2025 жылғы 24 маусымдағы сауда-саттықтың қорытындысы

Жеңіс. Өткен сейсенбіні жеңіс күні деп жариялауға барлық негіз бар. Израиль жеңіске жеткенін жариялады. Иран жеңіске жеткенін жариялады. Президент Трамп тамаша жеңіске жеткенін жариялады. Әлбетте, қор нарығындағы инвесторлардың да сейсенбінің қорытындысы бойынша жеңіске жеткенін жариялауына болады. Бірақ бұл шынайы жеңіс екендігіне кейбір күмән бар. Бірақ біздің әлемде бәрі де салыстырмалы! Сол себепті, қалай болғанда да, бұл жеңістің қор нарығына тигізген әсерін өз көзімізбен көріп отырған жайымыз бар.

Кешегі күн нарыққа қатысушылардың батыл оптимизмі жағдайында басталды, сауда-саттық барысында қандай да бір олқылық, түзету және пайданы тиянақтап алу болған жоқ. Негізгі сауда сессиясының соңғы минуттарында ғана бағаның аздап төмендегенін байқадық, бұл күн алыпсатарларының позициядан шығуымен түсіндіріледі.

Нәтижесінде барлық жетекші американдық индекстер S&P500 кең нарық индексі бойынша +1,11% бастап, NASDAQ COMPOSITE индексі бойынша +1,43% дейін қосып, сенімді плюспен жабылды. Бұл орайда соңғысының «інісі» – NASDAQ 100 индексі тіпті үстіміздегі жылдың 19 ақпанында жасалған тарихи максимумын сәтімен қайта жазды. Бірақ осындай жетістікке жеткен NASDAQ 100 индексі ғана емес. Кешегі күннің қорытындысы бойынша 1283,28 тармақ белгісінде жабылған ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексі де өзінің ATH (all time high) көрсеткішін жаңартты.

Кеше салалар деңгейінде орын алған көрініс те нарықта жаппай оптимистік көңіл-күй орнағанын айғақтайды. 11 сектордың 9-ы күнді плюспен аяқтады. Мұнай-газ секторының акциялары ғана залал шекті – ондағы орташа шығын 1 пайыздан асты (-1,08%). Бірақ мұнда таңғаларлық ештеңе жоқ, өйткені қара алтынның баға белгіленімі қарыштап құлдырап жатыр – кеше ол 5 пайыздан астамға құлады.

Сауда-саттық күнінің қорытындысы бойынша үздік болып орташа есеппен 2 пайыз қосқан (+2,00%) технология секторының акциялары атанды. Бірақ мұнда да күтпеген жағдай болды. Нарықта оптимизм артып келе жатқан тұста технологиялық компаниялардың акциялары әрқашан жалпы нарық өсуінің негізгі драйверлері болады. Ендеше, кешегі күннің қорытындысы бойынша ITSS индексінде табыстылық көрсеткіштері бойынша үздіктердің бірінші ондығына технология секторы компанияларының бақандай 8 акциясы кірді. Айта кететіні, бұл Advanced Micro Devices (AMD), Oracle (ORCL) немесе Broadcom (AVGO) сынды американдық компаниялар ғана емес, олардың қатарында Азия мен Еуропадағы технология көшбасшыларының да (Taiwan Semiconductor Manufacturing (TSM) и Sap SE (SAP)) акциялары бар.

Кеше жағдайы әжептәуір болған және күн қорытындысы бойынша +0,86% қосқан ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексінде американдық бигтех компанияармен қатар жетекші қытай компаниялары жөн сілтеді. Трамптың жеңісінен Азия да хайп жасап жатыр, сөйтіп азиялық индекстер жапырылыса биікке шарықтап барады. Гонконгтың Hang Seng индексі тіпті 3 ай бұрын болған жергілікті максимумына жақындады. Бұл индексте, сондай-ақ ITSW индексінде де Қытайдың Alibaba (BABA), Baidu (BIDU), JD.com (JD), NetEase (NTES) сияқты ең әйгілі компаниялары және тағы да көптеген басқасы жөн сілтеп отырды.

Көріп отырғанымыздай, барлық нарықта толығымен оптимизм орнады. Төбесі көкке жеткен инвесторлар іс жүзінде барлық нарықта – Еуропа, Азия және АҚШ-та да акцияларды қуана-қуана сатып алуда. Болжам жасалғандай, кейбір жаһандық индекстер өздерінің тарихи максимумы деңгейіне жетті, ал кейбіреулері тіпті одан асып кетті де. Дегенмен, «Бұл өсім қаншалықты нық болады?» деген сұрақтың жауабы әзірге белгісіз. Бұл жеңіліске бара-бар Пирр патшаның жеңісі болып шықпай ма? Кеше АҚШ Конгресінде жарты жылдың есебін беріп сөз сөйлеген АҚШ ФРЖ Төрағасы Джером Пауэллдің көптеген нарыққа қатысушыдан айырмашылығы, оның рухы көтеріңкі емес еді – ол ФРЖ мөлшерлемені төмендетуге асықпайтынын және тарифтің көтерілу қаупі бар, бұл өз кезегінде инфляция өсуінің жаңа толқынын тудыруы мүмкін екенін тағы да атап өтті. Сондықтан қазір нарықтың өсіп жатқанына қуанып, одан ақша табуға тырысайық, бірақ ақыл мен парасатқа жүгінейік.