2025 жылғы 27-30 мамырдағы сауда-саттықтың қорытындысы
Өткен апта қысқа болды. Бар болғаны 4 сауда-саттық күні. Осының өзі инвесторлардың көңілін жайлауы керек еді. Бірақ жан тыныштығы біз үшін арман ғана. Дегенмен, көптеген сарапшы аптаның тартысқа толы, тынышсыз болатынын ескертіп, босаңсуға болмайтынын айтқан-ды. Бәрі солай болды да.
Апта жап-жақсы басталып еді. Дүйсенбіде Еске алу күнін атап өтуге байланысты болған демалыс күнінен кейін нарыққа қатысушылар сауда-саттыққа жақсы көңіл-күймен келген еді, бұған президент Трамптың 1 маусымнан бастап еуропалықтарға жаңа тариф енгізбек ойын тағы да өзгертуі айтарлықтай әсер етті. «Мырзалық» жасаған ол бұл күнді 9 шілдеге ауыстырды. Сөйтіп нарыққа қатысушылар сейсенбі күнгі сауда-саттықта оның алдындағы аптада келген бүкіл шығынды бір-ақ жойып, бұл жаңалықтың пайдасын артығымен көрді.
Осы кезде «ралли» одан әрі қарқын алатын сияқты болып көрінді. Бірақ бәрі ойдағыдай бола бермейтіні бар. Игі іс тоқтап, пайданы тиянақтау басталды. Акциялардың баға белгіленімдері жайлап төмендей жөнелді, олардың ізімен индекстер де «құлап жатты». Мұның бәрі әуеліде жұмысын ықылассыз, баяу істеп жатқан адамның тірлігіне ұқсас болды. Бірақ аптаның аяғына таман жауыр болған Трамп тарифіне байланысты сот талқылауы басталды. Алдымен Халықаралық сауда жөніндегі сот Трамптың жаңа тариф енгізу туралы шешімдерінің күшін жойып, 5 маусымға дейін олардың (барлығының дерлік!) күшін жоюға міндеттеді. Төбесі көкке жеткен инвесторлар нарықтағы қағаз атаулының бәрін сатып алуға кірісті. Бірақ осы арада кері соққы берген Апелляциялық сот Халықаралық сауда жөніндегі соттың шешімін уақытша тоқтатып, жағдайды бастапқы қалпына келтірді. Инвесторлардың не болып жатқанын түсінбей, енді не істеу керек екенін білмей көңілі бұзылып, дал болғаны анық. Сайып келгенде, осындай жағдайда үрейлі сатылымның басталмағаны және аптаның нөл белгісінде жабылғаны тіпті таңғаларлық. Тек жұма күнгі сауда-саттықтың айналымы зор болғанын және тіпті осы жылдың максимумына жақындап қалғанын ғана атап өту керек.
Және де жалпы алғанда, инвесторлардың біршама табандылық танытуының арқасында өткен апта оң нәтижемен аяқталды, бұл тіпті таңдандырады. Әрине, индекстердегі плюс (шамамен +2%) соның алдындағы аптада келген залалды (шамамен -2,5%) өтеген жоқ, бірақ бүкіл шығынның 3/4 бөлігінен астамы жабылғанын мойындау керек. Осы орайда атап өтетіні, өсім азды-көпті біркелкі болды. Сондықтан барлық жетекші индекстер де шамамен бірдей өсті. 4 сауда-саттық күнінде 2 пайыздан сәл көбірек өскен (+2,01%) NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексі бәрінен де жақсы нәтиже көрсетті. 1,88% өскен S&P500 кең нарық индексі одан сәл ғана артта қалды. Аптаны +1,6% нәтижемен тәмамдаған Dow Jones (DJIA-30) көк фишка индексінің өсімі одан да аз болды. Белгісіздік деңгейі жоғары осындай қиын жағдайда (тіпті бұл туралы өткен аптада АҚШ ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл де айтты!) нарыққа қатысушылар оптимизмін сақтап, бағалы қағаз сатып алуды жалғастырып жатқаны қуантады.
Сала бойынша қарастырғанда, нарықтағы жағдайдың көрінісі одан да қызық болды. Ғажап болса да, шындық. 11 сектордың барлығы да аптаны плюспен аяқтады. Бірақ кейбір секторлардың өсуі таза символдық сипатта болғаны да рас. Айталық, циклдік компаниялардың (Consumer Cyclical) акциялары небары +0,01% қосты. Бірақ қорғаныс секторы акцияларының жағдайы әжептәуір болды. Бүкіл нарықты біршама плюске шығарған да осы қағаздар. Жылжымайтын мүлікті басқарумен айналысатын компаниялардың (Real Estate +2,54%), сондай-ақ коммуналдық компаниялардың (Utilities +2,04%) және бірінші кезекте қажетті тұтыну тауарлары саласында жұмыс істейтін компаниялардың (Consumer Defensive +2,04%) акциялары 2 пайыздан астам қосты.
Медицина және фармацевтика компанияларының акциялары да сұранысқа ие болып, кей күндері нарықтың көшбасшылары атанды. Жалпы алғанда, Health Care секторы компанияларының акциялары орташа есеппен +1,76% қымбаттады.
Көріп отырғанымыздай, нарық көшбасшыларының арасында технологиялық компаниялардың акциялары жоқ, қазір Трамп бастаған тариф соғысы жағдайында инвесторлар оларды алмауды жөн көретін сияқты. Тіпті сәрсенбі күні NVidia (NVDA) компаниясының әжептәуір шыққан есептілігі жарияланғаннан кейін 6%-дан астам өскен оның акциялары аптаның соңында жағдайы нашарлап, аптаны 3%-ға жуық құлдыраумен аяқтады.
Ал егер ITS тобы индекстерінің апта соңындағы нәтижелеріне қарасақ, мұндағы ахуалдың Америка нарығындағы өзіміз көрген жағдайдан аса айырмашылығы жоқ. Қос индекс – ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі де, ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексі де аптаны сенімді плюспен аяқтады. Әсіресе ITSS исламдық қағаздар индексінің жағдайы қуантарлық – ол американдық «әріптестерінің» бәрін «басып озып», бір аптада +2,28% өсті. ITSW индексінің жетістігі одан азырақ болып көрінуі мүмкін – мұндағы өсу көрсеткіші небары +1,31%. Бірақ ITSW индексі баяуырақ өсіп жатыр деген көрініс қана. Иә, ITSS-ке қарағанда оның құбылмалығы төменірек, бірақ бұл ең алдымен портфелінің географиялық тұрғыда жақсы әртараптандырылуына байланысты. Сонымен қатар, ол «әріптестерімен» салыстырғанда азырақ құлады. Егер S&P500 индексі өзінің тарихи максимумына жету үшін тағы да шамамен 4%, ал NASDAQ Composite индексі 5%-дан астам өсуі керек болса, ITSW индексі өзінің тарихи максимумынан 2 пайыздан аз жерде ғана тұр.
Аптаны қорытындылай келе, белгісіздік деңгейінің жоғары болуына қарамастан, біршама оптимизмін сақтап отырған инвесторлар бағалы қағаздарды сатуға және пайданы тиянақтауға аса құлықты емес екенін атап өту керек. Әрине, нарықтағы жағдай қатты шиеленісіп жататынын жоққа шығара алмаймыз, бірақ инвесторлар жаппай сатылымға шындап кіріскен жоқ. Мұндай жағдайда мамыр айындағы макродеректердің шешуші маңызы болуы мүмкін, олар маусымның бас жағында шыға бастайды және инвесторларға жалпы экономикадағы жағдай іс жүзінде қандай екенін көрсетеді.