2025 жылғы 4 маусымдағы сауда-саттықтың қорытындысы

Сейсенбі күні нарық біршама жақсы, бірақ ойда жоқта өскеннен кейін, бұл үрдіс сәрсенбіде де қайталанады деп ешкім күтпеген де шығар. Бірақ сәрсенбідегі сауда-саттық әрқашан қатты шиеленісуімен ерекшеленеді, сондықтан оның нәтижесін болжау аса қиын болды. Шындығында, сәрсенбінің сауда-саттығы, сайып келгенде, шиеленісті, жүйке тоздыратын жағдайда, бірақ нақты айтқанда нәтижесіз өтті.

АҚШ пен Қытай басшылары жұма күні телефон арқылы келіссөз жүргізеді деген хабардан қуанышы қойнына сыймаған және бұдан зор үміт күтетін инвесторлардың ықпалымен әлемдік қор нарықтарының көпшілігі (әсіресе азиялық нарықтар) таңертеңнен бастап аздап өсіп жатты. Олардың бұл қуанышы шын болды ма, жоқ па – белгісіз, бірақ нарықта біршама позитив болғанын мойындау керек. Сондай-ақ сауда-саттық басталарда шыққан макродеректер де нарыққа қатысушылардың көңілін жайлайтын шығар деп күтілді. Өкінішке орай, олай болған жоқ. ADP агенттігі хабарлағандай, ауылшаруашылық емес секторлардағы жаңа жұмыс орындарының саны мамыр айында небары 37 мың болды, ал болжам бойынша 111 мыңға жетуі керек еді. Бұл 2023 жылдың наурызынан бері ең нашар нәтиже.

Сондай-ақ әйгілі Dollar Tree (DLTR) бөлшек сауда желісі компаниясының тоқсандық есептілігі де инвесторлардың көңілін түсіріп жіберді – сайып келгенде алымның әсерінен оның өткен тоқсандағы пайдасы 50% төмендеді. Нәтижесінде бұл компанияның акциялары «нарық аюларының тепкініне» ұшырап, сауда-саттық күнін 8%-дан астам (-8,37%) шығынмен аяқтады.

Мұның бәрі қосылып «нарық бұқаларының» баға белгіленімін әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік бермеді (бірақ олар бұған өте ықыласты еді!), сөйтіп сатып алушылар мен сатушылар бұл күнді сұрапыл күреспен өткізіп, қарсыластар тең түсті.

Dow Jones (DJIA-30) көгілдір фишкалар индексі бұл күні -0,22% жоғалтса, NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексі керісінше бір күнде +0,32% қосты. Осы орайда атап өтетіні, осынау кішігірім өсуден кейін соңғысы жыл басынан бері бірінші рет «жасыл аймаққа» оралды, мұның өзі бір жетістік.

Ал Америка нарығының негізгі бенчмаркы – S&P500 индексі бір орында тұрып, нәтижесінде таза символдық 0,44 тармақ немесе басқаша көрсеткенде +0,01% өсті. Бірақ сауда-саттық барысында бұл индекс 6 000 тармақ шамасындағы өзінің өте маңызды «кедергі аймағына» көтерілуге тырысты. Дегенмен, оның бұл талпынысы сәтсіз аяқталды, сөйтіп S&P500 сол күйі сейсенбі күнгі жабылу деңгейінде қалды.

ITS тобы индекстерінің жағдайы да осындай болды. Егер ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексі кешегі күні 0,1% жоғалтқан болса, ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі тарихи максимумын жаңартуға бір шағын қадам жасап, бір күнде тағы 0,5% өсті. Енді оның шыңына жету үшін небары 3 тармақтан өтуі немесе 0,3% жетер-жетпес өсім жасауы керек.

Тағы да айта кететін жайт, ITSW индексінің өсуін қазіргі уақытта негізінен американдық емес, еуропалық және азиялық эмитенттердің акциялары қамтамасыз етті. Мәселен, кешегі күннің қорытындысы бойынша олардың алғашқы ондығында американдық компаниялардың 3-ақ акциясы бар – бұл Meta Platforms (META), Eli Lilly (LLY) және Broadcom (AVGO). Оның үстіне, бұл акциялар бірінші орындарда тұрған жоқ. ITSW индексінде үздік нәтиже көрсеткен – Нидерландының микрочип өндірушісі NXP Semiconductors NV (NXPI) және Люксембургтің Spotify Technology S.A (SPOT) компанияларының акциялары. Олар бір күннің ішінде өзінің капиталдануына тиісінше 5,56 және 4,47 пайыз қосты.

Қалай дегенде де, жалпы өткен сәрсенбі нарықтағы күштер арақатынасын түк те өзгертпеген еш ерекшелігі жоқ қатардағы күн болып шықты. Көріп отырғанымыздай, онда жағымды жаңалықпен (NASDAQ индексі жыл басынан бері плюске қайтып оралды) қатар, келеңісіздік те бар. Соңғысына S&P500 индексі бойынша техникалық кескінді жатқызуға болады – онда техникалық талдау теориясында кері өзгеріске әкелетін мықты фигура екені белгілі қосарлы шың көріне бастады. Бірақ кері өзгеріс бола ма, жоқ па, мұны алдағы бірнеше күнде білетін шығармыз.