Тым керемет өсім

Өткен апта биылғы тамыз айынан бергі S&P500 және NASDAQ Composite индекстері үшін ең сәтті, ал «көк фишкалар» индексі Dow Jones (DJIA-30) үшін маусым айынан бергі ең табысты апта болды. Барлығы аса мінсіз өтіп жатқандай көрінеді, тіпті одан қорқыныш тапайда болады. Бірақ бұл өсімнің өз негізі бар. Өткен аптада барлық жағынан позитив толқыны келді.

Біріншіден, АҚШ үкіметінің жұмысындағы іркіліс (shutdown) пен соған байланысты паралич жағдайына қарамастан, инфляция бойынша деректер әйтеуір жарияланды — және олар сарапшылардың күткенінен сәл жақсырақ болды. Алақай!
Бұл жаңалық, әрине, нарық қатысушыларына сенімділік беріп, келесі аптада ФРЖ (Федералдық резерв жүйесі) мөлшерлемені тағы 0,25 пайыздық пунктке төмендетеді деген үмітті күшейтті.

Екіншіден, есептілік маусымы. Ол таңғаларлықтай серпінді әрі тіпті шамадан тыс оптимистік өтіп жатыр. Өткен аптаның соңына қарай S&P500 индексіне кіретін 143 компания есеп берді, олардың 87%-ы табыс бойынша, ал 83%-ы кіріс бойынша сарапшылардың болжамынан асып түсті. Бұл компаниялардың үшінші тоқсандағы табысы жылдық есепте 10,4% өсіп, ал болжам 8,8% болған еді.
Тағы да алақай! — қуанышты инвесторлар қалпақтарын аспанға ұшырды.

Осы деректерге қарағанда, америкалық жетекші индекстердің аптаны өздерінің тарихи максимумдарында аяқтауы таңғаларлық емес: Dow Jones — 47 000 пункт, S&P500 — 6800 пункт, NASDAQ Composite — 23 000 пункт.

Америкалық әріптестерінен қалыспауға ITS индекс отбасы да тырысты. Алайда олардың ішінде тарихи максимуммен жабылғаны тек ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексі болды — апта ішінде ол +1,66% қосты. Бұл заңды да, өйткені оның портфеліне АҚШ-тың жетекші компанияларының қағаздары кіреді. Ал ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі де аптаны ұқсас өсіммен (+1,36%) аяқтаса да, өз тарихи шыңына сәл жете алмай қалды. Бұған себеп — қытай компанияларының акциялары. Ұзақ уақыттық Қытайдағы күзгі демалыстардан кейін олардың қағаздарына сұраныс төмен болды. Нәтижесінде олар жетекші қытай индекстерін (әсіресе Shanghai Composite пен Hang Seng) және құрамында қытайлық технология алпауыттары бар ITSW индексін төмен тартты немесе тым жылдам өсуге мүмкіндік бермеді.

Сол мінсіз өсімнің ұқсас көрінісін салалық деңгейде де байқауға болады. 11 сектордың 8-і аптаны сенімді өсіммен жапты. Ең жақсы нәтиже көрсеткен — энергетикалық компаниялар, олардың акциялары орта есеппен +2,72% өсті. Мұнай бағасының 7% көтерілуі мұнда ешкімді таңғалдырған жоқ. Қуантатыны — шағын үзілістен кейін ірі технологиялық компаниялардың акцияларына сұраныс қайта арта бастады, олар аптаның ішінде орта есеппен +2,43% қымбаттады. Мүмкін, бұл инвесторлардың «Керемет жетілік» деп аталатын компаниялардың тоқсандық есептерін күтіп, алдын ала акция сатып ала бастағанының нәтижесі шығар.

Қысқасы — бәрі өсіп жатыр! Қазір нарықтағы жағдайды анықтап тұрған да — осы. Тек бір нәрсе ғана үрей тудырады: бұл өсім тым керемет әрі түзетусіз жүріп жатыр. Екі күндік кідіріс пен индекстердің бірнеше пайызға төмендеуін түзету деп санау қиын. Бұл — түзету емес, қарапайым тыныс алу сәті сияқты. Ал енді сол жолда қаншаға дейін жетеді — міне, нақты сұрақ осы.

