2025 жылғы 16 сәуірдегі сауда-саттықтың қорытындысы
Пауэлл әзілдейді, бірақ инвесторлар оның қалжыңын түсінбейді. Сондықтан сата береді, сата береді және тағы да сата береді. Сәрсенбі күнгі сауда-саттық барысын осылайша сипаттауға болады. Сәрсенбінің сәтті күні десек те, сауда-саттық сәтсіз басталды, ал аяғы одан да нашар болды. Кезекті жаппай сатуға ең алдымен, чип өндіретін жетекші американдық компаниялардың және бірінші кезекте сектордың көшбасшысы – NVidia (NVDA,-6,87%) компаниясының озық чиптерін экспорттауға жаңа шектеу қойылуы себеп болды. Осы чип алпауытының акциялары кеше «бастырмалатқан» сатылымға ұшырады, бұл жағдайдың оның бәсекелестеріне де әсер еткені заңдылық. Сондықтан «Mag7» (Керемет жетіліктің) акциялары да, жартылай өткізгіштер сегментінде жұмыс істейтін компаниялардың акциялары да түгелімен алқызыл түске боялып, алды-артына қарамай төмен құлдырай жөнелді. Кеше бүкіл технологиялық сектордың орташа шығыны ғана -3,53% жетті.
Тіпті сарапшылардың күткенінен сәл жақсырақ шыққан бөлшек сауда бойынша макроэкономикалық деректер де нарыққа қатысушылардың көңіл-күйін жақсартқан жоқ. Дегенмен, қазіргі жағдайда макроэкономикаға аса назар айдармай, Ақ үйден және Дональд Трамптың Truth Social әлеуметтік желісінен келіп жететін хабарға көбірек құлақ салатын сияқты.
Бірақ өткен сәрсебінің жағымсыз оқиғалары мұнымен біткен жоқ. Негізгі сауда-саттық сессиясының аяғына таман Чикаго экономикалық клубында сөз сөйлеген ФРЖ Төрағасы Джером Пауэлл «бәлкім, әзірше күткеннен жоғары шыққан тарифтер инфляция деңгейінің жоғарырақ болатынын және экономикалық өсудің баяулайтынын білдіретін шығар» деп айтты. Сонымен қатар ол ФРЖ ақша-кредит саясатын өзгерту мәселесін қарастырмас бұрын жағдайдың анығырақ болуын күтетінін жеткізді. Нарыққа қатысушылар оның бұл сөзін жақтырмай қалды. Алайда бәрінен де қатты ашуын келтіргені Пауэлл мырзаның «қор нарықтары баға белгіленімдерінің әлсіздігінен құлдырап барады» деген сыңайда мысқылдағаны еді. Оның бұл сөзінен кейін нарықтың құлауы үдей түсті, сауда-саттықтың ең соңында болған аздаған серпілістің арқасында ғана нарық кезекті рет қирамай қалды.
Бірақ қалай болғанда да нарықтың құлдырауы айтарлықтай. Күннің қорытындысы бойынша шығын Dow Jones (DJIA-30) индексі бойынша 1,73% басталып, NASDAQ Composite индексі бойынша 3 пайыздан асты (-3,07%). Осы орайда Америка нарығының негізгі бенчмаркы – S&P500 индексі -2,24%-ынан айырылды.
ITS тобының индекстері де кезекті жаппай сатудан тыс қалған жоқ. Қос индекстің инвестициялық портфельдерінде жетекші американдық технологиялық компаниялардың акциялары бар болғандықтан, бұл заңды құбылыс. Бірақ ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексінде олардың саны азырақ, сондықтан оның кешегі күнгі нәтижесі біршама тәуір шықты. Аталмыш индекстің шығыны 1 пайыздан (-0,98%) аз болды, бұл американдық индекстердің ішінде кешегі сатылымнан ең аз зардап шеккен Dow Jones индексінің көрсеткішінен де жақсы. Портфелі толығымен американдық компаниялардың бағалы қағаздарынан тұратын ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексі кеше -1,56% жоғалтты. Қазіргі уақытта бұл айтарлықтай шама болып көрінбейді. Дегенмен, кез келген минустың әрқашанда инвестор үшін жағымсыз нәрсе екені сөзсіз.
Қорыта келгенде, кешегі жаппай сатылым наурыз айы мен сәуірдің басында нарықтар елеулі түрде құлдырағаннан кейін болған серпілісті аяқтады деп айтуға болады. Нарық тағы да әрі-сәрі күй кешуде, ал жоғары не төмен баратынын білмейтін инвесторлар ендігі беталысын анықтай алмай дал болып отыр. Анығын әзірге ешкім білмейді. Мүмкін, нарыққа қатысушыларға компаниялардың есептілігінің пайдасы тиіп қалар? Өйткені, қалай болғанымен, банктердің және жетекші американдық әуемен тасымалдаушылардың жарияланған бірінші есептілігі бизнестің жағдайы әжептәуір екенін айғақтайды. Бұл жақсы өсуге серпін беретін іргелі экономиканың негізі екені даусыз.