2025 жылғы 23-27 маусымдағы сауда-саттықтың қорытындысы

Өткен апта ерекше сәтті болды. Тіпті күтпеген жерден сәтті болды деуге негіз бар. Мұндай табыстың басты себебі Иран – Израиль қақтығысының сөзсіз, сәтті және тез аяқталуы екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Инвесторларға бұл оқиғаның әсер еткені соншалық, олар алды-артына қарамай акцияларды сатып алуға «тұра жөнелді». Бұл ең алдымен сала бойынша алып қарағанда айқын көрінеді: экономиканың 11 секторының 9-ы аптаны батыл плюспен аяқтады. Осы орайда өсіп келе жатқан нарықта көшбасшы болуы керек секторлардың компанияларының акциялары көш бастап тұр. Ең әуелі, бұл Communication Services секторындағы жетекші технологиялық компаниялар (бір аптадағы орташа өсуі +5,73%), Технология секторының өзінің (+4,81%) және Consumer Cyclical секторының (+4,07%) компаниялары.

Өткен аптада жолы болмаған «бейбақтардың» қатарында негізінен Energy секторындағы мұнай-газ компанияларын атаған орынды, олар бұл уақыттың ішінде орташа есеппен 3 пайызға жуық (-2,98%) шығынға батты. Осы уақытта қара алтынның баға белгіленімі шамамен 13 пайыз (-12,8%) төмендегенін ескерсек, олардың шығыны өте көп болмағаны тіпті таңғаларлық.

Қысқасы, бұл хайп аптасы болып шықты, бұған тіпті өткен аптада екі күн қатарынан сөз сөйлеген ФРЖ Төрағасы Джером Пауэлл де, АҚШ президенті Дональд Трамптың өзі де кедергі жасай алмады. Бірақ соңғысы жұма күні қор нарығындағы негізгі сауда сессиясының нағыз қызған шағында кенеттен Канадамен сауда келіссөзін жүргізуді тоқтататынын жариялап, бәрінің жұмысын бұза жаздағаны рас. Нарыққа қатысушылардың бұл мәлімдемеге жауап реакциясы көп күттірген жоқ және, әлбетте, өте жағымсыз болды. Абырой болғанда, сауда-саттықтың аяқталуына әлі бір-екі сағат бар еді, бұл уақыт аздап тынышталып, ес жиып, осынау сәтті аптаны жағымды хайп толқынында аяқтауға жеткілікті болды.

Нәтижесінде күтпеген жерден барлық жетекші американдық индекстер рекордтық белгілеріне жетіп, оларды айтарлықтай оңай жаңартты. Мұны Dow Jones (DJIA-30) индексі ғана істей алмады, ол мақсатына жетуге барын салды және тіпті бір аптаның ішінде «кіші әріптесі» S&P500 кең нарық индексінен көбірек өсті: Доу +3,82% болса, СиПи +3,44%, бірақ сонда да рекордтық 45 мың тармағына жете алмай қойды. Өйткені оған дейін ол тым қатты құлдыраған еді. Ал S&P500 және NASDAQ Composite индекстерінің жолы болды. Және жоғарыда айтып өткеніміздей, олар мұны батыл және артығымен жасады. Америка нарығының негізгі бенчмаркы S&P500 индексі 19 ақпандағы ATH көрсеткішін қайта жазып, нәтижесінде нарық жабыларда 6 173 тармақ белгісіне көтерілді. Ал NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексі өткен жылдың 16 желтоқсанындағы рекордын жаңартып, 20 273 тармақ белгісіне жетті. Өте тамаша!

Бірақ өткен аптаның қорытындысы бойынша ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексі одан да жақсы нәтиже көрсетті: ол өзінің рекордтық тарихи максимумдарын төрт рет (!!!) жаңартты және оның 1300 тармақ сияқты дөңгелектелген цифрға жетуіне азғана қалды. Оның «әріптесі» – ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі де бұл процестен шет қалмай, аптаның соңында 1338 тармақ белгісіне көтеріліп, тарихи хай көрсеткішін жаңартты.

Қысқасы, барлығы рекорд жасады. Әрине, бұл инвесторларды қуантатын жайт. Нарық өткен аптаны, айды және тоқсанды рекордтық белгілерге жетіп аяқтап, болашаққа нық сеніммен қарайды. Инвесторлардың көңіл-күйі жақсарғаны анық, демек үрейдің азайғаны да даусыз. Бұл Америка нарығына ғана емес, жалпы әлемдік қор нарығына да қатысты жағдай. Мысал ретінде Гонконгтың Hang Seng индексін алуға болады – ол да өткен аптада өзінің максимумдарын (жергілікті) жаңартып, соңғы рет 2022 жылдың қаңтарында жеткен белгілерге шықты.

Олай болса, әзірге инвесторлардың осындай позитивті көңіл-күйде екеніне және соңғы аптада көрініс берген өсу қарқынына қуанған жөн. Дегенмен, қырағылық танытуымыз керек екені даусыз. Сәтті күндерден кейін сәтсіздік те болатынын баршамыз білеміз. Сондықтан тоқмейілсу ойымызда да болмау керек.