 

Индекс\тикер

Баға белгіленімі

Өзгеріс (%)

DJIA (DJI)

47 207,1

+1,01

S&P500 (SPX)

6 791,69

+0,79

NASDAQ Comp. (IXIC)

23 204,9

+1,15

ITS WORLD (ITSW)

1 518,84

+0,34

ITS Shariah (ITSS)

1 527,57

+0,16

 

27 қазанға нарық болжамдары

Болжаушыға барудың да қажеті жоқ — бұл апта ерекше күрделі әрі маңызды экономикалық оқиғаларға толы болатыны қазірдің өзінде анық. Бір ғана АҚШ ФРЖ-ның (Федералдық резерв жүйесі) ашық нарық жөніндегі комитетінің (FOMC) отырысының өзі неге тұрады! Әрине, барлығы сәрсенбі күні өтетін баспасөз конференциясын және ФРЖ төрағасы Джером Пауэллдің мәлімдемесін тағатсыздана күтуде.
Мөлшерлемені ФРЖ төмендететініне ешкім күмән келтірмейді — бірақ басты сұрақ: қандай түсіндірме беріледі?

Дегенмен FOMC отырысы — бұл аптаның басты оқиғасы болғанымен, жалғыз жаңалық емес. Нарық қатысушылары үшінші тоқсанның ЖІӨ және инфляция (PCE индексі) бойынша мәліметтерді де «дәм татуға» үміттеніп отыр. Бірақ бұл әзірге нақты емес, өйткені АҚШ үкіметі әлі де “демалыста” және осы аптада жұмысқа шығуды жоспарлап отырған жоқ.

Ал міндетті түрде болатыны — бұл тоқсандық есеп беру маусымы. Кез келген «талғам мен түске» сай компаниялар есеп ұсынбақ. Қазіргі апта — биылғы есеп беру маусымының орталық кезеңі болмақ. Тек «Керемет жетілік» компанияларының бесеуінің есеп беруінің өзі көп нәрсені аңғартады: Сәрсенбі күні сауда жабылған соң есептерін: Microsoft (MSFT), Alphabet (GOOGL) және Meta Platforms (META) ұсынады; Ал бейсенбіде — Apple (AAPL) және Amazon (AMZN). Бұл аптаның ең жарқын жұлдыздары, әрине, осылар, бірақ бұлармен шектелмейді. S&P500 индексіндегі тағы жүзге жуық компания да алдағы күндері 2025 жылдың үшінші тоқсанындағы нәтижелерін жариялайды. Осы апта аяқталған соң қазіргі есеп беру маусымының аралық қорытындысын шығаруға болады. Бұл деректер өткен аптадағыдай жақсы болады деп үміттенейік.

Ал демалыстан кейінгі әлемдік қор нарықтарының көңіл күйіне келсек, мұнда да оптимизм басым.
Инвесторлардың көңілін көтеріп отырған басты фактор — ФРЖ сейсенбі–сәрсенбі күндері пайыздық мөлшерлемені тағы 0,25%-ға төмендетеді деген сенім.

Оған қоса, АҚШ пен Қытай келіссөз жүргізушілерінің өткен демалыста Малайзияның Куала-Лумпур қаласында алдын ала сауда келісіміне келуі туралы хабар қосымша оптимизм тудырды. Бұл хабар алдағы апта соңында Оңтүстік Кореяда өтетін саммитте АҚШ Президенті Дональд Трамп пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасында тиісті келісімге қол қоюға жол ашты.

АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент: «Екі тарап та жаңа тарифтер енгізуді кейінге қалдыруға және Қытайдың сирек металдар экспортына жоспарланған шектеулерін тоқтатуға келісті», — деп мәлімдеді. «Менің ойымша, біз Қытаймен мәмілеге келеміз», — деді Трамп жексенбі күні журналистерге. Осы жаңалықтардың аясында Қытай мен Гонконг нарықтарында қытай компанияларының акцияларының бағасы көтерілді, сондай-ақ АҚШ негізгі индекстерінің фьючерстері де жоғарылады. Орташа өсім шамамен 1% деңгейінде: Қытайда сәл жоғары, ал АҚШ-та сәл төмен.

Бірақ бәрінен де Жапония нарығында жағдай жақсы:
жапон компанияларының акциялары жаңа тарихи максимумдарға жетті.
Nikkei 225 индексі рекордтық раллиін жалғастырып, 2%-ға жуық өсіп, тарихта алғаш рет 50 000 пункт межесінен асты.

Инвесторлар жаңа премьер-министр Сэнаэ Такаити — жұмсақ фискалдық саясаттың жақтаушысы — экономиканы қолдау мақсатында қосымша ынталандыру шараларын енгізеді деп үміттенуде.

Қорыта айтқанда, әзірге бәрі аса оптимистік көрінеді.
Жалғыз тілек — инвесторлардың “мәңгі өсім мерекесін” бұзатын ештеңе болмаса екен.
Дегенмен, қуанышқа мастанбаған жөн: портфельді хеджирлеу, яғни қорғаныс мақсатында аздаған PUT-опцион сатып алу, ешқашан артық болмайды.