2025 жылғы 1 сәуірдегі сауда-саттықтың қорытындысы

Сейсенбі күнгі сауда-саттық қазір нарықта белгісіздік орнағанын айдай анық көрсетті. Көптеген акцияның баға белгіленімдері кешегі сауда-саттық күні бойы біресе жоғары шарықтап, біресе төмен құлдыраумен болды. Бұған басы қатқан инвесторлар не істеу керегін білмей дал болды. Жекелеген акциялардан «үлгі алған» жетекші индекстер де «құбыла көрінген жарық пен көлеңкеге» кезек-кезек еніп, сауда-саттық сессиясының ішінде бірде жасылға, бірде қызылға боянып 4 рет нөл аймағының қойнауына сүңгіп үлгерді. Сайып келгенде осындай кішігірім шабыстың арқасында сауда-саттықтың соңғы сағатында нөлден жоғары белгіге жеткенде «жүрегі тынышталып», S&P500 және NASDAQ Composite индекстері тиісінше +0,38% және +9,87% қосты. Ал бұған қолы жетпей қалған олардың «жолы үлкен жолдасы» – Dow Jones индексі күнді -0,03% азғантай шығынмен аяқтады. Dow индексі ахуалының нашар болуының басты себебі - Johnson & Johnson (JNJ,-7,59%) фармацевтика алпауыты акцияларының баға белгіленімінің құлдырағаны. Бұл балаларға себетін ұнтағы аналық бездің қатерлі ісігін тудырады деп JNJ компаниясын айыптаған тұтынушылардың қуынымы бойынша оның 10 млрд. доллар төлеу жөніндегі ұсынысын сот қабыл алмай қойғаннан кейін болған жағдай. Ең жаманы, бұл JNJ компаниясымен шектелген жоқ! Оның зардабын барлық ірі фармацевтика компаниялары көріп отыр, сөйтіп күннің қорытындысы бойынша Healthcare секторы орташа есеппен алғанда 2 пайызға жуығын (-1,84%) жоғалтып бүкіл мүшкіл халге жетті.

Абырой болғанда, big pharma-дағы жаппай сатылым ITS тобының акцияларына күнді оң нәтижемен аяқтауына кедергі болған жоқ. Иә, аса ірі фармацевтикалық компаниялардың акциялары қос индекс портфельдерінде – ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексінде де, ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексінде де ең нашар атанды. Күннің қорытындысына қарағанда, индекстің екеуі де тиісінше +0,59% және +0,83% өсті. Көп жағынан бұл портфельдердің жақсы әртараптандырылуының арқасында мүмкін болды.

ITSS исламдық қағаздар индексінде басты рөл Американың Tesla (TSLA), ServiceNow (NOW), Microsoft (MSFT), NVidia (NVDA) және Oracle (ORCL) сияқты жетекші технологиялық компанияларының акцияларына тиесілі болды. Олар жапырылыса өрістеп 1,5 – 2 пайыздан қосты, ал Tesla тіпті 3,5% жоғарылады. Ал ITSS жаһандық нарық компанияларының индексінде Израильдің Monday.com (MNDY) софтвер компаниясы акцияларының көш бастағаны күмәнсіз – оның баға белгіленімдері бір күн ішінде 8 пайызға жуық (+7,82%) шарықтады. Айтпақшы, кеше капиталдануына 3,04% қосқан Израильдің тағы бір компаниясы – CyberArk Software Ltd (CYBR) ерекше көзге түсті. Оларға сол баяғы Tesla-ның, сондай-ақ Қытайдың NetEase (NTES) және Li Auto (LI) сынды компаниялардың акциялары қосылды. Әр түрлі ел компанияларының осындай үйлесім құруының арқасында ITSW индексі қазір нарықта қалыптасып отырған өте қиын жағдайда «өзін біршама жақсы сезініп отыр».

Көріп отырғанымыздай, қазір қандай да бір өте нашар немесе өте жақсы нәрсе болып жатқан жоқ. Нарыққа қатысушылар жаңа тарифтердің күшіне кіруі қарсаңында аңысын аңдау айқындамасын ұстанып отыр. Осынау «заманалық» оқиға бүгін, 2 сәуір, сәрсенбі күні болуы керек. Міне сонда нарықта шынымен де күшті қозғалыс болады деп болжай аламыз. Дегенмен, нарықтың ендігі беталысы қандай болатыны әзірге мүлдем беймәлім.