Жаңа жылдың жаңа рекордтары
Жаңа жыл сенімді түрде басталды, және ескі жылдың құрсауынан арылған нарық қайтадан жоғары қарай ұмтылды. Қаңтардың алғашқы күндерінде әлі де «жаңа жылдық серпіліс» сезіліп, баға белгіленімдері тіпті сәл түзелуге де тырысқан еді, алайда кейін оптимизм мен есеп беру маусымының жақын арада басталатынына деген үміт басымдық беріп, бағалар да жоғарылай түсті. Нәтижесінде бірінші онкүндіктің соңына қарай АҚШ-тың барлық жетекші индекстердің бірі өздерінің тарихи ең жоғары деңгейлерін жаңартты (Dow Jones (DJIA) және S&P 500 сияқты), енді бірі сол деңгейлерге өте жақын орналасты (NASDAQ Composite). Бұл ретте ең жақсы нәтижені «ақсақал» Dow көрсетті – ол жыл басынан бері тұтастай 3% өсім көрсете алды.
Бұл жерде жаңа жылды тек Америка ғана емес, басқа да нарықтар жақсы бастағанын атап өткен жөн. Қалған халықаралық нарықтар да алғашқы сауда күндерінің қорытындысы бойынша өзін өте жақсы сезінуде. Бұл ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі өсімінен көрініс тапты: ол америкалық әріптестері сияқты жылды жаңа тарихи биіктерді бағындырудан бастап, 1560,1 пункт деңгейіне жетіп, 1 қаңтардан бері 1,87% қосты.
Ал ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексі осы уақыт ішінде өсім көрсеткенімен, ол таза символикалық деңгейде ғана болды – бар болғаны 0,14%. Мұндай төмен өсімнің себебі жаңа жылдың алғашқы күндерінде сұраныстың технологиялық компаниялар акцияларынан (ал ITSS индексінде дәл осы компаниялар негігі саналады) шикізат және өнеркәсіп компанияларының қағаздарына ауысуында болды. Әсіресе шикізат компаниялары жақсы нәтиже көрсетті – олар бірінші онкүндікте орта есеппен шамамен 6% өсті. Дегенмен бұл өсім негізінен қымбат металдарды (ең алдымен Newmont Corporation) және мыс өндірушілердің (Freeport-McMoRan) акцияларына деген жоғары сұраныс есебінен қамтамасыз етілгенін атап өткен жөн.
Ал технологиялық компанияларға келсек, бұл сегментте жақсы сұраныс негізінен чип әзірлеушілер мен өндірушілердің (Intel (INTC), Micron Technology (MU) және Microchip Technology (MCHP)), сондай-ақ Lam Research (LRCX)жартылай өткізгіш өнеркәсібіне арналған жабдық өндірушілердің акцияларына ғана сақталды.
Технологиялық компаниялар туралы сөз қозғағанда, 2025 жылдың басты кейіпкері – SanDisk (SNDK) компаниясын айналып өту мүмкін емес. Бұл компанияның акциялары 2025 жылдың қорытындысы бойынша S&P 500 индексіндегі сөзсіз ең үздік көрсеткішке қол жеткізіп, осы кезеңде 577% өсім көрсетті. Ал жаңа жылдың алғашқы күндері көрсеткендей, бұл қағаздарға деген сұраныс бәсеңдемек емес: соңғы бір аптаның өзінде олар тағы 54% қосты. Бұл – нағыз фантастика!
Нарықта мұның нақты әрі ұғынықты түсіндірмесі жоқ, сондықтан мұнда Nvidia (NVDA) бас директоры Дженсен Хуангтың CES 2026 көрмесінде айтқан пікіріне ғана сүйенуге болады. Ол қазіргі таңда жасанды интеллектке арналған деректерді сақтау жүйелеріне сұраныс ұсыныстан едәуір жоғары екенін атап өтті. Дәл осы жағдай SanDisk секілді компаниялар үшін бірегей артықшылық қалыптастырады – яғни, қанықпайтын сұраныс бар нарықта мердігер болу мүмкіндігін береді.
