Naryk.kz: Нарыққа апталық шолу: инвесторлар назарында ЖИ мен бұлтты технологиялар

Өткен аптада S&P500 индексіндегі үздік 10 акцияның сегізі технологиялық компанияларға тиесілі болды. Warner Bros. Discovery Inc. акцияларын бөлек қарастырғанда (олардың өсуі Paramount Skydance Corp сатып алуымен байланысты), инвесторлардың басты назарында жасанды интеллект пен бұлтты технологиялар екені анық байқалды, деп жазады нарыққа апталық шолуында ITS биржасы сарапшылары.

Intel акцияларының өсуі

Intel (INTC) акциялары бір апта ішінде 20% қымбаттады. Бұған бірнеше фактор әсер етті:

  • АҚШ үкіметінің 9 млрд доллар көлемінде қолдауы;
  • SoftBank-тің 2 млрд доллар қосымша қаржы беруі;
  • NVidia (NVDA) компаниясының Intel-ге 5 млрд доллар инвестиция салатыны туралы хабар.

Осылайша, Intel жалпы 16 млрд доллар көлемінде ресурсқа ие болып, инвестициялық бағдарламаларын қаржылық тепе-теңдікке зиян келтірмей жалғастыру мүмкіндігіне қол жеткізді.

Intel мен NVidia ынтымақтастығы

Intel мен NVidia арасындағы әріптестік Advanced Micro Devices (AMD) компаниясына қарсы бағытталған. Кейінгі жылдары AMD процессорлары деректерді өңдеу орталықтары мен компьютерлер нарығында Intel-дің үлесін азайтып келеді.

Intel GPU мен CPU-ды біріктіруді бастады, бұл NVidia үшін тікелей бәсекелестік. NVidia, өз кезегінде, дата-орталықтардағы жетекші позициясын сақтап қалумен қатар, ноутбуктар нарығына шығуға да ұмтылып отыр.

Болашақта Intel процессорлары мен NVidia графикалық процессорлары NVLink арқылы біріктіріліп, ноутбук сатып алушыларға қуатты интеграцияланған нұсқа ұсынылады. Сонымен бірге, Intel NVidia үшін серверлерге арналған арнайы x86 процессорларын өндіреді. Бұл Intel үшін маңызды жетістік болмақ, өйткені кейінгі бес жылда компания деректер орталықтарында AMD-ге айтарлықтай нарық үлесін жоғалтқан еді.

Технологиядан тыс сектор

TOP-10 ішінде технологиялық емес жалғыз компания – Albemarle Corp (ALB). Albemarle – әлемдегі ең ірі литий өндірушілерінің бірі. Литий аккумуляторлар, электроника және энергия сақтау жүйелері үшін негізгі шикізат саналады.

2025 жылдың тамызында литий карбонатының бағасы жылдық максимумға жетті. Бұған Қытайдың аккумулятор өндірушісі CATL компаниясының лицензия мерзімінің аяқталуына байланысты кен орнындағы жұмысын уақытша тоқтатуы себеп болды. Бұл фактор Albemarle акцияларының өсуіне ықпал етті. Алайда CATL жақын уақытта өндірісті қайта бастамақ, бұл литий бағасының төмендеуіне және сәйкесінше Albemarle акцияларының құнына әсер етуі мүмкін.

Қорытынды

Өткен аптада түрлі секторларда бірқатар маңызды оқиға тіркелгенімен, басты назарда технологиялық компаниялар болды. Олардың жаңалықтары инвесторлардың көңіл-күйіне тікелей ықпал етті.

 

(c) Naryk.kz https://naryk.kz/news/naryqqa-aptalyq-sholu-investorlar-nazarynda-ji-men-bultty-tehnologialar