Naryk.kz: Инвестиция жасағанда ЖИ пайдаланудың артықшылығы мен қатері
Кейінгі уақытта барлық салаға дерлік еніп үлгерген жасанды интеллектке (ЖИ) деген көзқарас екіге бөлінді. Бір тарап ЖИ-сыз өмір сүру де, жұмыс істеу де мүмкін емес, тіпті оны меңгеру 1990-жылдары резюмеде "компьютерді сенімді пайдаланушы" деген баған секілді – кез келген жұмысқа орналасуға қажет базалық дағдыға айналды дейді. Ал екінші тарап ЖИ-ді "үлкен теңестіруші" деп санайды: ол біліксіздерді жалған экспертке айналдырады, ал нағыз мамандар онсыз-ақ жұмыс істей алады.
Қазақстан билігі алғашқы лагерге жақын сияқты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйектегі Жолдауында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды тапсырды. Ол әлем дамуы ЖИ-сыз жүрмейтінін атап өтті.
ЖИ және инвестиция: конференциядағы басты тақырып
Бүгінде ЖИ қаржы әлеміне де берік енді. Ол жиі талқыланатын тақырыпқа айналды. ЖИ-дің артықшылықтары мен сын-қатерлері "ITS Ideas 2025: Инвестициялық мүмкіндіктер мен жаһандық нарықтағы сын-тегеуріндер" атты конференцияда қызу талқыланды. Шараны 3 қыркүйекте Астанада халықаралық сауда алаңы ITS ұйымдастырды.
Алғашқы сессияда Astana Hub резиденті, Zerocoder мектебінің негізін қалаушы әрі бас директоры Кирилл Пшинник сөз сөйледі. Ол бүгінгі таңда ЖИ трейдерлер, аналитиктер, қор менеджерлері тарапынан классикалық қор нарығында да, криптоактивтер, венчурлік жобалар мен жылжымайтын мүлік нарығында да қолданыла бастағанын айтты.
"Қазір ЖИ тек аса қымбат шешімдер немесе тұтас дата-сайентистер командасы қажет құрал емес. Ол әркімге қолжетімді – жеке инвесторға да, қорға да, хедж-фондқа да. Бұл – үйренуді қажет ететін, бүгін сұранысқа ие дағды. Тереңірек үңілсеңіз, пайдалы дүниелерді ашасыз және жаңа мүмкіндіктерге жол табасыз", – деді Пшинник.
Оның сөзінше, ЖИ ақпарат жинауды және талдауды жылдамдатады, инвестициялық стратегия құруға көмектеседі, активтерді тиімді бағалап, инвестордың мақсатына қарай портфельді теңгерімдеуге мүмкіндік береді. Бірақ ол ЖИ жауаптарының бәрін тексеру қажет екенін, себебі ол кейде "галлюцинация" жасап, ойдан шығарылған деректерді ұсынатынын ескертті.
Практикалық мысалдар
Пшинник AlphaAgents жүйесін мысалға келтірді. BlackRock компаниясы 2025 жылы таныстырған бұл мультиагенттік жүйе үш ЖИ моделіне негізделген: фундаменталды, жаңалықтар (сентимент-талдау үшін) және бағалық агент. Олар әр инвестордың жеке тәуекел-профиліне бейімделіп жұмыс істейді.
Кейінгі жылдары ЖИ-ді дамытатын және оның "темірін" өндіретін компаниялардың акциялары күрт қымбаттап, болашақ экономикасына қызығушыларды тартты.
ITS қазір инвесторларға Nvidia, Microsoft, Alphabet (Google), Amazon және Salesforce секілді алыптардың акцияларын ұсынады. Бұл қағаздар ITS World индексіне кіреді. Индекстің 50 акциясынан тұратын "себетті" алу үшін ITSW ETF қорын брокерлер арқылы сатып алу керек.
Сонымен қатар ITS алаңында ЖИ-ге бағытталған арнайы қорлар да бар: Global X Artificial Intelligence UCITS ETF (AIQU), L&G Artificial Intelligence UCITS ETF (AIAG) және Xtrackers Artificial Intelligence & Big Data UCITS ETF. Олар чип өндірушілерден бастап бағдарламалық қамтама әзірлеушілерге дейін ЖИ-ді нақты секторға енгізетін компанияларды біріктіреді.
ЖИ тақырыбы – Astana Finance Days форумында
ЖИ тақырыбы Astana Finance Days форумында да жалғасты. Мұнда арнайы қонақ ретінде футуролог әрі финтех-сарапшы, австралиялық Бретт Кинг келді. Ол "Bank 2.0", "Bank 3.0", "Bank 4.0", "Қосымша шындық дәуірі" секілді әлемдік бестселлерлердің авторы.
Форумның алғашқы күнінде Кинг пен АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров ЖИ-дің қаржылық қызметтерді, банкингті қалай өзгертетінін, неге дәстүрлі қаржы жүйесі бұл өзгерістерге бейімделуге тиіс екенін талқылады.
"ЖИ қаржылық қызметтерді өзгертеді. Автономды жүйелер мен "қараңғы фабрикалар" сияқты технологиялар ауқым алған сайын дәстүрлі қаржы жүйесі жаңа шындыққа жарамай қалады", – деді Кинг. Ол тек роботтар жұмыс істейтін, жарық қажет етпейтін фабрикаларды мысалға келтірді.
Реттеу және болашақ
Кингтің сөзінше, қазіргі қаржы жүйесіне бейімделген инфрақұрылым жеткіліксіз. Соңғы 100 жылда жинақталған тәжірибе маңызды болғанымен, жаңа технологияларға сәйкес келмейді. Сондықтан реттеушілер қадағалаудан гөрі жаңартылған техносфера құруға жағдай жасауға басымдық беруі керек.
"Технологиялар экспоненциалды дамуда, ал заңнамалық база әлдеқайда баяу өзгереді. Нарықтағы ең үлкен тәуекел де осы алшақтықтан туындайды", – деді Кинг.
Бұл қажеттілікті Президент Тоқаев та атап өткен. "ЖИ мен цифрлық технологияларды кеңінен енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Алғашқы қадам ретінде Цифрлық кодексті жедел қабылдау керек", – деген еді ол.
Болашақтағы рөлі
Кингтің болжамынша, алдағы 5-10 жылда экономикалық шешімдердің басым бөлігі ЖИ көмегімен қабылданатын болады. Қазір ол адам еңбегін толықтыратын құрал болса, болашақта негізгі тетіктердің біріне айналуы ықтимал.
"Бүгінде адамдар екіге бөлінеді: ЖИ-ді пайдаланып, мансап пен бизнесте өсіп жатқандар және уақыт өте келе олардың орнын солар басатындар. Бұл ойынды бәріміз ойнаймыз", – деп қорытындылады футуролог.
(с) Naryk.kz