған құлдыраумен өтті. Дүйсенбі күні таңертең негізгі американдық индекстер бойынша фьючерстер шамалы өсу бар екенін көрсетті де, осынау орташа оптимизм қоры негізгі сауда сессиясының да плюспен ашылу үшін жеткілікті болды. Алайда, күші ұзаққа жетпеген нарықтың «бұқалары» тез арада позициясынан айырыла бастады. Индекстер тіпті NASDAQ Composite индексі бойынша 1 пайызға дейін жоғалтып, өте тез құлдырай бастады. Неліктен бағдар ретінде NASDAQ алынады? Мұның себебі, негізгі сатылым жетекші технологиялық компаниялардың акцияларында және ең алдымен осы аптаның әлеуетті үздігі – қаржылық есептілігін бүкіл әлем инвесторлары тағатсыздана күтіп отырған NVidia компаниясының акцияларында (NVDA,-3,09%) болды. Нәтижесінде NVDA акциялары сатылымның жаңа кезеңінің трендін белгілеп, бүкіл нарықты төменге тарта жөнелді. Бірақ, абырой болғанда, әзірге «бұқалардың» қарсы тұруға күші бар екен, сондықтан ауқымды жаппай сатылым болмады. Дегенмен, сауда-саттықтың аяғына таман алып-сатарлар нарықты сонда да құлатты, сөйтіп соңғы гонг соғылғанда барлық жетекші индекстер күннің минимумында болды. Dow Jones (DJIA-30) индексі қалай болғанда да кішігірім плюспен жабылды (+0,08%), негізінен бұл Jeffries инвестициялық компаниясы компания акцияларының target price көрсеткішін бір акция үшін 115 доллар белгісіне дейін көтергеннен, яғни оның ағымдағы бағасынан 46% жоғарылатқаннан кейін бір күнде шамамен 5% қымбаттаған Nike (NKE,+4,94%) акцияларының арқасында мүмкін болды.

Ал Dow индексінің «кіші жолдастарының» жағдайы нашарлау болды. S&P500 кең нарық индексі бір күннің ішінде 0,5% жоғалтса, NASDAQ Composite индексінің құлдырауы тіпті 1 пайыздан асып -1,21% жетті. Қалай болғанда да, NVDA бастаған чип өндіретін компаниялардың акцияларының, сондай-ақ ЖИ саласындағы жобалармен байланысты басқа жетекші технологиялық компаниялардың тұтас бір қатарының (мысалы, Palantir Technologies (PLTR,-10,93%)) акцияларының сатылымы кесірлі болды.

Әрине, мұндай жағдайда ITS тобының индекстері де жаппай сатылымды айналып өте алмады. Бұдан ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексі 1,08% жоғалтса, одан сәл азырақ құлдыраған ITS Shariah исламдық бағалы қағаздар индексі -0,81% төмендеді.

Атап өтетіні, ITSW шығыны Американың чип және жартылай өткізгіш шығаратын компаниялары акцияларының айтарлықтай төмендеуінен ғана емес, сондай-ақ Қытай нарығындағы жетекші технологиялық компаниялардың акциялары сатылымының басталуына байланысты болды. Күтілгендей, минус белгісі бар олардың көшбасшысы болып Alibaba компаниясының акциялары (BABA,-10,23%) атанды. Бір күн бұрын ғана 24 ақпанға арналған шолуда біз соңғы апталарда байқалған компания акцияларының бағасының қарқынды өсуі шарықтау шегіне жеткенін болжап, акциялар құны тым асырылып сатып алынғанын атап өткен болатынбыз. Көріп отырғанымыздай, түзету көп күттірмей басталды. Өткен дүйсенбі Alibaba акциялары үшін соңғы 3 жылдағы ең нашар күн болды. Компания бірден құнының 10%-ынан астамын жоғалтты және бұл үдеріс әлі жалғасатын сияқты.

Дегенмен, жағдай соншалықты үмітсіз болған жоқ және қытай компанияларының ITSW индексіне бұйрығы жүрмейді. Оның портфелінің географиялық тұрғыда жақсы әртараптандырылуының арқасында қытай акциялары бойынша шығын негізінен Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway B (BRK.B,+4,11%,), Швейцариядағы жылжымайтын мүлікті жетекші сақтандырушы Chubb Limited (CB,+2,32%) сияқты үлкен қызығушылық туғызып отырған компаниялардың акцияларының өсуінен, сондай-ақ ITSW портфеліне жаңадан келген компания – сайт жасайтын жоғары технологиялы платформаны ұсынатын Израильдің Wix.com Ltd (WIX,+2,12%) компаниясы акцияларының өсуінен алынған пайдамен өтелді.

ITSS исламдық бағалы қағаздар индексіне келетін болсақ, бұл жерде өте қызық жағдай қалыптасты. Сәтсіздікке ұшырағандардың қатарында NVDA және AVGO бастаған чип компанияларының акциялары болғаны түсінікті. Олар ITSS индексінде күннің ең нашар 5 акциясының «құрмет тұғырына» шықты. Бірақ қарама-қарсы полюсте қалған медицина компанияларының акциялары қазір де инвесторларды қуантып отыр. Үздік акциялардың бірінші ондығындағы бесеуі медицина компанияларына тиесілі. Олардың ең тәуірі – акцияларының бағасы міне 5-ші күн қатарынан өсіп жатқан Merck & Company (MRK,+1,98%).

Дегенмен, нарықтағы жағдай нашарлап бара жатқанын айтуымыз керек. Нарық баяу болса да, сенімді түрде құлдырай бастады. Әзірге бұл төмендеу таза техникалық түзету аясында болып отыр және нарықтың одан кейінгі беталысы анықталатын реперлік нүкте сәрсенбі, атап айтқанда, MVidia тоқсандық есептілігі жарияланатын күн болуы мүмкін. Ендеше, күтеміз…