Осылайша қор нарығындағы жыл позитивті нотада басталды. Желтоқсан айында сөз болған нарықтың артық сатып алынуы жайлы алаңдаушылық бүгінде ұмыт қалғандай. Сондықтан егер жаңа корпоративтік есеп беру маусымы сәтті басталса, нарықтың жалпы өсімін де, сәйкесінше индекстердің өз тарихи максимумдарын қайта жаңартуын да күтуге болады.
12 қаңтарға нарық болжамдары
Алдағы апта нарықтың кейінгі перспективаларын айқындау тұрғысынан аса маңызды болмақ. Оның үстіне бұл маңыздылық макроэкономикалық деректердің жариялануы болсын, жаңа корпоративтік есептіліктің шығуы тұрғысынан болсын – барлық қырынан көрінеді.
Макроэкономикалық деректер бұрын-соңды болмағандай маңызды болады. Ақырында «шатдауннан» кейін инфляция бойынша мәліметтер уақытында, кідіріссіз жарияланбақ. Сейсенбі күні тұтынушылық инфляция бойынша деректер (CPI индексі), ал сәрсенбіде бөлшек сауда көлемінің динамикасы және өндірушілер деңгейіндегі инфляция (PPI индексі) жарияланады. Осы деректердің барлығы бірге АҚШ экономикасының мереке алдындағы жай-күйін көрсетіп, пайыздық мөлшерлемені одан әрі төмендету қарқынына қатысты болжамдарға, әрине, әсер етеді. Егер жаңа корпоративтік есеп беру маусымының басталуы болмаса, бұл сөзсіз аптаның басты оқиғасы болар еді.
Сейсенбіден бастап ірі банктердің есептілігін жариялау басталады және ол осы аптаның соңына дейін үздіксіз жалғасады. Болжам – позитивті, бірақ… белгілі болғандай, банк есептілігі – өте айлалы дүние және жағымды да, онша жағымды емес те көптеген тосынсыйлар ұсынуы мүмкін. Соған қарамастан, жақсыға үміт артқымыз келеді. Егер бәрі ойдағыдай өтсе, осы аптада тарихи оқиғаның куәсі болуымыз әбден мүмкін: S&P 500 индексі 7000 пункт деңгейіне жетіп, ал көк фишкалар индексі Dow Jones 50 000 пункт шегінен асады.
Алайда бұған қоса, өткен демалыстан кейін пайда болған саяси негативті де еңсеру қажет болады. Егер қор нарығына қосымша қиындықтар тудырмаса, Трамп Трамп болмас еді. Дүйсенбі күні таңертең АҚШ Әділет министрлігі өткен жазда Конгресте ФРЖ ғимаратын қайта жаңғырту жобасына қатысты берген айғақтары бойынша ФРЖ төрағасы Пауэллге қатысты қылмыстық тергеу бастағаны туралы жаңалық барлық инвесторларды қатты алаңдатты.
Нарық қатысушылары бұл хабарға өте мазасыз реакция берді, соның салдарынан америкалық негізгі индекстерге арналған фьючерстердің баға белгіленімдері бірден төмендеп, жұма күнгі жабылу деңгейімен салыстырғанда 1%-ға дейін жоғалтты. Бұл жаңалыққа жауап ретінде Пауэлл «мәселе ФРЖ алдағы уақытта да пайыздық мөлшерлемелерді дәлелдер мен экономикалық жағдайларға сүйене отырып белгілей ала ма, әлде ақша-несие саясаты саяси қысым немесе қорқыту арқылы айқындала ма дегенге келіп тіреледі» деп мәлімдеді. Мұндай қадам ФРЖ-ның дербестігіне ұзақ мерзімді салдар әкелуі мүмкін екені баршаға түсінікті. Сондықтан осындай жаңалық аясында инвесторлардың бүгінгі күні қалай әрекет ететіні әзірге толық айқын емес.
Соған қарамастан, қазіргі сәтте позитивті көңіл-күй әлі де сақталып отыр және нарықтың қандай да бір кері бұрылысы туралы әзірге сыбыс жоқ.